Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіретіні де бүгінде баршаға мәлім жайт. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.
Қазақстан Ресей империясының құрамында болған кезде қазақтардың бірыңғай әнұраны болмады. Қазақтарды ұлт-азаттық көтерілістерге қарсы қайсар ерлікке рухтандыратын ақындар мен жыраулардың жеке әндері ғана бар еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін қайсар халқымыздың бірнеше ұрпақтарының көп ғасырлық арманы – азаттық пен зайырлылықты бейнелейтін жаңа әнұранын әзірлеу қажеттігі туындады. Әнұранның сөзі де музыкасы да рухты көтеретін салтанатты, үлкен мұраттарға бастау тиіс-тін. Ол – адамға қуат беріп, мерейін асырып, ерекше патриоттық сезімге бөлейтін музыкалық шығарма. Қазіргі Әнұран «Қазақ вальсінің королі» атанған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың елге бұрыннан таныс «Менің Қазақстаным» әнінің негізінде және ақын Жұмекен Нәжімеденов шығармасының мәтініне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев енгізген өзгерістер бойынша Мемлекетіміздің ресми Әнұраны болып біржолата бекітілді.
Алғаш рет «Менің Қазақстаным» әнін Мемлекеттік гимн ету туралы Елбасы Н.Ә. Назарбаев Парламентке жолдаған хатында: «Еліміздің қай түкпіріне барсам да кәрі де, жас та Әнұрандық мәртебесі болмаса да, аса көрнекті компазиторымыз Шәмші Қалдаяқовтың ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстанымды» Әнұран есебінде шырқағандарының талай куәсі болдым. Біріншіден, Әнұранда ғасырлар бойы Тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілуі тиіс. Әнұранның әуенінен Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген шексіз махаббат аңғарылса, сөзінен жан дүниемізді танытар ұлттық қасиетіміз бен бейбіт пейіліміз, досқа ашық құшағымыз, еркіндікке құштар кең көңіліміз жақсы көрініс тапқан. Екіншіден, мәтінде ата-бабалардан қалған асыл мұрамыз – жеріміздің кең байтақтығы орын алуы керек. Үшіншіден, еліміз бен жеріміздің байлығы біздің ұрпақтарымыздың болашағына жарқын жол ашатыны да айқын көрініс тапқаны жөн. Ең бастысы, біздің Тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі – ел бірлігі баса көрсетілуі керек. Осы уақытқа дейін бейресми Әнұран қызметін атқарып келген бұл әнге ресми мәртебе беретін күн жетті деп есептеймін», – деп жазған еді.
Сөйтіп, «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы 6 қаңтарда ресми түрде Парламентте талқыланып, «Мемлекеттік рәміздер» туралы Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, мемлекет гимні болып бекітілді. Жаңа Әнұран баспасөзде жарияланған күннен, яғни, 10 қаңтардан бастап күшіне енді. Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісу құрметіне арналған салтанатты рәсімі кезінде 11 қаңтарда, Астанадағы Ақордада алғаш рет орындалды. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Әнұранының тұсаукесеріне әлемнің 70 елінен келген мәртебелі қонақтар куә болған. Ән жеңіл орындалады. Сөзі жаттауға, есте сақтауға ыңғайлы, екпінді, жігерлі, сондай-ақ, тілге жеңіл, жүрекке жылы. Бұқаралық сипат алуының сыры да осы қасиетінде. Бүгінде ән өзінің өміршеңдігін танытты.
Алматыдағы Ы.Алтынсарин атындағы Алматы қалалық №159 гимназия ұжымы осынау өткен жылдар ішінде мәртебелі ұлттық саздың рухын жасөспірімдер алдында аспандату үшін талай-талай мазмұнды шаралар өткізді. Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің жан жары Нәсіп апамен оқушылар қауышып, естеліктер тыңдады. Мұндай үйлесімді жүздесулердің жас ұрпақ тәрбиесіне тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Әннің мәтініне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінің жазылуының да мәні зор, әлеуеті асқақ. Бір сөзбен айтқанда, самұрық әннің Ұлы Далада салтанат құруы – Қазақ рухының аспандауы деп білемін.
Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері
АЛМАТЫ