05 Маусым, 2017

Хайретдин Болғанбаев – менің туған нағашым

892 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

– дейді оның жиені Достық Кәмелов

Хайретдин Болғанбаев – менің туған нағашым

– Хайретдин Болғанбаев – менің туған нағашым, анам Болғанбаева Гүлнар Хайретдинқызының туған әкесі. Қазіргі Қарағанды облысы, Нұра ауданында дүниеге келген, яғни, осы Арқа өңірінің тумасы. Әкесі Әбдірахман Меккеге барған, қажы болған кісі. Көзі ашық, білім­ді адам. 
Атамыз үйіндегі балалардың үлкені, екі інісі мен қарындасы болыпты. Қызылжарда молданың алдын көріп, арабша, татарша үйренген. Орынборда Хұсайын медре­сесінде мұсылманша бі­лім алған. Өзі бұл туралы: «Қолым­да қаражатым болмады, шәкірт­ақымен күн көрдім. Оқу жылы біт­кен соң Түркістанда көпестің балаларын оқыттым», деп еске алады. 
Х.Болғанбаевтың өмір жолын, еңбек жолын зерттеген тарихшы, әдебиеттанушы ғалымдар оны қазақ журналистикасының бастауында тұрған адамдардың бірі деп санайды. Шындығында, «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде жиі жазып, «Бірлік туы» газетінде бас редактор болған. Қызылжарда, Ақ­молада, Ташкентте жастарға білім беруді ұйымдастырған. Мұстафа Шоқай, Зәки Уәлиди Тоған сынды тарихи тұлғалармен үзеңгілес болып, Түркістан автономиясын құруға ат салысқан. Соған қарап, Х.Болғанбаевты Алаш қайрат­керлерінен бөле қарауға, қарсы қоюға әсте болмайды. Себебі, ата­мыз Алашорданың Ақмола комитетіне төрағалық жасаған, «Алаш автономиясы» атты көлемді мақала жазған. 
– Хайретдин Болғанбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс­­тер­ді өз көзіңізбен көрген екен­сіз?
– Мен өзім ҰҚК архивіне бардым. Х.Болғанбаевтың қызы­­нан тарайтын тікелей ұрпағы ретін­де НКВД-ның тергеу материал­­дарымен танысуға рұқсат алдым. НКВД №05542 және №011494 қылмыстық ісін өз қолым­мен ұс­тап, оқып шықтым. Сол құжат­тар­­да көрсетілгендей, Хай­ретдин Бол­ғанбаев екі рет сотқа тартыл­ған. Алды­мен 1930 жылы Әли­хан, Ахмет, Міржақыптар бастаған 43 адамның арасында тұтқынға алынып, революцияға қарсы іс-әре­кеттері үшін 5 жылға Сібірге жер аударылыпты. 
1934 жылы айдаудан келгеннен кейін де Ахмет Байтұрсынов, Жақып Омаров сынды Алаш қайрат­керлерімен байланысын үз­беген. Көп ұзамай, 1937 жылы ОГПУ екінші рет тұтқындап, қыл­мыс­тық іс НКВД Алматы облыстық бөлімшесінің қарауына беріледі. 21 қарашада «Үштік сот­тың» шешімімен ату жазасы таға­йындалып, 23 қараша күні жаза күшіне енді. 
Жалпы, Алаш арыстарының қай-қайсысы да бүгінгі ұрпақ­тың құрметіне лайық, тағзым етуге тұратын азаматтар. Ен­деше, олардың бірін айтқанда, екін­шісін ұмы­тып кету үлкен қателік, әділет­сіздік деп санаймын. Нағашы атам Хайретдин Болғанбаев туралы өз бетімше зерт­теу жүргізіп, атамыз­ды на­си­хаттауға бел шешіп кірісуіме осы себеп болды. 
– Жалпы, Алаш арыста­рының көпшілігінің артында ұрпақ қал­мағаны белгілі. Хай­ретдин Бол­ғанбаевтың қызы Гүлнардан бас­қа да ұрпақтары туралы айтып өтсеңіз?..
