Бағдарламалар • 05 Маусым, 2017

Ұлт саулығы – елдің гүлденіп, көркеюінің негізі

226 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жетек­шілігімен «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы» тақырыбында партиялық тыңдау өтті.

Ұлт саулығы – елдің гүлденіп, көркеюінің негізі

Шараға Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының басшысы Гүлмира Исимбаева, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко, ден­сау­лық сақтау мәселесі бойынша партиялық тәлімгер Зәуреш Аманжолова, Денсаулық сақ­тау министрі Елжан Біртанов, Мәжілістегі партия фракциясының және ҚХА депутаттық тобының мүшелері, вице-министрлер, орта­лық және жергілікті атқарушы мем­лекеттік органдардың өкілдері, рес­пуб­ликалық және өңірлік меди­циналық орталықтар мен үкімет­тік емес ұйымдардың басшылары, сондай-ақ, сарапшылар қауым­дас­тығы мен бейнебайланыс режі­мінде аймақ өкілдері де қатысты. 
Жиынды ашқан М.Құл-Мұхам­мед халықтың денсаулығын жақсар­тып, өмір сапасын арттыру Елбас­ы саясатының ең маңызды бағыттары­ның бірі екендігіне ерекше тоқталды.
Өз кезегінде негізгі баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов «Денсаулық» мем­ле­кеттік бағдарламасын жүзе­­ге асырудың 2016 жылғы қоры­тын­дысы бойынша бірқатар бағыттар жөнінде нақты деректер келтірді. 
«Атап айтқанда, қоғамдық ден­саулық сақтау қызметінің негізі қалыптасуымен қатар, еліміз­дің жеті аймағындағы қалалық емханаларға ауруларды басқару бағдарламасын енгізуге арналған жаңа жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар, жеке секторлар және фарминдустрия өкілдерінен тұратын сапа жөніндегі бірлескен комиссия құрылып, қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр енгізу бойынша жұмыстар да жалғасын табуда. Сонымен қатар, міндетті меди­­циналық сақтандыру жүйесі ен­г­ізіліп, адам ресурстарын стра­тегия­лық басқару және медицина­лық білімді жаңғырту бойынша нақты жобалар да қолға алынуда. Және соңғысы, аталған салада мем­лекет-жекеменшік әріп­тестік­ке басымдық берілуде. Осы­ған орай, министрлік жанынан Биз­нес-кеңес өз жұмысын бастап, мемлекет-жеке­меншік әріптестікті және инфра­құ­рылымды дамытудың жол картасы дайындалу үстінде», – деді министр.
Алқалы кеңеске қатысушылар салаға қатысты жауапты маман­дарға өздерін толғандырған сан түрлі сауалдарын жолдап, жауабын алды. Әсіресе, халық қалаулы­лары медициналық мекемелердегі мамандардың тапшылығы мен қызметкерлердің біліктілігін арт­тыру, медицина қызметінің сапасына бақылауды күшейту, меди­циналық мекемелерді интернетпен тиісті деңгейде жабдықтау, санитарлық автокөлікпен қамту, емделуге квота алу, бөлшектеп сатылатын дәрілік препараттар­дың бағасын реттеу, сондай-ақ, науқастардың тексерілуге және емделуге кеткен шығындарын өтеу сынды өткір мәселелерді ортаға салды. Сол себептен де бастапқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіндегі медициналық қызметті орталықсыздандыру, саламатты өмір салты жөніндегі бағдарла­маға айрықша көңіл бөлу және адам ағзасына қауіпті қалдықтар­мен ауаны ластайтын өндіріс орындарының жауапкершілігін күшейтуге қатысты нақты ұсы­ныстар жолданған жиында мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тандыруды енгізу жөніндегі ма­ңыз­ды реформаның мән-маңызы да жан-жақты талқыланды. 
Партиялық тыңдау кезінде жасалған ұсыныстардың барлығы жақын күндері тиісті органдарға жолданбақ.
Айта кетейік, елімізде соңғы 5 жыл ішінде 381 денсаулық сақтау нысандары салынған болса, оның 19-ы – аурухана, 41-і – емхана және 314-і – дәрі­герлік амбулатория. Мемлекет меди­циналық мекемелерді заманауи қымбат жабдықтармен қамтамасыз ету жайын да назардан тыс қалдырмауда. Нәтижесінде, медициналық көмек көрсету жоғары технологиялық деңгейге жетті. Әсіресе, кардиохирургия, трансплантология, нейрохирургия, травмотология, ортопедия және тағы басқа салалар бойынша көрсеткіштер жоғары.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»