Адамзаттың рухани құндылықтарын дамыту және сақтай білу – өскелең ұрпақтың борышы. Осыған орай облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымдарының одағы» қоғамдық бірлестігінің және облыстық білім басқармасының қолдауымен аталған іс-шара өз мәресіне жетті. Елбасының «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» тұжырымдамасы шеңберінде өткен саммитке Білім және ғылым министрлігі, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, зерттеушілер, балалар қоғамдық қозғалысының жетекшілері, мүгедек балалар ата-аналары, педагогтар, түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – өскелең ұрпақтың өз мүмкіндіктері мен шығармашылық жігерін жану, олардың бойында өз ұмтылыстарын ұштай отырып, жа-уапкершілік пен толеранттылықты, мәдениет пен бітімгершілікті бойларына сіңіре білу. Саммит өткен үш күн ішінде Ақмола облысының 30-ға тарта балалар ұйымдарының жеткіншектері үшін көптеген шаралар ұйымдастырылды. Іс-шара аясында өткен көрмеге келушілер инновациялық жобаларды тамашалап, жастар ұйымдары жеткен жетістіктермен танысты. Сондай-ақ, заманауи технологиялар жөнінде шеберлік сыныптары өткізіліп, ғылыми-практикалық конференцияда жастардың мүмкіндіктері жан-жақты сарапталды, өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу барысы сөз етілді. Саммит соңында үздік балалар марапатталды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы