Аймақтар • 04 Маусым, 2017

Ақтөбеде мемлекеттік рәміздердің маңыздылығы жөнінде дөңгелек үстел өтті

315 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ халқы көптен күткен тәуелсіздікке қол жеткізді, егемен мемлекет болды. Биыл егеменді ел болғанымызға да 26 жыл. Өз тәуелсіздігімізге аяқ басқан кезеңде төл рәміздер дүниеге келді. Кез - келген ел тәуелсіздігін оның мемлекеттік рәміздерінен бөліп қарауға болмайды. Әрбір мемлекет үшін отаншылдық рухта тәрбие беру азаматтың мемлекетімізге, оның даңқты да қиын тарихына, алдағы болашағына өзінің қатысты екендігін сезініп, еліміздің мұң-мұқтаждарын ойлауынан басталады.

Ақтөбеде мемлекеттік рәміздердің маңыздылығы жөнінде дөңгелек үстел өтті

Бұл міндеттің  күрделілігін Елбасы нақты пайымдап, «... Бұл міндет білім берудің, мәдениет органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жүйесіне, әрбір отбасына қатысты. Ал оны елдің туын, елтаңбасын, әнұранын қастерлеуден, заңды өкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек. Әрбір адам бала кезінен Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн», -деген болатын. Халық жүрегін желпіген еркіндік самалы ғажайып шығармашылық белсенділікке жол ашты. Елбасымыз жаңа мемлекеттік рәміздерді  қабылдауға зор мән берді. 
        Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздігімен  бірге  жасасып  келе жатқан мемлекеттік рәміздеріміз 25 жыл ішінде өз өміршеңдігі мен елінің айбынын асқақтатты. Қолданыстағы заңнамалар мен халықаралық шарттарға сәйкес, халықаралық, мемлекеттік немесе спорттық іс-шараларда мемлекеттің әнұраны ойнатылып, туы көтерілетіні белгілі. Тәуелсіздік алған уақыт ішінде көптеген халықаралық іс-шаралар мен спорттық жарыстарда қазақ елінің Гимні өзге де алпауыт елдермен иық тіресіп, талай елдердің аспанында шалықтап, көк туымыз талай  желбіреді.
           1992 жылғы 4 маусымында Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілген болатын. Ал 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Осы Заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым - Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні ретінде  мерекеленеді.
         Осы мерекеге орай С.Бәйішев  атындағы  Ақтөбе  облыстық  әмбебап  ғылыми кітапханасында «Тәуелсіз Қазақстанның құрылуындағы мемлекеттік рәміздердің маңыздылығы»   атты  дөңгелек үстел  ұйымдастырылды. Оған Ақтөбе қаласының ішкі саясат бөлімінің  бас маманы  Ә.Жұмамұратова, Облыстық «Әділет» департаментінің  бас маманы  Г.Райымқұлова, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің  бас маманы   А.Туребаев,  «Байланыс және коммуникация» колледжінің студенттері мен оқытушылары, облыстық кітапханалардың  қызметкерлері  қатысты.
         Шара барысында мемлекеттік рәміздер туралы Қазақстан Республикасының  заңнамалары мен нормативтік құқықтық актілері түсіндіріле отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін, сондай-ақ олардың бейнесі бар материалдық объектілерді қолдану және дайындау сатысы, қандай жағдайларда мемлекеттік рәміздерді орналастыру міндетті болатыны және Тәуелсіз Қазақстанның құрылуындағы мемлекеттік рәміздердің маңыздылығы, мереке күніне арналған  қандай қалалық іс – шаралар өткізілетіні  туралы  айтылып, өзекті  мәселелер  талқыланды,  қойылған  сұрақтарға  нақты  жауаптар  берілді.
Шараны кітапхана  директоры Н.Жұмағұл құттықтау сөзімен қорытындылап, жастарға мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге және қастерлеуге  шақырды.
         ҚР мемлекеттік рәміздерінің тарихы туралы слайд пен бейнеролик көрсетіліп, «Елімнің рәміздері – Тәуелсіздіктің белгісі» тақырыбымен  кітап  көрмесі  ұйымдастырылды. 


С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық 
әмбебап  ғылыми кітапханасының  
бөлім  меңгерушісі                        
Лиза  ҚАРАҒОЙШИНА