29 Қыркүйек, 2011

Кеше...

259 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
...ЖАҢА  КӘСІПОРЫН  АСТЫҚ ҚАБЫЛДАЙ БАСТАДЫ Бұланды ауданының орта­лы­ғы Макин қаласында жаңа астық қабылдау кәсіпорны іске қосылып, шаруашылықтардан алғашқы тонна астықты қа­был­дай бастады. Құны 518 миллион теңгелік жобаны «Арна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қысқа мерзімде жүзеге асырды. Бұл қаржының 77,9 миллион теңгесі «Арнаның» жеке қорынан бөлініп отыр. Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко егін орағының шешуші шағында пайдалануға берілген кәсіпорын аудан ди­қан­дарының  сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік жа­сайтынын атап өтті. Оның жобалық қуаты 30 мың астықты сапалы сақтауға бағытталған. Мұнда 36 адам еңбекпен қам­тыл­ған. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы. * * * ...ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ Облыс қалалары мен аудан­дарында қазан айының басында қазандықтар іске қосылуы тиіс. Осыған байланысты  облыс әкі­мі­нің бірінші орынбасары Вик­тор Мейстер селекторлық мә­жі­ліс өткізді. Онда қалалар мен аудан басшылары байланысқа шығып, өздеріндегі  дайындық жұмыстары туралы баяндады. Мәжілісте Виктор Мейстер жылу беруді енді созбақтатпай, қазанның  1-жұлдызынан қосу керектігін айтты. Негізінен об­лыстың қысқа дайындығы жаман емес. Байланысқа шыққан Арқалық қаласының әкімі Теміржан Төлеубаев жылуды бү­гін беруге де дайын екенін хабардар етті. Бірақ  мазут көк­тем­ге дейін тапшы болуы да мүмкін. Сондықтан оған қо­сым­ша қаржы керек. Рудный қаласы да сақадай сай. Алайда кеншілер қаласының көгілдір отынға 3 миллион теңге қарызы бар. Ал Лисаков қаласында қа­зан айын күтпей-ақ  қыркүйек­тің 30-ынан бастап жылу берілмек. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай. * * * ...БАСҚАРМАЛАРҒА БАСШЫЛАР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ Мұнайлы өңір әкімі Бергей Рысқалиев облыстық екі бас­қар­маға жаңадан басшылар та­ғайындаған өкімге қол қойды. Өйткені, бұған дейін облыстық ішкі саясат басқармасының бұ­рын­ғы бастығы статистика жө­нін­дегі ұжымды басқаруға ауыс­қан еді. Енді ішкі саясат бас­қармасын басқару үшін әкімнің таңдауы «Атырау-ақпарат» медиахолдингіне бес жылдай жетекшілік еткен Элдар Жұма­ғазиевке түсті. Ал облыстық білім бас­қар­масының бастығы лауазымына Сатқан Есенғалиев тағайын­дал­ды. Ол жаңа лауазымға тағайын­дал­ғанға дейінгі екі жылдай облыстық балалардың құқығын қорғау департаментіне жетекшілік етті. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.