23 Қаңтар, 2010

Әбдіжәміл Нұрпейісов: "МЕНІ ТҰЛҒАЛАР ӨСІРДІ"

4278 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
Әбдіжәміл Нұрпейісов Қызылорда облысы, Арал ауданы, Құланды ауыл ке­ңе­сіне қарасты Үшкөң ауылында 1924 жылы 22 қазанда дүниеге келген. Ме­йіздей сары дала о заманда теңіздің түбі болатын. Шағала шулап, көк толқын өкі­ріп жағаны ұратын. Ауылының ірге­сіндегі Беларан да баяғыда теңізге төніп жарланып, қарауытып тұрушы еді. Бұл күнде жортуыл жұтқан белгісіз батырдың қоналқада ұмыт қалған шошақ бөркі секілді. Беларанның толқын соғар етегін Қаражар асты дейтін. Қаражар асты мен Үшкөң арасы таяқ тастам жер. Күйі келген өгіздей өкіріп жататын Тұщыбас та жоқ бүгінде. Өркештеніп, түй­дектеліп жететін қарабауыр бұлт та ізім-ғайым. Жым-жылас. Мігірсіз өлке. Ескі қыстау. Сиыр сүйкеніп сындырған пәкене терезелі үйлер бұрынғыдан бетер шөккен. Біразы белі кеткен түйеге ұқсап жатысы жаман... Арба сынығы, белтемір, мәшине балоны, қурап қалған қара ағаш... Үп еткен желмен азынай жылаған пұшық моржа. Қай жағынан қарасаң да құлазыған жұрт, елі көшкен қыстау. Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан. Қазіргі көзі тірі классигіміз Әбдіжәміл аға­мыз – осынау құба дүз, сары жонда балдай тәтті балалық шағын өткізді. Шаңдақ жолмен жалаңаяқ жүгіріп өсті. Жасынан құйма құлақ зерек болды. Көз көрген кісілердің айтуынша: күндіз кеудесінен ғана келетін терезенің ал­дын­да отырып, түнде май шамның кәрәсіні тү­гесілгенше кітаптан бас алмапты. Орта мектепті бітірер-бітірместен Ұлы Отан соғысы басталып, он жеті жасар Әбдіжәмілді әскерге алады. Ұлы жазушылар өмір бойына өзін-өзі жазып өтеді. Суық майдан суреті “Курляндия” романында көз алдымызда қалқып тұрып алады. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде тұтана жаздап өшіп тынған тұңғыш махаббаты – Зағипа бейнесінде, соңынан көкелеп хат жазып тұратын қарындасы Зейне, бозбала шағы тағ­дыр­дың қатал соққысына – Есей есімді солдатына арналған жазушы бей­несі роман беттерінен қалқып шыға келеді. Жазушы көзіндегі соғыс – Есей көзін­дегі соғыс. Бір-бірінен мүлдем айырғ­ысыз мінез, болмыс дегеніңіз осы. Романның беломыртқа – фабуласы жазушының санасында солдат окобы мен блиндажында-ақ пісіп жетіліпті. Көз­бен көріп, көңілге сіңген жәйт жыл­дам жазылды. Қыруар кейіпкердің басын құраған, төрт бөлімнен тұратын роман­ның көлемі жиырма баспатабақтан асып жығылады. “Сәбит Мұқановтың “Адасқандар”, “Жұмбақ жалау”, Мұхтар Әуезовтің “Абай” романындағы алғашқы екі кітабы (эпопеяның екінші кітабы кейінше шықты), Сервантестің “Дон-Кихот” ро­ма­нының қазақша аудармасы қол сөм­кемізден түспеуші еді”, – дейді жазушы ес­телігінде. “Курляндияны” автор жи­ырма үш-жиырма бес жасында жазып, алғаш рет жиырма алты жасында – 1950 жылы басылып шығыпты. Сол кездегі мектеп баласымыз, сырты көкшіл, мұқабасы қалың кітапты қолдан-қолға тигізбей оқығанымыз есімде. Ұлы Отан соғысының тұтас пано­ра­масын адам тағдыры арқылы көкірекке сіңіре баяндап беру, эпикалық кең ты­ныс, шалқар шабыт, құнарлы тіл – шы­ғарманы шүу дегеннен оқылықты етті. Роман екі қасиетімен ерекшеленді. Бірі: түрлі ұлт өкілдерінің шынайы, типтік бейнесі. Соғыстан кейінгі көп әдебиеттер естелік жанрында жазылды. Кеңес жауынгерлерін баяғының ба­тыр­ла­рынша суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін ержүрек етіп суреттеу бел алды. “Курляндиядағы” қазақ Есей, орыс Долгушев, татар Хиззатулин, ла­тыш Шоцикас, қайсы бірін айтасыз, жа­нама кейіпкерлер аса мол, кәдуілгі