Қазақстан • 06 Маусым, 2017

Елбасы кадр таңдауда қателескен жоқ

379 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

– дейді генерал-полковник Қайырбек СҮЛЕЙМЕНОВ. Алғашқы жылдардағы біздің ең басты мін­де­тіміз ел ішінде құқықтық тәртіпті қам­та­ма­сыз­ етіп, қоғамдық қауіпсіздікті ны­ғайту бол­ды. Елбасы осы мін­дет­тердің орындалуы­на ба­­са кө­­ңіл бөліп, бізден ең бірінші осы­­ны та­­лап етті.

Елбасы кадр таңдауда қателескен жоқ

Биылғы 23 маусымда Қазақстанның ішкі істер органдарының құрылғанына 25 жыл толады. Еліміз бойынша ең үлкен құқықтық құрылымның тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы қадамын нықтау оңайға түспегені белгілі. Жаңа реформалар әзірлеу және оны сауатты жүзеге асыру үшін тығырықтан жол таба білетін білімді, көрген-түйгені, тәжірибесі мол мамандарға үлкен үміт артылды. Сондай мамандардың бірі  Қайырбек Шошанұлы Сүлейменов болатын. 

Ол Елбасының сенімін ақтап, ішкі істер саласының қалыптасу кезеңіндегі қиындықтарды еңсере білді. Қ.Сүлейменов Ішкі істер министрі, Мемлекеттік кеңесші, Президенттің  көмекшісі − Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы сияқты лауазымды қызметтерді абыроймен  атқарды. Бүгінде мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген ағамызбен әңгіме-дүкен құрып, сала тарихынан сыр суыртпақтаған едік. 

– Қайырбек Шошанұлы, Тәу­елсіз жас мемлекеттің ішкі іс­­тер саласы ең алғашында қан­дай қиындықтармен бетпе-бет келді? Сіз сол кезде ішкі істер министрінің бірінші орынба­сары ретінде барлық жаңа ө­згерістердің басы-қасында жүр­діңіз ғой?

– Иә, мен тура сол 1991 жы­лы Ішкі істер мини­стр­і­нің бірінші орынбасары болып тағайындалдым. Бы­лай­ша айтқанда, ішкі істер ор­ган­да­рының басшылық лауазымына еліміз тәуелсіздік алған уа­қыт­та келдім. Алғашқы жылда­ры, әрине, оңай болған жоқ. Ел­дің әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы өте күрделі болғанын бі­лесіздер. Соның салдарынан қыл­мыс­тық ахуал да қиындап кеткен еді. Ұйымдасқан қылмыс, адам саудасы, есірткі бизнесі сияқты қылмыс түрлері көбейді. Дәл осы қылмыстық іздестіру мен
ұй­ымдасқан қылмысқа қарсы кү­рес құрылымын мен басқарған едім. Бұрын мұндай қылмыс бол­мады емес, болды. Бірақ өте си­рек кездесетін. Тоқсаныншы жыл­дардың басындағы біз бұрын шет­елдік детективтерден ғана оқып білген қылмыстық хроникаларды өз басымыздан кеше бастадық.

Тәуелсіз еліміз экономикасын сау­ықтыруға, халықтың әлеу­мет­тік жағдайын көтеруге ба­са көңіл бөліп, барлық ресурс­ты осы бағыттарға жұмсап жат­қан­да, қылмыстық топтар мұ­ны сә­тімен пайдалануға тырыс­ты. Ел­дегі ішкі тәртіпті нығай­т­пай, қоғамдық қауіпсіздікті қам­та­масыз етпей, экономикалық да­муға да қол жеткізу мүмкін емес қой. Сондықтан, Елбасымыз іш­кі істер органдарының жұ­мы­сын жетілдіретін, жаңа жағ­дай­ға бейімдейтін реформа­лар қа­бы­л­­-
дауды тапсырды. Ре­фор­ма­ны қабылдау бар да, оны сол ой­лас­тырған деңгейде жүзеге асыру бар. Ол үшін білікті мамандарды таңдауда қателеспей, әркімді өзінің лайықты орнына қоя білу керек. Осы тұрғыдан алғанда Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев қателескен жоқ. Ол айналасындағы адамдарды өте терең білетін. Со­ның нәтижесінде ішкі істер ор­ган­дарының жұмысын жаңаша қа­лып­тастыру сәтімен жүзеге асты деп ойлаймын.

– Сонда Елбасы ішкі іс­тер ор­гандарының алдына ең бі­рін­ші қандай міндеттер қой­ды?

– Алғашқы жылдардағы біздің ең басты міндетіміз ел ішінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, қоғамдық қауіпсіздікті ны­ғайту болды. Елбасы осы мін­дет­тердің орындалуына баса кө­­ңіл бөліп, бізден ең бірінші осы­­ны талап етті. Өршіп кеткен қылмысты, қаптаған бұзақыларды біршама ауыздықтағаннан кейін ел ішіндегі қоғамдық тәртіп ахуа­лы жақсарды. Ішкі тәртіп барынша нығайды. Жұртшылық шағын кәсіпкерлікпен, мал ша­руа­шылығы, сауда-саттықпен емін-еркін айналыса бастады. Со­ның нәтижесінде халықтың әл-ауқаты көтеріліп, әлеуметтік жағдай да біршама жақсарды. Ел ішіндегі криминогендік жа­ғ­дайдың тұрақталуына бұл фак­т­ор­лар аз септігін тигізбегені анық. Осындай міндеттермен қа­тар, біз жаңа астанаға көшу, жа­ңа ғимараттар тұрғызу сияқты жұ­мыс­тарды да дер кезінде сапалы орындадық. Бұл өзі айтуға оңай болғанымен, қат-қабат реформалармен бірге осындай үл­кен шаруаларды да дер кезінде ат­қару жан-жақтылықты талап етті. Тек заңды біліп, қоғамдық тәр­тіпті қадағалап қана қоймай, ша­руа­шылық жұмыстарды да бір кі­сідей меңгеруге тура келді.

Қазір ойлап отырсам, сол кез­де жаңа елордада көп пәтерлі тұр­ғын үй тұрғызып, Астанаға кө­шіп келген қызметкерлерімізге пә­терлердің кілтін табыс еткен біз жалғыз министрлік екенбіз. Со­нымен бірге, ішкі істер орган­да­рының қызметкерлері үшін үл­кен «Алатау» спорт кешенін тұрғыздық, Ішкі істер министрлігі ғимаратын салдық. Елбасымыз осы құрылыстардың басына апта сайын келіп, қарап кететін. Біз­дің сала қызметкерлерінің А­с­танаға келіп орналасуына елорданың алғашқы әкімі Әділ­бек Жақсыбеков, бұрынғы қа­ла­­лық ІІБ-ның бастығы Өмірзақ Бол­самбеков те үлкен көмек пен қол­дау көрсетті.

– Сіз ішкі істер министрлігіне кел­местен бұрын, Кеңес Одағы ке­зінде-ақ Ресейде танымал тер­геу­ші болған екенсіз... Мұндай дәрежеге қалай қол жеткіздіңіз?

– Мен негізі Ресей Федер­а­ция­сының Новосібір қаласында дү­ние­ге келгенмін. Алғашқы еңбек жо­лымды құрылыс саласында бастадым. Құрылыста жүріп Свер­длов заң институтының Но­во­сібірдегі кешкі бөліміне оқу­ға түстім. Содан кейін тер­геу­шілік жолым басталған. Оқу­ым­ды ойдағыдай аяқтаған соң, Куйбышев қаласындағы прокура­турада тергеуші, аға тергеуші бо­лып қызмет атқардым. Менің ел­ге оралуыма да осы тергеушілік қыз­метімнің үлкен септігі тиді. Жас кезімде жанымды салып жұмыс істеп жүргенде, қолыма тиген тергеу ісінің нүктесін қоймай, тыным таппайтын едім.

Бірде бұзақылыққа байланыс­ты тергеу ісіне қатысқан едім. Сол іс жөнінде 1973 жылы бүкіл Одақ­қа танымал «Литературная га­зетаға» көлемді мақала шықты. Бұл мақалада маған арнайы тоқ­талып, қалыптасқан тергеуші ре­тін­дегі жетістіктерімді атап өтіпті. Осы мақала Алматы қаласының сол тұстағы прокуроры Петр Дьячковтың көзіне түсіп, сонау Алматыдан арнайы телефон соғып, «бізге сіз сияқты тәжірибелі тергеуші қажет» деп қолқа салған болатын. Сөйтіп, атажұртқа 1975 жылы келдім. Алматыда да көп жылдар прокуратурада тергеуші болып қызмет еттім. Ал 1981 жы­лы Ленин аудандық Ішкі істер де­пар­таментінің бастығы болып бе­кітілдім.

– Сол тәуелсіздіктің ал­ғаш­­қы жылдары Президент Әкім­шілігінде де қызмет ат­қардыңыз, жиі ауыс-түйісті қа­лай қабылдадыңыз?

