06 Маусым, 2017

Темірқазық

1287 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Атамекен эпикалық санада айшықталады, туған жер қанымыздың түйіршігінде, жанымыздың түкпірінде, тарихи санамыз бен таным-түйсігіміздің терең қатпарында қатталады. Бұл тұрғыдан алғанда, туған жер тұрған жермен өлшенбейді.

Темірқазық

Қоғамда үлкен серпіліс ту­ғы­зып, қызу талқыланып жатқан Ел­басымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы еліміз үшін жаңа кезеңге ауқымды жол ашып отыр. Расында, ХХІ ға­сыр­да кескін-келбетімізді сақтап, ұлт­тық мәдениет, тарихи жадыны жаңғырту еліміздің рухани өмірінде адастырмайтын темір­қазық іспетті бағдар екені белгілі.

Мақаланың мазмұны еліміз­дің рухани қазынасын еселеп, тамырлы тарихымызды түген­деуге толайым табыс әкелген «Мә­дени мұра», «Халық − тарих толқынында» сынды бағдар­ла­малармен сабақтасып, Елба­сының Ұлытауда берген сұх­батымен, Қазақ хандығының 550 жылдығында сөйлеген сөзі­мен және «Ұлы Дала ұлағат­тары» кітабымен үндес шықты.

Рухани жаңғыру, бұл – өткен тарихымыз бен бүгінгі өміріміз, баянды болашағымыздың үй­лесімді тоғысы. Бұл тоғысу – тарих, тұлға және туған жердің жарасымы арқылы баянды болмақ.

Тарихты тұлғалар жасайды деген түсінік бар. Тарих деге­німіз, түптеп келгенде, туған жерге табанын тіреген, оған қор­ған болған толағай тұлғалардың тағдыры. Ұлы даланың қаһар­мандық тарихы эпикалық сананы, ғажайып дастандарды тудырды. Жыр-дастандарымызда бас кейіпкер әдетте батыр болады, ол туған жерін қорғап даңқы шығады, атажұрты үшін арпалысады. Сондықтан, қасиетті туған жер – тұлғаның темірқазығы.

Ғұндар заманынан жеткен әйгілі аңызда Мөде қағанның ұлтарақтай жерін дұшпанға бермей, туған топырағын қорғап қалғаны мадақталады. Бұл туралы Елбасы ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Ұлы Дала ұлағаттары» атты кітабында: «Қазақтың қасиетті жері – біздің асқақ рухымыз, баға жетпес байлығымыз, мәңгілік мұрамыз. Бағзы тарихымыздың бастауында тұрған заңғар қаған Мөденің арам пиғылды аяр жауға тұлпарын, Жаратқан қосқан жұбайын да ел тыныштығы үшін қиғанымен, кіндік қаны тамған жерін бермей, қаскөй жаумен қырғын соғысқа түсіп, жеңіске жетуі – қанымыз бен жанымыздағы халықтық қасиет, өмірлік өсиет» деп жазған еді.

Осы өміршең өзектен бастау алатын эпикалық дәстүр, сананы сілкіндірген сарын, жыраулық код кешегі Сүйінбай, Жамбыл ақындар жырлаған батырлар жырына дейін ұласып келді. Мәселен, Сүйінбай көзі көрген Сұраншы мен Саурықты елін, жерін қорғаған ғажап сипаттағы ерлер етіп, эпикалық өрнекпен асқақтатады. Осылайша ақын-жыраулар «туған жерге туын тіккен» ерлерін ел жадында мәңгі жаңғыртып, эпикалық кеңістікке көтерді. Сондықтан, Йолықтегін жырлаған Күлтегін мен Жамбыл жырлаған Сұраншы, Өтегенге дейінгі батырлардың бейнесі бір-біріне ұқсас. Күңіреніп күн түбіне жортқан Күлтегінге ұран болған киелі бөрі Сүйінбай жырында бөрілі байрақ болып көтеріледі, Шалкиіз бен Мөңкеде көкжалды бастайтын абадан тұлғасында сомдалады. Осылайша қасиетті ұғымдар алыс ғасырлардан жетсе де, бір-бірінен  шалғай өңірлерде жырланса да үндес, сарындас келеді. Себебі, абыз жырау мен батыр бабаның – тұлғаның арман, мақсаты ортақ, олардың мұраты – туған жерді қорғау, елді жерұйық мекенге қоныстандыру, «қой үстіне бозторғай жұрмыртқалаған» ғажайып заманға жеткізу.

Дүниеде тарихты жасаушы ұлттар болады, жазатын ұлттар болады. Түркі жұрты тарихты жасаған, сонымен бірге  өз тарихын тасқа қашап жазған кемел ел. Даңқты бабаларымыз Мәңгілік ел арман-аңсарын мәңгі тасқа қашап қалдырған, туған жердің әр тасына қаһармандық тарихын бәдіздеп жазып, оюмен өрнектеген ойшыл халық. Осылайша Байқалдан Балқанға дейінгі байтақ қоныстың әрбір та­сы таңбаланып паспортталған, оны көзінің қарашығындай сақ­та­ған бабалар аманаты бізге ұлас­қан.

Тұғырлы тұлға ғұмырлы тарихты жасаса, керісінше, тарих та тегеурінді тұлғаны тудырады. Лидердің ерекше харизмасы туралы «Құтты біліктен»: «Бөрі бастаса қойлар да ұлиды, қой бастаса бөрілер де құриды» деген аталы сөз қалған, бұл түркі жұртына кең таралған байырғы тәмсіл. Мұны біз терең тарихымыздың тағылымынан жақсы білеміз. Әрбір дәуір тудырған дарабоз тұлға ұлы дала тарихын жаңа белеске көтеріп отырды. Көшпелі қоғам өзінің көшбасшы жетекшілерінің артынан ерді. Сол себепті түркі тарихын ілгері сүйреп, дәуір доңғалағын алға жылжытқан қадау-қадау тұлғасыз  тұтас тарихты тану қиын. Абай «Единица болмаса, не істейді өңкей нөл» дегенде осыны меңзесе керек.

Тұлға мен туған жердің то­ғыс­қан жерінен кие басталады. Туған жер мен тұлғаны жалғастырушы – ел мен жердің шежіресі. Ше­жіре – өткен аруақты бүгінгі ұр­пақпен сабақтастырушы киелі ата тарих. Жазушы Габриэль Гар­сиа Маркес «Адам мен жерді туыстырып тұрған аруақ» деген пайымын бекер айтпаған.

Елбасы Ұлытаудағы Әулие­бұлақта берген сұхбатында Қазақ елінің төрт тарап, сегіз қиырын қасиетті қақпа секілді киелі жерлер қоршап тұрғаны туралы былай деген еді: «Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуы­ның өзінің тарихи мәні бар. Қа­зақтың ен даласының қай шетіне барсаң да осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр».

Бабалар «Еділ – үйдің есігі, Жайық – үйдің жапсары, Түр­кістан ұлы төріміз» деп Ұлы дала­ның тұтастығын орда бейнесін­де су­реттеген. Төрт тарабын қа­зақ­­тар мекендеп отырған асқақ Алтай – түгел түркінің алтын тағы, Әзірет қонған Қара­тау мен Қо­жа Ахмет Ясауи ты­ным тапқан Түркістан – мұсыл­ман әлемі­нің ұлы төрі, Қорқыт ата­ның құтты қонысы Сыр бойы – оғыз жұртының ордалы оша­ғы, Ұлы­тау – дәшті қыпшақ­тың кіндігі,  Сарайшық – Ал­тын ор­даның бо­сағасы іспетті. Сон­дық­тан, Алаш­тың аймаңдай ақыны Мағжан Жұмабайұлы «Көп түрік енші алысып тарасқанда, қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!» деп тап басып жырлағандай, қа­сиетті Қазақ жері ордалы оғыз-қып­шақтың, алты сан алаштың ата жұрты, арғы-бергі тарлан тарих­тың куәгері болып шығады. 

Атамекен эпикалық санада ай­шықталады, туған жер қаны­мыздың түйіршігінде, жаны­мыздың түкпірінде, тарихи санамыз бен таным-түйсігіміздің терең қатпарында қатталады. Бұл тұрғыдан алғанда, туған жер тұрған жермен өлшенбейді. «Бал­қан, Балқан, Балқан тау, о да біздің барған тау», «Қызын – Қырымға, ұлын Ұрымға қондырды» секілді тұспалды ұғымдар, сыр­лы сөз орамдары тарихи жады­ның сергектігін, көшпелі қауым­ның географиялық кеңістік туралы ұғымының байтақтығын көр­сетеді. Жерұйықты ғұндар іздеді, қасиетті Өтүкенді көк түр­кілер мекендеді, Жиделі-бай­сынды Қазақ ордасы аңсар етті. Әйгілі «Манас» жырында «Қаң­ғай, Қаңғай, Қаңғай деп, Қаңғайлаған ұран бар, Алтай, Алтай, Алтай деп, Алтайлаған ұран бар» дейді. Осылайша жыршы түрктің түпмекені Өтүкен – Қаңғайды жырлайды, Орхон да­риясының толқынында жүзіп жүрген балықтарды суреттейді. Міне, тарихи таным, жыршыға код арқылы ұласқан терең түсінік. Ен­деше, киелі жерлер Қазақстанмен шек­тел­мейді, қастерлі мекендер ел ше­карасымен тұйықталып қалмайды.

Ата тарих, шежірелі эпос, қа­сиетті жерлер – ұрпаққа ұдайы күш бе­ретін шуақты энер­гияның қуатты көзі. Мұны миф дейміз, кие дей­міз, дәстүр сабақ­тас­тығы дейміз. Ұрпақ санасына «Ашина», «Ерге­неқон», «Қор­қыт» секілді аңыз­дар таралып, бүгінгі ұрпақпен үйле­сімді үнде­сіп, түркі тарихын дүр сіл­кінтіп тұр. Мәселен, Қорқыт қаншама алыс жұрттарды аралап кеткен қадым заманның қария кейіп­кері. Бірақ оның ардақты аты атал­ғанда Алтайдан Ана­долыға дейінгі жайылған түркі жұр­тының жүрегі дір етіп, бір сәтте басы бірігіп, бауыр болатыны анық. Міне, код, ұран деген осы­нау тірі тарих. Ендеше, адам­заттың ақыл-ой қазынасына олжа салып, әлемдік өркениетке үлкен үлесін қосқан Ұлы даланың асыл мұраларын қайта зерделеу тұр­ғысынан рухани жаңғырудың маңызы да айрықша екені анық.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