Десек те, тарихи нысанға баратын жолдың жоқтығы осы уақытқа дейін жанға батып келген еді. Осы мәселеге орай мекеме басшысы Т.Молдақынов жоғары биік мінберлерден талай мәрте мәселе етіп көтеріп келген болатын. Көтерілген мәселе өткен жылы оң шешімін тауып, Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаевтың тікелей араласуымен бүгінде қалашыққа апаратын жол құрылысы қызу жүргізілуде. Осылайша былтырғы қараша айында Ақыртасқа апаратын жолдың құрылысы басталып та кетті.
Бүгінде мердігер құрылысшылар 7,1 шақырымды құрайтын жол жабынын (асфальт) төсеу жұмыстарын жүргізуде.
– Санаулы күндерде басталғалы отырған халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне келетін туристердің, тарихы тереңде жатқан киелі өңірімізге де атбасын бұратыны сөзсіз. Осыған орай, құрылыс қарқынын жеделдетіп, жол жөндеу жұмыстарын үстіміздегі жылдың 5 маусымына дейінгі аралықта, мерзімінен бұрын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді жол салушы мамандар.
Қазіргі таңда жол бойында темір-бетон құбырларын орнату жұмыстары аяқталып, асфальт төсеу жұмыстары басталуда. Жұмысшы күші мен техника жеткілікті. Қаражат та уақтылы аударылуда. Жолдың сапасын бақылаушы компаниялар жолды өз назарларында ұстап отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін қалашықтың негізгі бөлігінде ежелгі қалашық аумағын аралайтын ішкі арбат жиектері қайта жөнделіп, ретке келтірілген болатын. Кешенде атқарылып жатқан қайта жаңғырту, абаттандыру жұмыстарының барлығы дерлік «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне әзірлік аясында жандана түсуде. Туристік бағыт тізбесіне енген тарихи нысан осылайша меймандарды жаңа бет-бейнесімен қарсы алмақ.
Алмас МҰХТАРОВ