– Жаңа сөз басында айтып өттім, Нұрсұлтан Әбішұлы айна­ла­сындағы адамдарды өте терең бі­летін, жақсы танитын еді деп. Сондықтан, ол ауыс-түйіс жа­сағанда, тиісті адамды дер уа­қы­тында қажетті орынға қойып, мем­лекеттің әртүлі шептерін ны­ғай­тып отыратын. Барлық саланы бір мезгілде жіті қадағалауында ұстады. Мені 1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі етіп тағайындауы сондай қажеттіліктен туды деп санаймын. Сол кезде мен Президент Әкімшілігінің бес бөліміне, атап айтқанда, құқық қорғау органдары, қорғаныс, заңнама, кешірім жасау, азаматтық мәселелер жө­нін­дегі жұмыстарға басшылық жа­садым. Осы жұмыста бүгінде есім­дері елге танымал мемлекет қай­раткерлері және генералдармен бірге қызмет атқару бақыты бұй­ырды. Иә, жақсы адамдармен жолдас болғанды, таныс-біліс болғанды бақыт, байлық деп санаймын. Юрий Обрядин, Мақсұт Нәрікбаев, Игорь Рогов, Бауыржан Мұхамеджанов, Жақып Асанов, Талғат Донақов, Вик­тор Малиновский, Виктор Кан, Бексұлтан Сәрсеков, Болат Бай­жа­саров, Сәулебек Құн­ғо­жи­нов, Қажымұрат Өскенбаев және та­ғы басқалар мақтаныш тұтуға тұрар­лық азаматтар. Мен олармен бірге қыз­мет атқарған жылдарымды әр кез сағынышпен еске аламын. Олардың көпшілігін кейін бірге қызмет істеуге шақырғанмын.

– Сіз 1995 жылы Ішкі іс­тер министрі болып тағай­ын­далғанда, Ішкі әскерлер қол­басшысы қызметін де бір­ге ат­қардыңыз. Екі үлкен құ­ры­лым­ды басқару қиынға түскен жоқ па?

– Мені Елбасымыз шақырып алып, Ішкі істер министрі қыз­ме­тін ұсынғанда, екі үлкен лауа­зым­ды атқаратынымды өзім де біл­ген жоқпын. Тек Жарлыққа қол қойылып жатқанда ғана «Министр – Ішкі әскерлер қолбасшысы» деп жазылғанын көрдім. Нұрсұлтан Әбішұлынан неге бұлай деп сұрағанымда: «Қазіргі қолбасшы лайықты, жақсы адам. Ол сенің әскерлер бойынша бірінші орын­басарың болады. Ал сен қа­зір­гі қиын-қыстау кезеңдерде екі міндетті бірдей атқарасың. Бұл сенің қолыңнан келетінін бі­лемін», деді. Әрине, оңай тиген жоқ. Дегенмен, қасымда өз ісін мықты білетін сенімді адамдар болды. Олар генералдар: В.Симачев, Б.Байжасаров, И.Отто, Н.Власов, Е.Мерзадинов және басқалар. Менің бірінші орынбасарым Болат Жанасаев кейіннен республикалық Ұлттық ұланның қолбасшысы болды.

Естеріңізде болар, сол 1995 жыл мен 2000 жылдардың арасы да әр салада жаңа реформалар көптеп қабылданған уақыт. Мен басқарған бес жыл ішінде де ішкі істер органдары көптеген құ­рылымдық өзгерістерді басы­нан өткеріп, жаңа реформаларды жүзеге асыру бағытында жұ­мыс іс­теді. Оның бәрі саланы же­тіл­ді­ру­де, жаңа заманның талаптарына ілесуге мүмкіндік бергені сөзсіз. Жалпы, саланы дамыту үшін, озық технологиялық тә­сілдерді меңгеруде салада жаса­латын өзгерістер оң септігін ти­гізетінін талай байқадым. Екі қыз­метті бірдей бес жылдай ат­­қа­рып, отставкаға кеткенде, өз өтінішіммен Ішкі әскерлер қол­басшысы қызметіне ауыстым. Бі­рақ бір жылдан кейін мен қайтадан ішкі Істер министрі қызметіне та­ғай­ындалдым. Кейде саланың өз ба­­сындағы ауыс-түйістер көптеген өзгерістерге, жаңа істерді қолға алу­ға себепші болып жатады. Бұл жо­лы да солай болды. Екінші рет Ішкі әскерлер қолбасшылығына сұранып барғанымда онда он үш жылдай қызмет атқардым.

– Екеуінде де Ішкі әс­кер­лердің қолбасшылығына өзі­ңіз сұранып барған екенсіз? Не­лік­тен, әлде осы салада өзіңізді көр­сетуді ойлаған жобаларыңыз болды ма?

– Дәл солай, одан бұрын іш­кі әскерлердің реформалау бағдарламасын ойластырып жүрген едім. Қолбасшылық қыз­метке қайтадан кіріскеннен ке­й­ін, өз ойымды жүзеге асы­рудың жол­дарын іздестіре бастадым. Ол үшін Үкіметтен біраз қаржы қа­жет еді. Менің реформалау туралы ойларымды Президент те мақұлдаған болатын. Сосын батыл қимылдап, сол кездегі Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті ішкі әскерді нығайтуға қатысты бағ­дар­ламаның жобасымен таныс­тырдым. Ішкі істер министрі қыз­ме­тін атқарып жүрген Бауыржан Мұхамеджанов те бізге үлкен қолдау жасады.

Осындай іс-әрекеттеріміздің ар­қасында үкіметтік даму бағ­дар­ламасына қолымыз жетті. Үкі­меттен бөлінген 20 милли­ард теңгеге жуық қаржыға ас­та­на­лық арнайы бригада құрып, Қап­шағайда оқу орталығының құ­рылысын жүргізе бастадық. Бұл өз кезегінде бізге ақпараттық-техникалық және жауынгерлік қайта жарақ­тан­дыруға мүмкіндік берді. Іш­кі әскерлерді ұстау тәртібі бұ­рын­ғысынан мүлдем өзгерді. Осы­лай­ша көкейімде көптен жүрген бір арманым сәтімен орындалды.

– Қайырбек Шошанұлы, бәлкім, оқырмандарымызға қызықты болар, өзіңіз туралы тоқтала кетсеңіз...

– Әке-шешемнің айтуынша, менің Сүлеймен атам Павлодар облысының Краснокутск ауданында болыс болған, ал шешемнің әкесі Тоқтас – өнеркәсіппен айналысқан бай адам екен. Елі­міз­де Кеңес өкіметі орнап жат­қан тұста, яғни 1918 жылы атам 48 жаста болса керек. Жаңа үкі­мет атамызды тап жауы ре­тін­де өлтіргеннен кейін, әкем бас­қа туыстарымен бірге Сібір жа­ғына қарай кетеді. Біз Ресей же­ріне осылай қоныс аударған екенбіз. Новосібір бізге мекен болды. Әкем өмір бойы құрылыс бас­қармасында жылқымен тасымалдаушы болыпты. Ал 60-жылдары зауытта болат құю цехында еңбек еткен.

Біздің отбасымызда өмірге 11 бала келген. Өкінішке қарай, жетеуінен ата-анам кішкене кездерінде айырылып қалған. Өйткені, олар 1920-1930 жылдары Сібірде адам тұра алмайтын жағдайда өмір сүрген еді. Төртеуі тірі қалыпты. 1957 жы­лы біз жертөледен бараққа кө­шіп, үлкен қуанышқа кенелген едік. Біз тұрған барақтар үш за­у­ыттың ортасында болатын, ай­наласын шырша көмкерген. Ба­рақта тұратындардың барлығы осы зауыттарда еңбек етті. Осын­дай жағдайда мен де өмір сү­ріп, шыңдалдым. Сібірге көш­кен барлық туыстарымыз ауыл­дық жер­лерге, ал біз қалаға ор­на­лас­тық. Әкем бізді оқытамын, ел қа­тарына қосамын деп бар күш-жі­герін жұмсады.

– Сіз өзіңізді «Кеңес Ода­ғы­ның соңғы генералымын» деп ай­тасыз. Мұны қалай түсінуге болады?

– КСРО-ның соңғы Президенті Михаил Горбачев өз орнын босатар кезде арнайы жарлыққа қол қойған екен. Сол жарлық бойынша маған генерал атағын, Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Андрей Браунға, күміс көмей ән­шіміз Бибігүл Төлегеноваға, еліміздегі және бірқатар өнер адамдарына Социалистік Еңбек Ері атағын беру ұйғарылыпты. Әнші Алла Пугачева да КСРО-ның халық әртісі атағын осы жар­лық бойынша алған. Бұл оқиға өзі былай болды.

Мен 1991 жылы желтоқсан айында министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарып жүргенмін. Түнгі сағат он бір шамасында жұ­мыста отырғанымда маған Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев ар­найы телефон соғып, Михаил Гор­бачевпен тікелей телефон ар­қылы сөйлескенін, жоғарыдағы жар­лықтың жай-жапсарын айтты. Сөйтсем, КСРО-ның соңғы президенті өзінің соңғы жарлығын шығарып, қызметінен кетіп бара жат­қанын телеарна арқылы ха­барлауға жиналып жатыр екен. Сод­ан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы мені генерал атағын алғаныммен құт­тықтады. Осылайша мен Кеңес Одағының ең соңғы генералы болып шыға келдім.

Кеңес Одағы, біз қалай десек те, ғасырға жуық өмір сүрген үлкен империя. Оның да іргесін қалауға қаншама қайраткерлер, белгілі тұлғалар, на­ғыз еңбектің адамдары тер төкті, жанын салып еңбек етті. Оның бәрін белден бір сызуға бол­майды. Олардың ерік-жігерін, жа­сампаз еңбектерін бағалауға тиіспіз. Қалай дегенмен, ол дәуір де біздің басымыздан өткен тарих. Жақсысын алып, жаманынан жирену керек деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»