ішіне қан қатып ызаланатын, ажалдан қор­қатын, бәзбір түнде елін, отбасын ойлап көз ілмей шығатын – көн қатса қа­лы­бына дегендей, көнтерлі қалпында кө­рініс табуы шығарманы әрі шынайы, әрі қызықты етті. Кітаптың екінші ерекшелігі: тіл құнары еді. Сол кездегі біраз кітап басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жетпей жататын кедейдің көр­песіндей тақыл-тұқыл, болады, қояды, бара жатыр, келе жатыр баянымен жа­зы­латын. Әбдіжәміл алғашқы шы­ғар­ма­сымен-ақ кең тынысты, жағаны өкіріп сүзіп жататын теңіз толқынындай әрі ілкімді, әрі ырғақты, екпіні мол қазақы шұрайлы тілі шығарманың шоқтығын биіктете түсті. Жазушының былайғы өмір жолы замандастарының көбіне ұқсайды. Жи­ырма сегіз жасында әл-Фараби атын­дағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіреді. 1956 жылы Мәскеудегі екі жыл­дық әде­биет институтын тәмамдайды. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші. 1959-1960 жылдары “Жұлдыз” журналының бас редакторы. 1993 жыл­дан бері Қазақстан жазушылары ПЕН-клубының президенті қызметін атқарып келеді. Осы күні екі сөздің басын иіп сөйлем құрастырғанның бәрі кітап шығаратын болды. Кітап шығарғанның бәрі – жазушы аталады. Аталы сөзіміздің қа­дірін түсірдік. Бос сөзге айналдырдық. Бас-аяғы жоқ естеліктерді сапырып жаза беретін болдық. Бұрындары елге жазушы шықты десе көреміз, қолын аламыз деп алдынан шығушы еді. Халықтың көкейіндегісін тап басып сөйлейтін, ха­лықтың төрдегі төресі де, құлы да осылар еді. Не нәрсені болсын жүрекке орап жазатын, жүректің сөзін айтатын. Қазір қарадай қорланасың. Жазатыны жүректің сөзі болмаған соң, сөздің қадір-қасиеті түсті ме, кім біледі, кім көрінген жазғыш болып алды. Халықтың құлы емеспіз, жұлдызымыз!.. жұлдызымыз жанбай жүр!.. қ­олдаушымыз болмай жүр дей­тіндер көбейді. Елге күлкі, есекке таң болдық өстіп жүріп. Ол кезде мемлекет тарапынан жа­зу­шы­ларға қамқорлық ерекше еді; қа­ла­мақы, пәтер беру, жазушыға жағдай жасаудың жөні бөлек еді. Ешбір жазушы кеңселерде, бастықтың алдында телміріп отырмайтын. Қадірлейтін. Бірден төрге шығатын. Жазушылардың да, Жазушылар одағының да беделі биік еді. Бүгінде саны өскенімен, жазушылардың да, Одақтың да беделі қалмай барады. Көбісінің аңдығаны өсек, баққаны сөз, іздегені шатақ. Газеттердің бетінде қызыл кеңірдек болып айқайға аттан қосып, ала шапқын жасап жүретіндер де сол жазушылар. Болмайтын нәрсеге дауласып, бір-бірімен жауласып, қадірлерін кетіріп алды. Елді дүрліктіріп, ұлтты, тілді саудаға салып, саясатқа ай­нал­дырғанды шығарды. Ақын-жазу­шы­ла­рымыздың мұншалықты төмендегенін көрген емеспіз. Жазушыларымыздың беделі, әсіресе, осы нарық заманында төмендеп кетті. Нарық қоғамға, руханиятқа неге қызмет етпеуі керек? Рухани құнды­лық­та­ры­мыз­ды неге мансұқ етуіміз керек? Жазушылық, ақындық қасиет кім бол­са соның басына қона салмайды. Ол-дағы Алланың адамға берген сыйы, бағалай бі­луіміз керек, халық арасынан шыққан дарындарды қадірлей білуіміз керек. Әдебиет сонда ғана дамиды. Егер кезінде Әбдіжәміл Нұрпейісовке Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Омаров секілді қаламгерлер соншама көңіл бөліп, қамқорлық жасамаса, Нұр­пе­йісов деген жазушының болмауы да мүм­кін еді. Онда “Қан мен тер” де, “Соңғы парыз” да жазылмас еді. Сәбит Мұқанов үлкен бір алқалы жиында Әбдіжәміл Нұрпейісов жайында: “Менің қазақ әдебиетінде 20 жыл бойы күткен адамым енді келді”, – деп көп­­шіліктен сүйінші сұрап, жар салған екен. Әбділда Тәжібаев та жылт етіп көрінген жас ақындарға батасын беріп, бағыт сілтеп жүруші еді. Бүгінде ондай жа­н­ашыр­лық та, бауырмашылық та азайып кетті. Биліктің тізгінін ұстаған азаматтар да руханияттан алыстаған. Қалай дегенде де ұлттың тұтқасы да, ұйытқысы да  жазушылар, ақындар, ға­лымдар екенін, әрқашан оларға қам­қор­лық керек екенін мемлекет ұмытпауы керек. Билік пен интеллигенция тізе қосып, ынтымақтаса тірлік еткенде ғана елдің де, ұлттың да, тілдің де бағы жанады. Өз ойымша жазушылық – Алла бер­ген өнер нығметін іске асырушы, қа­лың елге қасиетті қадым лепесті сөзбен жеткізуші! Жаратқан ие кісі жүрегіне сөз кепиетін қондырып, дарын сыйлаған соң – сол дарын нығметін халқына, оқырманына қайтарар мұрсат та береді. Қызметін көрсетіп қалар уақыт бұ­йыр­тады деп ойлаймын. Мінекей, Әбдіжәміл ағамыз Ұлы Отан соғысының сұсты жылдарын Есей болып жүрегіне сі­ңіріп, өзі де есейді, оқырманын да есейтті. Өткен ғасырдың екінші жар­тысында өзге жұрт қайта құру, Американы басып озу, ға­рышпен үн қатысу деп дүрлігіп жат­қанда – бұл ағамыз туған жер то­пы­ра­ғында жүріп-ақ өтіп жатқан ұлы өз­герістерді хатқа түсіруге кірісті. “Қан мен тер” трилогиясын бірінен соң бірін жазып бітіре бастады. Бұл жылдары қаламгер Еламан кейпінде жанкештілік жазатайым халді басынан өткеріп, “ауыздығымен су ішті, етігімен су кешті”. Үміт пен күдіктің жүгін арқалады. Қызыл төңкерістің от жалынына күйіп шықты. Еламан тағ­дыры сол өрттен қалған түбіртекке келеді. Ал, құм арасына тастай салған жақұт секілді мөлдіреген Арал теңізі ше. Беларанның кезіне шыға келгенде күншығыс беттен бұйра толқынды үлкен теңіз жалтырап жатушы еді. Жоны күдірейген Беларан, шағырмақ күн астында жарқыраған көк теңіз – буланып аспанға ұшқан, ақшағыл сортаңға айналған, Беларан аласарып төбешік боп қалған. Жұтау деген осы емес пе. Өзінің туған өлкесі Аралдың тартылып бара жатқанын алғаш қабырға қайыстыра жазды. Одақ баспасөзінде, “Огонек” журналында жанайқайы үзбей естіліп жатты. Сонда да әдебиетші қауым Арал тартылып бара жатқанда Нұрпейісов жұмған аузын ашпады деп қарадай күйдірді. Өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарындағы ел өміріндегі, адам табиғатындағы елеулі өзгерістер туралы оңды-солды жазылып жатқан шығар­­ма­ларды оқып қаламгер ащы дәрі іш­кендей ылғи қабағын аша алмай жүретін. “Біздің бір ағамыз маңайдағы көл­табанның қалың біткен құрағын көріп, әбден балбырап бабына келсін, шалғымды шар болаттай қайрап келіп, жас нәрестенің қарын шашын алғандай ғып әдемілеп орып алам деп жүргенде олақ біреу орақ салып, ала-құла етіп кет­кенін көріп: “Қолынан келмейтін найсаптың есіл құрақты арамдап кеткенін қарашы”, – деп күйіп-пісуші еді. Әде­биетте де сондай найсаптар көбейіп барады”, – деп күйініп, үнемі күйзелетін. Әбекең алақолдыққа, олақтыққа жан-тәнімен қарсы болды, сөйлеп жүрді, күреске шықты. Енді істемегенді істеді деп қарадай күңіренген бақталастары хал­тураға қарсы сөзін, күресін құлағына ілмей... істегенін істемеді, алақолдыққа ден қойды деп күйдірді... “Қан мен терде” ұлтының басына төнген қиын халге аз да болса себім тие ме деп әлеуметтік өш­пенділік өртіне араласып, өмірі зая ұр­пақ­қа айналған Еламан мен Қален тірі жүрсе де – тірідей қара жердің астына көміліп, өз көздеріне өздері құм құяды. Біресе ана еркекке, біресе мына еркекке көңілін бұрып бейбақ сергелдеңге түскен ару Ақбала қасіреті – тек әйелдік қасірет емес, бағы ашылмаған қазақтың тағдыр-талайы, пұшайман тіршілігінің куәсі еді. Күрделі шығарманың астарын ашып сараптауға салғырттық танытқанымыз да рас. Тәуір сөзімізді де аядық, жүректе сақтап келдік. Ең қиыны: уағында тәп-тәуір әңгі­ме­ле­рімен көрініп, кейінгі кезде өз шы­ғармаларынан қолы шығып қалған Юрий Казаковтың аудармашылық дарынын ашып, қазақтың ағыл-тегіл шұрайлы тілін орысша сөйлеткені адыра қалып; қазақ сыншылары: “Қан мен тер” орысша аудар­­масында ғана құлпырып ашылды десе; орыстың бәзбір бейауыздары: орыс қаламгерінің ғажайып дарыны қазақ Нұрпейісовтің ортақол шығармасының шоқтығын биіктетті деп көкіді. Мұндай кеселді сөзді ағамыз қаперіне де алған жоқ, құлағына да ілмеді. Қайсарлығы жеңді. Қаламын қатты ұстап жазуға жүгінді. Қанық бояулы қазақ тұрмысын орыс орманының арасынан келген орыс түгілі мынау деген қазақ қаламгерлері айна-қатесіз суреттей алмас еді. Шығарма бірауыздан жақсы бағаланды. Мемле­кет­тік сыйлыққа ұсынылды. Ілік іздеушілер індете түсті. Сол кездегі Одақтық жазу­шылар ұйымының басшысының аты-жөні Нұрпейісов романында жағымсыз кейіпкер болып кетіпті. Арызшылар соны да сөз ғып Мәскеуге арыз түсірді. Аралда балық сатумен айналысқан Марков есімді көпес болғанын анықтап, құжат табылды. Ақырында романға дербес сыйлық бергізбей, мәртебелі сыйлықты сол бойынша қойылған пьесаға бұйыртты. Күпінің аш битіндей жабылған сынға, арызға қыңқ еткен Нұрпейісов болмады. Жазушының бір қасиеті – өзінің діт­теген мақсатына, көздеген межесіне жет­пей тынбады. Жолда кезіккен кедергіні, әде­би оппоненттерінің ой-пікірін, ба­сылым беттеріндегі артық айтып, кем түсіп жататын сыңаржақ сыни мақаланы ешқашан елең етіп, жүрегіне жүк етпеді. Өз бағытын, өз ұстанымын алдына от­шырақ етіп ұстады. Баяғының жұл­дызшы көріпкелі секілді сөз керуенінің бұй­дасын ұзарта тартып шеберліктің ке­лешек көкжиегіне қашан жеткенше тыным таппады. Романдары басылған сайын өң­деумен болды. “Қан мен тер” он бес рет басылса, жазушы соның бәрін де ерінбей қайта-қайта редакциялаумен келеді. 10 Жазушы қаламынан ұзақ жылдарғы терең толғаныс, табанды ізденістен “Соңғы парыз” дүниеге келді. Кешегі кер замандағы Еламан, Тәңірберген, Ақбала кешкен сергелдең енді келіп, мына теңіз ортайып, көңіл көншіген шақта Жәдігер, Әзім, Бәкизат болып қайта тірілді. “Дәп кешегінің қайта айналып соққан толқыны секілді. Бәз баяғы дұрыс жүріп, жөн сөз ұғып жүрдік дегеніміз бос сергелдең боп шықты. Өз-өзімізден түтіндей бықсып, көзге күйік, көңілге жүк боп жүр екенбіз. Жоқты бар қыламыз деп жүріп, бардың өзінен айырылыппыз. Жасадық дегеніміз – жасампаздық емес, жерге қарағандық болып шықты. Малданып жүргеніміз – махаббат емес, беті жылтыр ұрғашының қойын жылытуы екен. Әділетке жеттік дегеніміз – әлімжеттіктің әуресі ғана. Өз­геден қалған қаңсық – өзегімізді тал­дыр­ған таңсық. Өзгеріп бара жатқан өзі­міз бе, әлде өзегін бермейтін өмір ме? Бақ­қа тойымсыздық, атаққа тойым­сыз­дық, дәу­лет­ке тойымсыздық... бәріміздің жел­ке­мізден түспей дүние тіршілігін бір уыс қы­лып қусырып бара жатқан кеселге ұқсады. Бір-бірімізді аяқтан шалдық. Ғайбат сөйледік. Қанағат, мейірім азайып барады. Кеше екі бірдей дүниежүзілік соғыс ашып, дүниені уысымда ұстаймын деп астамшылдық пен алауыздыққа тізгін берген батыстың киген таз кепешін енді біз киіп қалмасақ игі. Осы астам­шы­лықтан, осы алаңғасарлықтан қазіргі көзі тірі жүргеніміздің бәрі – бірі – аз, бірі – көп, сауы жоқ” – дейді Жәдігер кейіпкеріміз. Осыншалық астарлы ой тарқатқан роман жарыдан аса зая тағдырлар туралы философияға табан тірейді. Кешегі жа­һан­дық соғысты бастан кешірген Хе­мин­гуэй, Белль, Ремарк, По өздерін зая ұрпақпыз, сол соғыста баз кешкен ұрпақтың үніміз деп егілмеп пе еді. Енді мына әлеуметтік озбырлық пен өзара менмендік, мансапқорлық, алауыздық кеулеген, сырт көзге дардай, ішіне үңіліп көрсең – бордай үгітілген ұрпақты – зая тағдыр деп түстеп, түгендейді ілкімді қалам­гер. Бір адамның немесе екі адам­ның жан әлеміндегі алай-дүлейді түк­пірлеу арқылы әлеуметтің, қоғамның әлеуетін тінткілеу – “Соңғы парыздан” басталды десек асыра айтқанымыз емес. Қалаңыз, қаламаңыз, эпикалық кең құлаш қусырылып кішірейе-кішірейе бір кісінің кеудесіне сыйған сыр сандығына айналды; қалаңыз, қаламаңыз – шер мен мұңды ежіктейтін ішкі монолог етек алды. Оқырманмен сырласу сипатындағы ой ағыны – поток сознания үстемдік құрды. Оқиғаны сезім шиыры ығыстыра бастады. Кешегі сырт келбет, жүріс-тұрыс кескіндемесі енді адамның ішкі әлем айна­сына айналып барады. Мұны бір сөзбен: жан драмасы дейді. Жан күйзелісі алғы межеге атойлап шықты. Нұрпейісов шығармасы жан драма­сы­ның өзгеше, бөтенше биік құбылысы, пәсте жүз түрленген кісі сезімінің шыр­ға­лаңы түрінде көрініс табады. Мис­ти­калық бояу, болмыстың магиялық суреті – жазушының әлі күнге өрелі ізденіс үстінде екенінің кәміл куәсі. Сырт көзге суық көрінген Нұрпейісов селт ете қалмайтын сабыр мен өзінің ісі, мүддесіне дегенде үлкен жауап­кер­ші­­лікпен қарайтын сарабдал жан. Қайсар мінез иесі. Қадым суреткер. Мына жарық жалғанда бәріміз де әлімізше ұлтымызға қызмет жасап жүрміз ғой; ал өз көзіме жазушы ағамыз ұлтқа қызмет етудің айрықша үлгісін жасады деп ойлаймын. Өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дары жылымық кезеңді бастан өт­керіп, жеңістен кейінгі желпініс басылып, жүрек жұтқан қолбасшылар мен алтын жұл­дыз­ды жігіттерден кейін оққа ұшқан жан жолдасы үшін өкси жылаған, өзі де оққа ұша жаздаған кейіпкермен “Курляндия” ар­қылы жүздесіп, тосын әсерге тап болдық. Бір оққа байланып кетсе әде­бие­тіміздің жауһары “Курляндия” да, “Қан мен тер” де, “Соңғы парыз” да бізге бұйырмаған болар еді. Шыншыл әрі шы­найы суреткерлікке әрдайым зәру әдебиетіміз қаншама олқылыққа ұшырар еді. Жаратқан ие көз жасымызды көріпті, тілеуімізді беріпті. Солдат шинелін иығынан сыпырып тастап, көркем сөздің солдатына айналған ағамыз суреткерліктің айрықша үлгісін танытты. Шығарма жазуды уақытша доғара тұрып “Жұлдыз” журналына бас редактор болды. Әуезовше айтқанда жыл келгендей жаңалық әкелген жастарды топырлатып жариялай бастап еді. Жыл жарым өтті ме, өтпеді ме – аға ұрпаққа жас ұрпақты қарсы қойдың деген желеумен қызметтен босатты. Қолынан келгенше ағамыз әлеу­мет­тік шындықты адамдық шындықтың өлшемімен таразылайтын жаңа шы­ғар­маларға мұрындық болды, қолдау көр­сетті. Шалғайдағы Қазақстаннан абстрак­цио­нистер іздеу, диссиденттер табу қылаң берген кезде – дәстүрлі өлең ырғағын бұзған жастарды жаңашылдық емес, жаңа былықшылар деп төпелеп жатқанда шырылдап араға түскен де осы ағамыз. Қайта қарап үстінен сан мәрте түземеген бір де бір кітабы жоқ. Бұл кісіге редактор болу – қияметтің азабы. Аудар­машы болу – тамұққа түскенмен бірдей. Әдебиетіміздің адам жанына үңілуші спектр сәулесі, сезім шырғалаңы, натураға жақын мінез аясы – осы ағамыздың табандылықпен қосқан үлесі. Ой ағынын прозаға, қара сөзге алғаш енгізушінің бірі. Қара сөздің кемел сынықшысы. Қара сөзге, прозаға, көркем суретке қыз­мет етудің айрықша көрінісі – Мәс­кеудегі Жазушылар одағы пленумында бас қосқан, Кремль өкілдері қатысқан 1986 жылы, желтоқсан оқиғасынан дәл бір апта бұрын өткен жиында сөйлеген сөзі болды. Ол кезде Қазақстанды жүз тілді планета деп мақтап, біздерді жүз отыз тілді ұлт өкілдерінің бірі деп арқамыздан қағып, бөркімізді қазандай ету етек алған. Сол жиында Нұрпейісовтің баяғы қазымыр, қасарыспа мінезіне салып, республикада жүріп жатқан ұлт саясатының астарын ашып сөйлегені бар. Аға ұлттың өкілінің ел басында отыруы – қазақты кемсіту, менсінбеу, сенімсіздік көрсету құралы екенін айта кетіп, әлгі өкілді орталыққа қайтарып алу керектігін айтқан да осы ағамыз еді. Ол сөзін “Литературная газетаға” қиылып жүріп басқызған болатын. Кейіннен көтерілген қазақ ұлтшылдығы төңірегіндегі нақақ қаралауға да Әбең мәртебелі мінбеден толағайлы тойтарыс бере білді. Абай атындағы опера және балет театрына жиналған жұрт, төрде төбедей болып отырған Михаил Горбачев жазушы сөзін түгел естіді. Аралдың көз алдымызда шөгіп, таусылып бара жатқаны туралы қаншама сөз сөйледі, мақала жазды. Жинап, сүзіп тасқа бастырса бір кітап болар еді. Ұлтына қаламымен, сөзімен қызмет етудің озық үлгісі осы. Сөзінің сұрауы бар атанды. Нұрпейісовтің қайталанбас екінші мінез қыры – орыс тілді қаламгерлерді ұлтымыздың игілігіне қызмет еткізуі. Қабырғалы қаламгер Юрий Казаковты әкеліп, шығармасын аудартты. Абайдың 150 жылдық тойы қарсаңында Михаил Дудинге ақын өлеңдерін аудартты, шарқ ұрып шабылып жүріп қаржысын тауып берді. Нәтижеде абыз ақын жыр маржаны орыс тілінде жаңаша сөйледі. Қазіргі қазақ әдебиеті жаһандық әдебиетте өз орны, өз биігі бола тұра әлемдік оқырманға жетпей жатқаны өкінішті-ақ. Өз буымызға өзіміз пісіп, өз тапқанымызға өзіміз мәз боп, өзгелер білмейтін, ашылмаған арал секілдіміз. Осынау тірі сөзді, айшықты бояулы прозамыз бен поэзиямызды шетелге шы­ға­рудың тағы бір сүрлеу соқпағы – Қа­зақстан ПЕН клубы. Сол клубты жоқтан бар жасап, маржандай асыл сөзімізді айдай әлемге шығарамын деп шаршап жүреді. Жылына екі-үш мәрте ПЕН клуб жиынын облыс орталық­тарында өткізіп, жас әдебиетшілерге қозғау салып, сілкініс туғызуының өзі жан таптырмас жан­ашыр­лық, сұрапыл сұңғылалық, қайтпас қажырдың үлгісі. Әзіз ағаның үшінші ерекшелігі – көр­кем сөзбен қазымырлана жұмыс істеуді барынша жетілдірді, сөзбен сурет салудың шыңына шықты. Алғашқы сөйлемнен-ақ өзгеше әлемге енгендей боласың. Нұрпейісов суреттеген адам тым кесек, тым ірі. Олардың қан қызуы, құштарлығы алапат. Кетіссе – ата жауындай алысады, икемдесе – жүрегіңнің төріне шығады. Мынау әлсіз еді деп жерге қарамай, анау астам еді деп тауға санамай, жан әлемін түгел кезіп, қалтарысын ерекше сүзіп, жарқыратып ашып береді. Сөз саптауы, сөйлем құрауы – бүгінгі біз білетін синтаксиске сыя бермейді, өзінше оқшау ойлар, бөтенше бітім, ырғақ, желі, үрдіспен түседі қағазға. Бейне тулаған телегейдің екпіндеп, ентелеп жететін толқыны. Авторының аты-жөні белгісіз жүз қағаздың ішінен Нұрпейісов қол­жазбасын жазбай танып, жүз сөйлемнен жазушы сөз саптауын айнақатесіз табасыз. Сиқыры бар сөйлемдер сол! Суреткердің қай шығармасын оқы­саңыз да кең көсілген ой ағыны (поток сознания), ішкі сезім пернесі (пси­хо­логизм), сөз саптауы (диалог), баяндауы (описание) мидай араласып кеп бір арнаға құйғанда – жанрлық бітімі, концепция­лық ұстанымы ұлттық әдебиетіміздің оқшау түзілімін құрайды. Жаңа бір тыныс ашылып, тосын баян тағылымы көл­де­нең­дейді. Оқып отырып кейіпкердің былай­ғы ахуалын білуден гөрі Нұрпейісов сөз саптасын сезіне түсу үшін оқисыз. Сөз құлпыртуға келгенде соншалықты тер төгетін қаламгерлігіне