Кеше Парламент Сенатында палата Төрағасының орынбасарлары Мұхамбет Көпеев пен Александр Судьиннің қатысуымен және Қаржы және бюджет комитетінің басшысы Қайрат Ищановтың төрағалық етуімен «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болды.
Қаржы министрі Б.Жәмішев пен Экономикалық даму және сауда министрі Қ.Келімбетов депутаттардың алдында сөз сөйлеп, әлеуметтік саланың, ауыл шаруашылығының, аймақтық инфақұрылымның нысандарын салуды бюджеттік қолдау мәселелеріне қатысты көптеген сауалдарға жауап берді.
Таныстыру барысында 2011-2015 жылдардағы макроэкономикалық болжам көрсеткіштерінің өзгеруіне байланысты 2011 жылғы республикалық бюджеттің көрсеткіштері нақтыланып отырғаны аталып өтілді.
Республикалық бюджеттің биылғы түсімдері 4 439,9 миллиард теңге көлемінде белгіленді немесе қазіргі бюджетпен салыстырғанда (4 256,6 миллиард теңге) 183,3 миллиард теңгеге ұлғайды.
Бекітілген бюджетпен салыстырғанда бюджет жетіспеушілігі қосымша қаржымен 34,6 миллиард теңгеге ұлғайтылып, оның нәтижесінде дефицит 730,4 миллиард теңгені құрады.
Нәтижесінде 2011 жылғы республикалық бюджет шығыстары 5 170,3 миллиард теңге сомасында қарастырылып отыр, бекітілген бюджетпен (4 952,4 миллиард теңге) салыстырғанда 217,9 миллиард теңгеге ұлғайды.
Бюджетті нақтылаулар әлеуметтік саланы, ауыл шаруашылығын, тұрғын үй-коммуналдық кешенін дамыту, индустриялық-инновациялық бағдарлама мен аймақтық инфрақұрылым құрылысын іске асыру шығыстарын ұлғайтуды көздейді.
Тұтастай алғанда, 2011 жылғы республикалық бюджетті нақтылау жобасы Президент Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауында белгіленген және биылғы 17 сәуірдегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында алға қойған міндеттерді ескере отырып, әзірленген, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.