Қазақстан • 06 Маусым, 2017

Көрмені ашуға дайынбыз

119 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлем көз тіккен Астанадағы көрменің басталуы­на санаулы күн қалды. Әне-міне дегенше жер беті халқы Қазақстан топырағында өтетін тарихи шараның салтанатты ашылуының куәсі бола­ды. Еліміздің дәреже-деңгейін және мүмкіндігін тағы бір сынға салатын шараға әзірміз деп айтуға толық негіз бар. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарушы директоры Бей­біт Қарымсақовтың айтуынша, барлық нысандар жаб­дық­талып, жасанып үлгерген. Дегенмен, көрме аумағын абат­тандыруға қатысты бірен-саран жұмыстар ғана қалып отыр.  

Көрмені ашуға дайынбыз

Павильондар да, қызметкерлер де дайын

«Соңғы бірнеше апта бойы біз көптеген оқу-жаттығу өткізіп, тө­тен­ше жағдайларға дайындық жүргіздік. Негізгі дайындық барысына көрменің бүкіл аумағы жұмылдырылды. Айта кетерлігі, 10 маусымға дейін  көрме аумағы келушілер үшін жабық болады», дейді бас­қарушы директор. Халық­ара­лық қатысушылармен жұмыс департаментінің директоры Ілия Оразақов қатысушылардың 126 мың шаршы метр павильоны толық дайын екендігін айт­ты. «Қазіргі уақытта төрт-бес ел ғана қалды. Олар өздері­нің құрылыс-монтаж жұмыс­тарын аяқтайды. Біз халық­аралық қаты­сушылардың опера­ция­лық құрамын дер уақы­тында жасақтадық. Әрбір па­вильон­ның 30-дан 150-ге дейін қыз­мет­кері бар. Олардың бар­лы­ғы Астанада, жұмыстарында бел­сенді, дейді ол.

Ұйымдастырушылардың сө­зінше, жоспарланған іс-ша­ралар толық көлемде орын­дал­ған. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, орнатылған. Бейнебақылау, дабыл және кіріп-шығуды басқару жүйе­лері жүз пайыз дайын. Қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етуге жұмыл­дырылатын қызметкерлер – құқық қорғау органдары мен жеке күзет құрылымдарының қызметкерлері қажетті оқыту курсынан, тілдік дайындықтан өтті. Жексенбілік топтар бір сағаттың ішінде шамамен 13 мың адамды қабылдай алады. Бұл ретте күту уақыты 30-40 минуттан ас­пайды. 

Сервистік қамтамасыз ету депар­та­ментінің директоры Дияс Әзбер­ге­новтің айтуынша, көрме аумағында ор­на­­ласқан 7 медициналық бекет пен 8 жедел жәрдем көлігі тұрақты түрде кезекшілік атқарады. Шара бары­сында жұмылдырылатын 210 ме­ди­ци­­налық қызметкердің қатарында дә­рі­герлер, фельдшерлер, реаниматологтар бар.

Көрмеге неше адам келеді?

Көрмеге келетін қонақтар мен ту­рис­тердің нақты саны көп көңіл­ін күпті қылып жүрген. Ұйым­дасты­ру­шы­лардың мәлі­метіне сенсек, көр­меге 2,4 миллион адам келеді екен. Олар­дың 15 пайызы шетел­дік турист болуы керек.

«Тәжірибеге сүйенсек, көр­меге келушілер саны болжамның 70-80 пайызы болады. Ал біздің жағдайымызды бұл көрсеткіш 85 пайызды құрамақ. Оның 15 пайызы – шетелдерден келетін қонақтар. Мөлшермен айтқанда адамдар саны 600-ден 750 мыңға дейін болады. Көрмеге келетін туристердің 70 пайызы жақын шет елдерден болатыны айтпаса да түсінікті. Олар негізінен біздің көршілеріміз. Бүгінгі таңда Қытайдан шамамен 150-200 мың қонақ келеді деп күтілуде. Өйткені, қытайлық туризм агент­тіктері бұл шараға қатты қызы­ғып отыр. Тағы 150-200 мың қонақ Еуропа, Солтүстік Аме­рика сияқты аймақтардағы мемле­кет­терден келеді. Өкінішке орай, ішкі бөлініс қалай болаты­нын айта алмаймыз», дейді «Астана ЭКСПО -2017» ҰК» АҚ Ха­лық­аралық қатысушылармен жұмыс департаментінің директоры Илия Оразақов.

Қазіргі таңда қандай мемлекеттен қанша адам билеттерді сатып алып жатқаны анықталуда. Жалпы, мұны қадағалау қиын процес көрінеді. Өйткені, ол бел­гілі бір оператор арқылы жүзеге асырылады екен. Сондықтан бұл мәлімет кейін тағы хабарланбақ.

Биылғы жәрмеңке ЭКСПО-ға бағышталған

Ел өңірлерінің Астанадағы ауылшаруашылық жәрмеңкесі биыл ЭКСПО-2017 көрмесіне орайластырылған. Дәстүрлі шараның көрігін өткен аптада Қызылорда, Атырау, Батыс Қа­зақстан облыстарының диқан­дары қыздырды. Өңірлік тауар өн­дірушілер «Қазақстан» спорт са­райының аумағына орналас­қан 24 сауда шатырында 500 тон­наға жуық өнім ұсынды. «Мем­лекет басшысының тапсырмасымен және Үкімет шешімі­мен Ауыл шаруашылығы министр­лігі халықаралық көрме кезінде Астанаға жеткізілетін ауылша­руашылық өнімдерінің көлемін арттыруды шешкен-тін. Елорда әкімдігімен бірлесіп, қажетті өнімдердің көлемін есептедік. Жал­пы есеп бойынша 120000 тонна қажет. Қазіргі таңда кес­те құрылып, барлық облыстармен келісімге қол қойылды», дей­ді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлеутай Рахымбеков.

Бас қала тұрғындары мен қонақ­тарына қажет тауарлардың 81000 тоннаға жуығын дәстүрлі ритей­лер­лер әкелетін болса, қосым­ша 39000 тоннасы тұрақты жәр­меңкелер арқылы жеткізілмек. Мұн­дай жәрмеңкелерге қатысуға ел­дің әр өңірінен 600 мың тауар өндіруші ниет білдірген көрінеді. «Биылғы маусымда қала тұрғындары мен қонақтары үшін ауылшаруашылық өнім­деріне тапшылық болмайды», деп сендірді вице-министр. Шенеу­нік бағаны реттеу мәселесі де тұрақ­ты қадағалауда болатынын жет­кізді.  

«Бізге өнімдерді жеткізу, логистика және сауда орындарын ұсыну бойынша Астана әкімдігі үлкен қолдау танытуда. Осы жолы Қызылорда облысынан 45 млн теңгенің 200 тоннадан астам өнімін жеткіздік. Жәрмеңкеге 40 тауар өндіруші қатысты. Дәстүр бойынша, 112 тонна күріш, көкөніс, балық және кондитерлік өнімдер ұсындық. ЭКСПО кезеңінде жалпы 7648 тонна өнім әкелеміз деп жоспарлаудамыз, олардың басым көпшілігі – күріш, балық өнімдері және бақша дақылдары», дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақанов.

Маусымның 11-12 күндері өңір­лік ауылшаруашылық жәр­мең­­кесін Атырау мен Жамбыл об­лыстары жалғастырады.

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»