Медицина • 05 Маусым, 2017

Қалыңмалға – 26 сиыр, 105 қой, 6 жылқы

232 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында бір топ белсенді азамат бірнеше жыл бұрын жергілікті араб жазулы құлпытастарды зерттей бастаған болатын.

Қалыңмалға –  26 сиыр, 105 қой, 6 жылқы

Бұл бастама кейін Алматыдағы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты тарапынан қолдау тауы­п, «Қазақ халқының мәдени ес­керткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы ретінде (Батыс Қазақстан об­лы­сының эпиграфикалық ес­керткіштері негізінде)» атты үш­жылдық жобаға айналды. Міне, 2015-2017 жылдар аралығына жоспарланған осы жоба аясында өңірдің бірнеше мың көне ескерткіші суретке түсіріліп, оқы­лып, көптеген тарихи тұл­ғаларға қатысты тың деректер анықталды. Мысалы, Кіші жүз хандары Есім Нұралыұлы мен Жантөре Айшуақұлының, Дәуқара, Тайлақ, Науша батырлардың, басқа да көптеген тарихи тұлғалардың жатқан жері, өмір сүрген жылдары нақ­ты белгілі болды. Батыс Қазақ­стан облысы аумағындағы араб жазулы көне құлпытастар халық­аралық ұйымдардың да на­зарына шалынып, 2017 жыл­дың наурыз айында Ислам әріп­тестiк ұйымы жанындағы Ис­ламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеу ғылыми орта­лығы (IRCICA) тың ұсыныс біл­дірді. Осылайша, БҚО-ның Ақ­жайық ауданы аумағында жатқан Мәулімберді діни-ағарту орталығы, Кіші жүздің билеушісі болған Жантөре хан Айшуақұлы жерленген «Хан зираты» (Теректі ауданы) және Бөкей ордасының соңғы би­леушісі Жәңгір хан Бөкейұлы жерленген «Хан зираты» кешені бойынша 3 кітап шығару жос­парланды.
– Біздің осы ізденістерімізді толықтыратын тағы бір тың ба­ғытты қолға алдық, – дейді жо­баның Батыс Қазақстан облысы бойынша үйлестірушісі Жантас Сафуллин. – Яғни, Башқұртстанның астанасы Уфа қаласындағы Ұлттық архивте ХІХ ғасырдағы қазақ даласында болған мешіттердің Тіркеу кітаптары сақталғанын анықтап отырмыз. Алматылық Ескендір Төремұратов деген азаматтың көмегімен біздің қолымызға 1865 жылғы бірнеше метірке-журналдың көшірмесі түсті. Араб жазуындағы бұл құ­жат­тарды ғалым Сайпулла Мол­лақанағатұлы оқып, аударуда. 
Мешіт имамы жүргізген тіркеу кітаптары 4 бөліктен тұрады екен. Мысалы, метіркеде дүниеге келген нәрестенің аты, жынысы, туған жері, туған күні мен айы, әке-шешесінің аты-жөні, руы, туған жері және осы мәліметтерді тіркеген имам­ның аты-жөні жазылған. Сол сияқты, дүниеден өткен адам­ның уақыты, өлім себебі, жерленген жері, жаназасын оқы­ған имамның аты-жөні ту­ралы деректер енгізілген. Неке қию туралы бөлімінде не­келесушілердің аты-жөні, жасы, руы, қос тараптан куә болған туыстарының аты-жөндері, руы, берілген қалың малдың мөлшері, ру таңбалары, неке қиған имамның аты-жөні тір­келген. Сондай-ақ талақ (ажырасу) оқиғасы тіркелген бөлімде ажырасушылардың аты-жөні, руы, талақ ету себептері, куәлар­дың аты-жөні, руы, тіркеген мол­даның аты-жөні, ру таңбасы көрсетілген.
– Бұл жазбалардан біз тіркеу кітабының қазіргі замандағы АХАЖ (ЗАГС), сот, нотариус, халыққа қызмет көрсету орта­лығының (ЦОН) қызметін бір өзі атқарғанын көреміз. Тіркеу кітабы сол кезеңдегі қазақтардың арасындағы туыстық және мү­ліктік қарым-қатынастарды реттеп отырған. Яғни осы кезге дейін әр жерде айтылып жүрген «қазақтар надан болған, жазу-сызуы болмаған» деген пікірді теріске шығарып отыр, – дейді Жантас Сафуллин.
БҚО тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыздықовтың пікірінше, метірке кітабындағы жазбалар сол өңірдегі халықтың саны мен әлеуметтік жағдайын, же­рі­міздің байырғы атауларын білуге мүмкіндік береді.
– Тарихи демография та­қы­рыбында жазған ғылыми еңбегімізде көбінесе Ресей империясында жүргізілген санақ нәтижелерін пайдаланып, соған сүйенетін едік. Мешіттердің тіркеу кітаптары бұл тарап­тағы ғылыми зерттеу ісін толық­ты­ратын, тың мәліметтер қоса­тын жаңалық екендігінде сөз жоқ. Ресей және Қазақстан архив­теріндегі барлық мәліметті жинап, кешенді зерттесе, өткен ғасырлардағы қазақ қоғамының толық суреті шығатыны анық, – дейді Мұрат Наурызғалиұлы.
Метіркелік кітаптар – өлке тарихында бұрын-соңды зерттелмеген тың тақырып. Тарихшы ғалым Жәнібек Исмурзиннің айтуынша, метіркелік кітаптар нақты мәлімет береді. Уфа қа­ласындағы архивте кезінде құрамына қазақ даласы да кірген Орынбор муфтиятына қатысты 71 мың құжат сақтаулы көрінеді. Бұл құжаттардың қазақ сахарасындағы дін мәселесін зерт­теуде, рулық-тайпалық ше­жі­рені анықтауда, өлке тари­хын түгендеуде маңызы зор болмақ. 
Метіркелерді оқып, қазіргі жазуға аударып жатқан ғалым Сайпулла Моллақанағатұлы қызықты деректерді ортаға салды: Мәселен, 1865 жылы Іш­кі ордадағы І Теңіз округінде қыздың қалыңмалы үшін күйеу жігіт жағы 16 сиыр, 60 қой, 3 жылқыны бірден беріп, 10 сиыр, 45 қой, 3 жылқыны кейін әкелуге уәде ететін болған екен. 
Әрине, метіркелерді зерттеу жұмысы жаңадан қолға алынып жатыр. Зерттеу жұмысы ба­рысында кейбір танымал тарихи тұлғалардың туған кезі­нен бастап өмірден өткенде қойылатын құлпытасына дейінгі аралықты анықтап, ғылыми айналымға қосу мүмкіндігі туды. Өлке тарихының жанашырлары болашаққа жоспарланған жұ­мыстарды жүйелі жүзеге асыру үшін арнайы ғылыми-зерттеу ор­­талығын құру қажеттігін айтады. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ 
Суретті түсірген 
Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