– Атамыздың артында ұрпақ­тары қалғанын бертінге дейін ға­лымдар білген жоқ. Үлкен ұлы Ерік Екін­ші дүниежүзілік со­ғыс­қа қатысқан, ғылыммен шұ­ғыл­данған. Орталық комитетте Ауыл шаруашылығы бөлімін бас­қарған. Осылайша, Хайретдин Болғанбаевтың өзі Мұстафа Шо­қай, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұрсынов, Мағжан ақындармен үзеңгілес болса, ұлы Ерік Дін­мұхамед Қонаевпен жұмыс барысында араласқан. Ерік атамыз осыдан бірнеше жыл бұрын өмірден озды. Екінші ұлы Серік кішкентай кезінде Сібірде, қазіргі Коми республикасы Сыктывкар қаласында шетінеп кетіпті, сүйегі сонда жатыр. Ол туралы кейінірек тоқталамын. Гүлзи есімді қызы да жас кезінде қайтыс болған. Екінші қызы, менің анам Гүлнар Астанаға жақын жердегі Сабынды ауылында тұрды, көп жылдар мектеп директоры болып жұмыс істеді, Ленин орденімен марапатталды. Әкесінің ақталғанын, адал есімі қайтарылғанын көрді. Белгілі алаштанушы ғалымдарды үйімізге шақырып, қолынан дәм татқызып, әкеміз туралы есінде қалған естеліктерді айтып берді. 
1930 жылы атамыз Сібірге ай­далғанда Хайретдин Болған­баев­тың жары Рахима әжеміз шиет­тей үш баласын алып, артынан із­деп барған. Кенже ұлдары Мұрат сол жақта туған. Ерік есімді кіш­­кен­­тай ұлдары сол жақта ауы­­р­­­ып қай­тыс болған. Сібірдің аяз-бо­ранында төрт жыл азап ше­гіп, елге жарымен бірге оралған. Рахима әжеміздің қайсарлығы оның тектілігінен, тамыр тартады. Әкесі Әкпар Ақмола облысындағы атақты көпес Халфин Уәлидің ұлы. Өзі хан тұқымына жиен болып келеді. 
– Халық жауының ұрпағы ретінде қағажу көрген кездеріңіз болды ма?
– Анамыз Гүлнар өте білімді, іскер, көрікті адам еді. Еңбегімен, қайсар мінезімен ортасын мойын­датып, біраз жетістікке жетті. Мек­теп директоры болды, Ленин орденімен марапатталды. Ауыл­дың адамдары «Гүлнар Хай­ретдинқызы, сенің нағашы атаң Кеңес үкіметінің жауы болған. Ал сен қалай мектеп директоры болдың, Ленин орденін қалай алдың?» деп талай рет бетіне басатын. Анамыз үйге келіп жылайды, басқа қолынан келері жоқ. 
Бала кезімізде кешқұрым мал өрістен қайтатын уақытта сиы­­рымды айдап әкелейін деп табынның алдынан шығамыз ғой. Сонда ауылдың кейбір шалдары қолындағы таяғымен түртіп: «Сенің нағашы атаң халықтың жауы болған. Біздің жанымызда не істеп жүрсің?!» дейтін. Үйге келіп анамнан «халық жауы» деген не?» деп сұраймын, «Өскен соң түсінесің. Енді сиыр келмей қалса да, бармай-ақ қойшы» деуші еді. 
Одан бері талай жыл өтті, жа­сым жер ортасынан асты. Ха­лықтың жауы кім, шын жанашыры кім екенін түсіндік. Бірақ бәрібір бала кезіңде естіген, көрген салқындықтар көңіліңнің бір түкпірінде қалып қояды екен. 
– Атаңыздың есімін ел есінде жаңғырту үшін жасалып жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма?
– 2009 жылы Астанада Хай­ретдин Болғанбаевтың атына көше берілді. Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы құрастырған «Хайретдин Болғанбаев. Шығар­малары. Тағылымы» атты кітап жарық көрді. «Иман күші» деп аталған тағы бір кітап басылып шықты. Мен атамыз туралы 250 беттен асатын деректерді жинап қой­дым. Алдағы уақытта кітап етіп шығармақпын. Алаш арыстары туралы көптеген фильмдер жарыққа шығып жатыр, Хай­ретдин Болғанбаев та осындай құрметке әбден лайық деп санаймын. Құдайға шүкір, атамыз атаусыз қалды деп өкпелейтін жөніміз жоқ. Ең бастысы, артында ұрпағы қалды, шөберелері өсіп келеді. Хайретдин Болғанбаев туралы ең үлкен естелік – еңбегін елінің ұмытпағаны, ұрпағының өсіп жатқаны деп ойлаймын. 

Әңгімелескен 
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»