әбден риза бола­сыз. Сөз ұстартудағы сұңғыла сарабд­ал­дығына қарадай қайран боласыз. Нұрпейісовтің Әзімі – жаңа заманның жаңа қазағы, құштарлықтың құлы. Жұрт алдына түсіп, жұрттан артықша болам деп жүріп досын алдайды, сүйген қызын опат қылады, ағайын-туысынан безеді, өзі шомылған Аралды саудаға салып, пайда көзіне айналдырады. Ақырында сергел­деңге түсіп, неғайбілге сіңеді, бар болып жүріп жоқтың тіршілігін кешеді. Көркем сөздің құдіреті деп осыны айтамыз! Абыз ағаның біз таныған төртінші ерекшелігі – өз уақытында жасып та жүрді, асып та жүрді. Қандай жағдайда бол­масын ағаларының алдын кесіп өтпеді. Тіл тигізбеді. Жөнсіз көсемсімеді, ретсіз кескестемеді. Алдыңғы толқын – аға­ла­рына жылы ықылас пейілін, жылы­ұшы­рауын, жүрек жылуын аямады. Қашан көрсеңіз де, қандай жағдайда да ұлық басын кішірейте білді, үлкенге құрмет, кі­шіге ізет көрсете жүрді. Үнсіз ұстаз секілденді. Қабағы салқын соғыстан сылынып келіп, Сәбең – Сәбит Мұқановтай аға­сынан қолдау көріп, сол кісінің абажадай сандығының үстіне ұйықтап, Мәриям жең­геміздің шайын ішіп жетілгесін бәлкім; ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезовтің батасын алғасын бәлкім; ұлылардың алдын көрген шәкіртке ұқсады. Несіне жасырамыз: осы күні төстен алып, бетке шапқан, қит етсең жағадан алып арпылдасқан кішілерді көргенде – еріксіз садағаң кетейін, ағатай-ай дегің келеді! Аға сыйлауды Нұрпейісовтен үйренейікші дегің келеді. Жол беруді, қол беруді Нұрпейісовше біле жүрейік дегің келеді! Қаламгердің біз байқаған бесінші ерекшелігі – иі қатты. Бір құласа – қат­ты құлайды, бір тіксінсе – өмірі қайы­рыл­майды. Жұрттың бәрі жабыла мақтап жатқанды көзі жетсе ғана мақтайды. Қайсарлығы еменнің қаттылығы. Әуелде, бір көргенде жүзінің жылуы аз, сыздана сөйлегенімен, ішіне еніп, сыр бөлісе білсең жан дүниесі құлаш жетпес жал­пақ әлем. Бәрі де сыяды, бәрін сыйғызады. Қолына алған шаруасын іс қылмай, жетем деген межесіне жетпей тыныштық тап­пайды. Өзін де, өзгені де аямайды. Әсі­ресе, кейіпкер мінезін сомдауда, кейіпкердің жан әлемін қозғауға келгенде  адам төзгісіз, қиямпұрыс тәжірибеге жүгінеді, соныдан із кеседі, көркем сөзден кесте тігеді. “Өмір бақи есірік желмен ерегісіп келе жатқан теңіз осы кезде күш шақырғандай қайта ыңыранып, қара көк толқын ереуілдеп иық көтере бастаған-ды” (Ә.Нұрпейісов. “Соңғы парыз”, Алматы, “Жазушы”, 1999, 134-бет) деген жалғыз сөй­лемдегі жанды құбылыс, әдемі ал­ле­го­рия оқырманды ой толқынына сүң­гітеді, бірде сергітіп, бірде түңілтеді. Дәп осындай мазмұнды баян әр абзац, әр беттен қаздай тізіліп, қылаң беріп жатса  Нұрпейісов қаламы біртуар шедевр туғызғаны дей беріңіз, сеніңіз! Нұрпейісов  бүгінгі таңдағы қазақ өнерінің асыл көзі, өнегелі жолы, қым-қуыт, текетірес рухани майданымыздың бас жауынгері, кешегі ұлылардың алдын көрген, қолына су құйған, батасын алған соңғы могиканы! Өнер адамы халықтың көзінде жүреді: шаршағаны, шамырқанғаны, шалдық­қаны... бәрі-бәрі көркем сөзбен хатқа түседі, жүре-жүре абызға айналады. Ірі сөйлеп, ұсақ әрекетке бару, ұсақ сөйлеп ірі жүрмін деу мына өмірде қисынсыз, әрине. Алдыңғысы өзінің қадірін кемітсе, соңғысы сөзінің қадірін кетіреді. ...