Кешті Әдебиет институтының проректоры, жазушы, әдебиеттанушы Сергей Дмитренко ашты. «Біздің институтта ақын, жазушы, әдебиеттанушы болсам деген арманы бар жастар оқиды. Біз олардан әлем әдебиетін жақсы білуді талап етеміз. Олар енді Дулат Исабековтің шығармаларын да қызыға оқитын болады» деді Сергей Дмитренко.
Кешті «Художественная литература» баспасының директоры, жазушы Георгий Пряхин жүргізді. «Қазақ әдебиеті – ұлы әдебиет. Кеңестік кезеңде орыс және қазақ жазушылары бір-бірінің шығармасын аударып, тығыз байланыста болса, қазір сол рухани байланыс үзіліп қалды. Өкініштісі, қазір сол рухани байланыс үзіліп қалды. Дулат Исабековтің төрт томдық таңдамалы шығармалар жинағы біздің баспадан жарық көрді. Дулат Исабеков – терең, интеллектуал жазушы. Әрбір шығармасы оқырманға ой тастап, мәңгілік сұрақтарға жауап іздетеді. Дулат Исабеков – орыс оқырманы ғана емес, әлем білуге тиіс жазушы.
Жазушының орыс тілінде жарық көрген төрт томдығы орыс оқырманы үшін, орыс әдебиетшілері үшін құнды дүние. Маусымның 3-6 аралығында Мәскеуде өтетін «Красная площадь» атты кітап көрмесінде қазақ жазушысының төрт томдығын оқырман назарына ұсынамыз» деді Георгий Пряхин.
«Қазір бұқаралық әдебиет өтімді, себебі, түсінікті. Қоғам ілгері дамуы үшін, көркеюі үшін шынайы әдебиет керек. Айналып келіп классиктерді, Дулат Исабековтерді оқимыз. Дулат Исабековтің шығармалары – қазаққа, орысқа, жалпы әлемге ортақ. Себебі, ол шынайы суреткер» дейді жазушы Н.Анастасьев.
Әдебиетші Ксения Храмцова «Дулат Исабековтің шығармаларын оқып отырып таңғалғаным, трагедиялы кейіпкерінің өзі оқырманның өмірге деген құштарлығын оятады. Мұндай образ жасау – тек қана шебер суреткердің ғана қолынан келеді. Кейбір жазушылар кейіпкерлерін «биікке отырғызып қойып», өздері кейіпкерлерімен сыбырласып сөйлеседі. Олардың кейіпкерлері ешқашан қателік жасамайтын секілді. Абсурд! Ал Дулат Исабековтің кейіпкерлері кәдімгі ет пен сүйектен жаратылған пенде, олар қателеседі, мұңаяды, жылайды, күнәсіне өкініп, тәубе етеді. Дулат Исабеков кейіпкерлерін өбектеп, еркелетпейді, қорғамайды, оның кейіпкерлері өздеріне өздері адвокат, өздерін қандай қиын жағдайда да қорғай алады. Дулат Исабеков – оқырманға ақиқатты танытатын жазушы, ойлы суреткер. Ресейде Дулат Исабековті кеңінен жарнамалау керек» деп жазушының шығармашылығына жоғары баға берді. Бір айта кетерлігі, әдеби кешті Мәскеуде білім алып жүрген қазақ жастары ұйымдастырды. Негізгі ұйымдастырушылардың бірі, Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің аспиранты Бану Оңдасыновамен пікірлесіп едік.
Бану ОҢДАСЫНОВА, Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің аспиранты:
Дулат Исабековтің шығармалары қайталанбас даралыққа ие
Дулат Исабековтің шығармашылық кешін Мәскеуде өткізу туралы идея Мәскеуде білім алып жүрген қазақ жастары арасында туындап, елшіліктің көмегіне сүйеніп, тез арада жүзеге асырылды. Дулат аға драматургиялық шығармаларының театрларда қойылуымен қазақ жастары арасында өте танымал, сүйікті автор. Әңгімелері мен пьесалары орыс тіліне аударылғанын да Мәскеудегі қазақ студенттері бірінші болып естіп, талқыға салғанбыз. Орыс тіліне аударылу сапасын, қазақ тұрмысындағы әдеби шығармаларға арқау болатын түйткілдердің орыс оқырманы үшін қаншалық қызық болатынын өзара әңгімелесе келе, Мәскеуге қазақ жазушысын шақырып, әдеби кеш ұйымдастырып, онда Дулат ағаның шығармаларын орыс тілінде оқып үлгерген әдеби орта өкілдерін, әдебиеттанушы, орыс қаламгерлерінің басын қосуды ұйымдастырдық. Дулат ағаның шығармаларын орыс тілінде төрт томдық кітап етіп басып шығарған «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхин ұсынысымызға қуана келісті. Дулат Исабеков шығармашылығындағы даралықты, идеялық-мазмұндық айшықтарын, сюжеттік құрылымында өзіндік стилі, мәнері бар екенін, оны орыс аудиториясына таныстырудың маңыздылығын айтты. Шығармашылық кешке мәскеулік жазушылардан, қазақ-орыс мәдени байланыстарын қадағалап жазып жүрген орыс журналистерінен кімдерді шақыру керектігін айтып, жан-жақты қолдау көрсетті.
Әдебиет институтының үлкен залында Дулат ағаның кешіне әдебиетке қызығушылығы бар жастар, аударма ісі мамандары, әдебиет пәнінің оқытушылары, Мәскеудегі қазақ студенттері жиналып, қаламгердің шығармашылығы туралы, әңгілемелері мен пьесаларының орыс тіліне аударылуы туралы әдемі кеш өткіздік. Кеш барысында Дулат аға әдебиетке келуін, қандай жазушыларды сүйіп оқығанын, соғыстың басталуына тап келген балалық шағындағы ауыртпалықтарды, одан кейінгі жылдардағы жоқшылық, жетімдік азабы, қара жұмысқа бала кезінен кірісуге мәжбүр болғанын, осының бәрі сезімтал баланың нәзік жүрегіне әсер етіп, ол кісіге қалам ұстатып, әдебиетке тым ерте әкелгенін қызықты етіп орыс тілінде әңгімелеп берді. Әдеби шығармаға енуге сұранып тұрған өз өмірінен алынған көп эпизодтардың әңгімелеріне арқау болғанын, шығармаларындағы кейіпкерлердің кейбіріне айналасындағы адамдар прототип болғанын баяндап берді. Орыс жазушылары мен әдебиеттанушылары Дулат ағаның шығармаларындағы сюжет құрудағы шеберлігін, драматургиялық шығармаларын болашақта Ресей театрларында қою қажеттігін айтты. Өйткені, кейіпкерлерінің табиғаты қазіргі заманғы оқырман үшін қызық, өзекті, рухани тынысы тарылған қазіргі қоғамды ізгілікке шақыратын моральдық қуаты зор екенін жазушының шығармаларын оқып шыққан орыс әдебиеттанушылары алға тартып, сөздерін шығармаларындағы үзінділермен дәйектеді. Залға жиналған қауым жазушының әзілге толы әдемі әңгімесін үлкен ықыласпен тыңдап, рухани серпіліп қалдық.
Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің жанашыры, қазіргі Ресейдегі елшіміз Иманғали Тасмағамбетов болашақта Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы елшілігі жанынан қазақ мәдениеті орталығы ашылатынын айтты. Дулат Исабековтің шығармаларын ресейлік театр сахналарына шығару туралы идея өте орынды, болашақта орыс режиссерлеріне оқытып, осы мәселені елшілік қолдауымен ойластырған жөн. Проза өз алдына, драматургияны жаза білу – жазу өнерінің ерекше бір қыры. Драматургияда Дулат Исабековтің шығармалары қайталанбас даралыққа ие, мазмұнынан қазіргі заманның тынысын терең түсініп жазатын суреткер екенін бірден байқатады. Осы бағытта дұрыс жұмыстар жасалып, жазушы туындыларын ресейлік театрлар сахнасына алып шықсақ деген үмітіміз бар.
Аягүл МАНТАЙ