Аймақтар • 04 Маусым, 2017

Әлем дәрігерлері Ақтөбеде бас қосты

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе аймағында әлем дәрігерлерінің екі күнге созылған бас қосу жиыны мәреге жетті. Олар ауыр аралас жарақатты кешенді түрде емдеудің бүгінгі заманғы тұжырымдамасын талқылады.

Әлем дәрігерлері Ақтөбеде бас қосты

АҚШ, Оңтүстік Корея, Германия, Қытай, Түркия, Ресей, Қазақстан және тағы басқа да таяу шетелдердің дәрігер –хирургтары, травматолог пен ортопед мамандарының бастары түйіскен мәжілісті Қазақстанда өткізу қажеттілігі қайдан туындады?
    Сірә, бұл сауалдың жауабын өз қандасымыз, ұлты қазақ, АҚШ-тың Миссури штатына қарасты Сент Луис клиникасының бас дәрігері, пофессор, медицина ғылымының докторы Жолдас Құлжанов берді деді «Егемен Қазақстан» тілшісі. Ол ортопед-хирург маман ретінде осы саладағы мемлекеттер арасындағы салыстырмалы деректерге үнемі назар аударып жүретінін айта келіп, Қазақстан ауыр аралас жарақаттар алу көрсеткіштері бойынша әлемдергі мемлекеттердің алғашқы үштігіне кіретіні жөніндегі сұмдық деректі алға тартты.  
    Халықаралық интеграция сипатындағы кездесулер кезінде әлемдегі озық дамыған елдердің денсаулық сақшылары жарақаттан сау-тамтығы қалмаған ағзаны, соның ішінде жамбас және аяқ-қол сүйектерінің және басқа да зақым келген мүшелерді қалай қалпына келтіруге болатыны жөніндегі тәжірибелерін ортаға салды. Сондай-ақ олар осы бір күндерде ауыр да күрделі оталар жасауға қатысып, шеберлік сағаттары мен сабақтарын өткізді. Сонымен бірге сүйектердің зақымдануынан зардап шегіп жүрген клиенттер мен өңір тұрғындарына және клиникаларда емделіп жатқан ауруларға тегін кеңестер берді. 
Халықаралық интеграция аясында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен АҚШ-тағы ортопедиялық госпитальдің жетекшісі Жолдас Құлжанов және Қытайдағы Шыңжан-Ұйғыр автономиялық облысындағы халықтық госпитальдың травматолог дәрігері Миао Сюагангом өзара ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандумдарға қол қойды. Мұнда тараптар өз қарым-қатынастары кең құқықтық және өзара тиімділік негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нығайтатыны және дамытатыны көрсетілген. Осыған орай олар ауыр аралас жарақаттарды емдеу мен қалпына келтіру жөніндегі бірлескен іс-шаралар кешенін жүзеге асырмақ.  Бұл үшін тараптар жұмысшы топтарын құрып, ынтымақтастық тетігін әзірлеу және оны одан әрі жетілдіру мен дамыту жөнінде үйлестіруші органдар құру туралы ұйғарымға келіп отыр. Бұл тұрғыда ақапарат алмасу мәселелеріне басымдық берілген. 

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