Солдат қапшығын иығына асып, шаңдақ жолмен батар күнге ілесіп жаяу ілбіген жолаушы елестейді көзіме. Бұл – туған жерін былайғы тіршілігіне темірқазық етіп ұстаған, өмір бойы кіндік қаны тамған жерді жырлап келе жатқан қазақтың қабырғалы жазушысы Әбді­жәміл Нұрпейісов. Бұқар жыраудың: “Сексен бес жасқа кел­генде, Бетіңдегі нұрды алар, Бо­йың­дағы шырды алар, аузыңдағы тісті алар, Қолыңдағы істі алар”, – дегені еске тү­седі. Ол заман қайда, бұл заман қайда. Жы­рау айтқан сеңгір биікке шыққан абыз аға­мыздың тісі де бүтін, ісі де бүтін. Кеше ғана көрдім, ПЕН клуб шаруасымен Мәс­кеуге ұшып барамын дейді. Осыдан төрт-бес жыл бұрын арнайы уақытын бөліп, тартыла бастаған Арал теңізінің түкпіріне мәшинемен қыш тасып, ұста жалдап анасының басына ақ қыштан кесене орнатып оралды. Марқұм анасының моласы жоғалып кетпесін деді; майданда опат болған әкесінің есімі қалың қа­зақтың аузында жүре тұрсын деп – жаны жәннатта болғыр жарықтықтың  аты-жөнін иеленген көзінің ағы мен қара­сын­дай немересі  Кәрім бұл күнде Бо­­лашақ бағдарламасымен шетелде оқи­ды. Басы аман, бауыры бүтін кім бар дейсің дүниеде. Біреу ерте, біреу кеш дегендей, Раушаны мен Айжаны дүниеден өткенде қазақ біткеннің бәрінің де қабырғасы бірге қайысты. Кісі ілгері тілеумен өмір сүреді. Елінің тілеуі – азаматының ті­леуі­нің үстінде, азаматының тілеуі – елінің үстінде! Қаламгерлік белсенділік – ертеңгі күн­нің мүддесін тапжылтпай танып, шы­ғармасына арқау етіп, тынымсыз әрекет үстінде жүру. Өзін де қинау, өзгені де тыныш жатқызбау. Әйтсе де, абыз ағамыз ауыл арасының дау-дамайына жүгірмей, өз жүрегінің лүпілімен қозғалады. Ұрымталды алыстан болжайды. Шығарма жазуды ел сөзін ұстап ұлықтағаным деп тебіренеді. Қиянат, тоғышарлық, жершілдік, жікшілдікке жаны қас; кердең, кесапат мінезге кірпідей жиырылады. Жазушының жоғарыда айтқан сүйекті туындыларын былай қойып, оның мақала, жолжазба, очеркін оқып отырып – бет шарпыған максималистік құштарлық қызуды сезінесіз. Жазушы өз заманының жақсысын да, жаманын да көрді, ащы­сына шамырқанып, тұщысына шаттанып шыға келмеді; көнді, көнтерілік танытты. Ешқашан бір орнында тоқырап қалмады, өзін-өзі үзбей шыңдап, рухани жетіліп, өз кеудесін өзі көтере жығылуды үрдіс етті. Қазақ әдебиеті бүгінгі биігіне бірден жете қалған жоқ. Таласты, даулы, ит­жы­ғыс кезеңдері көп болды. Социалистік реализмнің мектебінен өтті... тап­шы­л­дықты, ұраншылдықты бастан кешірді... ұлтшылдықпен де алысты... пафостық... магиялық реализм үлгісіне бой ұрды... шығыстық байтақ романтикалық символ­дар­ға да молынан жүгінді... қайтсе де дәуір талабынан, қоғам тілегінен табан аудармады. Ылғи батыс пен шығыстың ғажайып өрнекті үлгілеріне салыса бой түзеді. Әдебиеттің мазмұндық, түрлік сапасын баспалдақтап биіктетуге келгенде – бәзбір інілерінен гөрі баяғы ағалардың тындырғаны молдай көрінеді көзіме. Сол тындырымпаздың бел ортасынан мен үнемі Нұрпейісов тұлғасын көремін. Қазақ қауымы өзінің мыңдаған жылдар мешеулігін кейінгі 20 жыл көлемінде тез-ақ жойып, ақ патшалық, қызыл кеңестік төңкерістерді артқа салып, тәуелсіздік тізгінін қолына алып, бәсекеге қабілетті елу елдің көшіне ілігетін сапта келеді. Мұндай пәрменді жетілуге сөз зергерлерінің үлесі қомақты. Заманды жасайтын ұрпақтың тәрбиеші-мұғалімі мына Әбдіжәміл секілді ағаларымыз еді. Бүгіндері дүниелік әдебиеттің таңдаулы шеберлерінің біріне айналды. Ұлттық салт-дәстүрдің уызына жарып өскен, мәйекті тілімен тебірене білетін, оқыр­ман­ды да тебіренте жүретін сөз зергерімен замандас болғанымызға мың мәр­те тәубе айтамыз. Ағаға қарап паң­да­намыз! Ағаға қарап биіктейміз! Баладай еркелігіміз ұстайды. Шүбәсіз шындық: Әбдіжәміл Нұр­пейісов кітап оқитын әрбір қазақтың жүрегінің төрінде, туған халқымен бірге жасай береді. Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.