Аймақтар • 05 Маусым, 2017

Абаттанған Алакөл

163 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

саяхатшыларды асыға күтеді

Абаттанған Алакөл

«Былтыр күзде облыс әкімі Даниал Ахметов ауданға арнайы келіп, Алакөлге байланысты жиын өткізген болатын. Сол жиында көлге абаттандыру жұмыстарын дұрыс жүргізбейтін, санитарлық талаптарды дұрыс сақтамайтын кәсіпкерлердің демалыс базасын іске қосуға 2017 жылы рұқсат берілмейтінін айтқан-ды. Қазіргі уақытта мұндағы 147 демалыс базасының 43-і туристерді қабылдауға дайын. Қалғандары 1 шілдеге дейін аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Егер осы мерзімге дейін аяқтамайтын болса, олардың демалыс орындары ашылмайтын болады», деді Үржар ауданы әкімі Серік Зайнулдин.
Алакөлді абаттандыру үшін облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінгені белгілі. Аудан басшысының айтуынша, бұл қаржының 150 миллионына үлкен саябақ салынып жатыр. Құрылысы 20 маусымға дейін аяқталады. Сонымен қатар, Алакөлде заманауи талаптарға сәйкес келетін дүңгіршектер мен үлкен жағажайдың құры­лысы қызу жүргізіліп жатыр. Жағалауға сексен үш бейнекамера орнатылады, төрт полиция, екі медициналық бекет бой көтереді. Отызға жуық полицей тәулік бойы қызмет көрсетеді. Жеті шақырымнан астам жол асфальтталып, екі ша­қырымнан астам жаяу жүр­гіншілер жолы салынады. Тағы бір жағымды жаңалық, мұнда автобекет пен автотұрақ іске қосылады. Серік Зайнулдин аудан тұрғындары Алакөлдің жағасына 760 метр аумаққа өз еріктерімен гүл және ағаш көшеттерін отырғызғанын айтып, бұл жердегі жұмыстардың 1 шілдеге дейін толық аяқта­латынын жеткізді. Ал суға түсу маусымы 20 маусымға қарай басталады.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы