Аймақтар • 05 Маусым, 2017

Парасатты полицей

307 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда қызметінің қыр-сырын жетік меңгеріп, адамдық болмысымен аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтарымыз аз емес. Қылмыспен күрес жолында полицияның әр бөлімшесінің өзіне тән қызметі және міндеттері бар. Біз бүгін осы бағытта түрлі қылмыстарды ашып, қызмет көрсету аумағында құқықтық тәртіп пен тыныштықтың сақталуына сүбелі еңбегін қосатын учаскелік полиция инспекторларының еңбегін ерекше атап өтуіміз қажет.

Парасатты полицей

Солардың ішінде атал­ған салада өз қызметіне адал берілген қызметкер,  қара­ғандылық Дәурен Алтаев та бар. Дәурен Қасымжанұлы Қарағанды қаласы ішкі істер бөлімі Жаңа Майқұдық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры. Өз қыз­метіне адал берілген Дәурен Қасымжанұлының ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүргеніне қазіргі таңда 20 жыл толып отыр. 
Дәурен Қасымжанұлы 1976 жылдың көктемінде Қарағанды облысы, бұрынғы Талды ауданы, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы, Абыралы ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. 1982 жылдың күзінде алғашқы мектеп табал­дырығын аттап, сол мектеп қабырғасында 11 жылдық білімін алып шығады. Мектеп бітірген соң, Отан алдындағы борышын атқару үшін әскерге аттанады. Әскерден кейін,  1996 жылы ішкі істер органында ең алғаш рет еңбек жолын бастайды. Жол-патрульдік қызметінде еңбек етіп, өз әріп­тестеріне сыйлы, беделді қыз­меткер атанады. Сол жылдарда жинаған білім мен бі­ліктілігі нәтижесінде кезекші бөлімнің жедел кезекшісінің көмекшісі болып лауазымы ауы­сады. Ең­бек пен оқуды қатар алып жүрген ол Б.Бейсенов атын­дағы Қарағанды жоға­ры мек­тебіне сырттай тү­сіп, заңгер мамандығын алып шығады. Оқуын 2005 жылы аяқтап, офицер атанады. Содан бас­тап, яғни 2006 жылдан бері учаскелік полиция инспекторы қыз­­метін адал атқаруда. Отбасын­да зайы­бы екеуі төрт бала тәр­бие­леп отырған үлгі тұтар әке. Дәурен Қасымжанұлы өзінің ішкі істер органындағы қажырлы еңбегінің арқасында облыстық ІІД және қалалық ІІБ басшылығы тарапынан бірнеше мәрте, сондай-ақ, мінсіз қызметі үшін II және III дәрежелі медальдармен марапатталғанын айта кеткен жөн. Ішкі істер министрлігі тарапынан 2006 жылы «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған. 
Д.Алтаевтың соңғы уақыт­тағы ерен еңбегінің бірден-бір дәлелі ретінде қызмет атқару бары­сында бір отбасының төрт бірдей баласын өрттен құт­қарып алып шыққан ерлігін айтуға болады. 
Оқиға барысын қысқаша тарқататын болсақ, сол күні әдеттегідей жұмыс уақытында Дәурен Қасымжанұлын Май­құдық елді мекенінде өз аума­ғындағы үйлердің біріне жетуі туралы хабарлама түседі. Әдет­тегідей отбасы жанжалы болар деп, хабарлама түс­кен мекен-жайға жеткен­де бес қабатты үйдің бесінші қа­ба­тының өртеніп жатқанын көреді. Ес-түстерінен айырыла шулаған көршілер үйдің ішінде балалардың барын айтады. Сол сәтте өрттің қара түтініне қарамастан, Дәурен Қасымжанұлы білек сыбана балаларды құтқаруға тырысады. «Пәтерге кірсем, түтіннен басқа ештеме көрінбейді екен. Дереу бір матаны суға малып, бетіме орап, бөлмелердің ішінен балаларды іздедім. Қарасам, төрт бала кереуеттің үстінде бірінің үстіне бірі үймелеп жатып қалған. Ес-түссіз. Сол сәтте, демім де таусылуға шақ қалды... Соңғы күшімді сар­­қып, балаларды иығыма арқа­лап сыртқа алып шықтым. Ал­ға­шында екеуін, кейін екі бала­ны шығардым. Екінші рет кіре­йін дегенімде, өрт одан әрі өр­шіп, маңайлатпайды. Сонда да еш кідірместен, жанымды шүбе­рек­тің ұшына түйіп, балаларды құтқардым», – дейді Д.Алтаев сынақты сәтті еске алып. 
Міне, қызметіне деген осын­­­дай адалдығының арқа­сын­да, төрт сәбидің өмірін ажал­­­­­дан арашалап алып қалды. Қы­р­­шы­нынан қиылар еді, қа­йыра өмір сыйлады. Хал­қымыз «Ер – еңбегімен ең­селі» деп бе­кер айтпаса керек. Ендеше, осын­­дай еңсесі биік аза­мат­тары­мыз аман болып, еліне ең­бегі сіңсін деп тілек біл­дір­еміз. Ортамызда, Дәурен Ал­таев­тай қайсар жандар көп болғай.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы