29 Қыркүйек, 2011

«Балапан» бала болса да, даналығын көрсетті

474 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Балапан» деген атпен осыдан 1 жыл бұрын ғана тұсауын кескен арна өз туған күнін «Қазақстан» ұлттық телеарнасымен бірлесе отырып, қайырымдылық акциясымен атап өтті. «Бала» болса да – даналығын көрсеткен телеарнаның осынау сауапты тірлігі халықты ізгілікке шақырған ғанибетті оқиға екені даусыз. Яғни, «Балапан» телеарнасы 27 қыркүйекте сағат 13.00-14.00 және 17.20-17.45 аралығында «Қа­зақстан» ұлттық телеарна­сы­ның тікелей эфирінде ауыр нау­қасқа шалдыққан үш баланың сауы­ғып кетуі үшін тікелей эфир­ден көмек-акциясын ұйымдастырды. Бұл бүлдіршіндер – ас­та­на­лық Рамазан Есмағамбетов, ақтө­белік Диана Мақсат және тал­ғар­лық Гүлнәз Омарбекова болатын. Айта кететін жайт, қайырым­ды­лық акциясына ұлттық арна эфи­ріндегі «Жан жылуы» бағдар­ла­ма­сының кейіпкерлері негіз болды. Рамазан аяқталма­ған остеогенез дертіне шалдық­қан. Түсінікті тілмен айтқанда, сүйегі қатпаған­дықтан, осы күнге дейін сүйек­тері елу жерден сынған. Соңғы екі жылда Мәскеу қаласында ем алуда. Жылына екі рет ем-дом алуы тиіс. Ал Диана церебральді сал ау­руына шалдыққан. 12 жастағы қыз­ға жүйелі түрде сауықтыру шаралары керек. 5 жасар Гүл­нәз­ға микрокорнеа, Петерс син­дро­мы деген диагноз қойылыпты. Көзі көрмейді. Операция жасалса, көру мүмкіндігі бар. Көңілге шуақ ұялататыны – қайырымдылық акциясына, кә­сіп­керлерді айтпағанда, студенттерден бастап, зейнеткерлерге дейін атсалысты. Акция жан­ашыр­ларының қатары күн сайын к­ө­бейіп келе жатқан көрінеді. Ал тікелей эфир барысында студияға елге танымал тұлғалар ша­қырылып, Алматы қаласы ден­саулық сақтау басқармасының бас педиатры Ләйлә Иманғалие­ва, Олимпиада чемпионы Жақ­сы­лық Үшкемпіров, қаладағы Тас­тақ мешітінің бас имамы Кенжебек Мырзабаев, «Дос-Мұқасан» то­бынан Ақжол Мейірбеков, Мұрат Құсайынов акцияға араласты. Ал бұл кездерде науқас ба­лаларға қаржылай жәрдем бергісі келетін отандастарымыз үшін арнайы банк есеп-шоттары жұмыс істеп, жанашыр азаматтардан қа­ражат қабылдап жатқан банкпен тікелей байланыс ұйымдасты­ры­лып, жиналған қаржы туралы мәлімет беріліп отырды. Науқас балалардың есеп-­шо­тына ақша салған кәсіпкер Қа­дір­құл Сырман, әнші Ескендір Ха­сан­ғалиевтің отбасы, шәкіртақы­сы­ның бір бөлігін аударған магис­трант Сымбат Әбіжановпен әң­гі­ме көпке әсер еткені сөзсіз. Айт­қандай, тікелей эфирде аядай ғана бөлмеде тұрып жатқан Рамазан Есмағамбетовтің отбасының жанайқайына Астана қаласының әкімдігі үн қатып, екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс еткенін жүргізушілер сүйіншілеп жеткізді. Міне, осылайша, қайырымды­лық қазақтың қанында бар қа­сиет екенін көрдік. «Балапан» ак­циясы өтетінін естіп, редакцияға хабарласқан үлкен жүректі азаматтар да көп болды. Соның бірі осындай қайырлы істердің ба­сын­да жүретін кәсіпкер, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Құсман Шалабаев еді. Нәтижесінде, халықты қайы­рым­дылыққа шақырған акциядан 5 сағаттың ішінде 1 миллионнан астам теңге жиналғаны мәлім бол­ды. Ал осы іске ұйытқы бол­ған 1 жастағы «Балапан» теле­ар­на­сы бүгінде тәулігіне 12 сағат мемлекеттік тілде хабар тарата­ды. Бір жылдың ішінде көрермен назарына 12 бағдарлама, 1 муль­ти­пликациялық сериал ұсыныл­ды. Атап айтсақ, бүлдіршіндерді шынығуға шақырған «Алақай, Балақай!», «Толағай», тәтті ұй­қы­ға жетелеген «Айжұлдыз», білім­нің есігін қақтырған «Әліппе», қиялға қанат бітірген «Шеберхана», танымды арттырған «Кел, ойнайық!», «Еркетай», көңіл пернелерін басқан «Ән салайық!», «Айгөлек» және т.б. бағдар­ла­ма­лар мен ғаламның ғажайып сыр­ларын ашқан «Ғажайыпстанға сая­хат» (200 серия) мульт­се­риа­лы – «Балапан» телеарнасының отан­дық ақпарат кеңістігіндегі өзіндік беталысын танытты. «Балапан» телеарнасы көрер­менін жуырда ойын-сауықтық «Құ­лыншақ», әзіл-сықақтық «Тен­тегім», оқу-танымдық «Хеллоу, Балапан!» бағдарламаларымен қуантпақ. Ал шытырман оқиға­лы «Балдырған» мультсериалы – отандық телевизиядағы соны жаңалық болмақ. Мультип­л­и­ка­ция­лық сериал елордамыз Аста­наның мәртебесін көтеріп, ауыл­дың жағымды имиджін қалып­тастыруға қызмет етпек. Балалар телеарнасы озық отан­дық әрі әлемдік балалар кино­сы мен анимациялық шығармаларын көрермен назарына қазақ тілінде (сапалы дубляж өнімдері) ұсы­натын бірден-бір арна. Мәселен, осы уақыт аралығында Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» ки­ностудиясы түсірген 32 мульт­фильм көрсетілді. «Балапан» ар­насы ендігі ретте балалар киносы мен анимациялық фильмдерінің отандық қорын қалыптастыруға негіз болмақ. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.
Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51