Елбасы екшеп көрсеткен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бастапқы бағыт-бағдары кәсіби мемлекеттік аппарат құруға негізделген. Бүгінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің еншісіне аталған құжаттың тұтастай 15 қадамы нақтыланып, міндеті айқындалған. Сондай-ақ, осы мақсатта қолға алынған жемқорлыққа қарсы жаңа заңнамалық реформалар мен онымен қатарласа қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң мемлекеттік қызметтің жаңартылған моделінің негізгі шеңберін шегендеп, мемлекетті басқарудың барлық жүйесінің тиімділігін күшейту бойынша одан арғы іс-қимылдардың рет, тәртібін нақтылайды.
Маман таңдау – маңызды қадам
Ендігі сөзімізді «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген қадамдарға қатысты атқарылған жұмыстарды кезең-кезеңімен сабақтасақ. Бүгінде кәсіби мемлекеттік аппарат құруды көздеген құжаттың бірінші қадамы бойынша, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамашылық етуімен мемлекеттік қызметтің мансаптық үлгісі енгізілген. Бұл үлгі мемлекеттік қызметке қабылдану үрдісін жетілдіреді. Яғни, мелекеттік қызметте ешқандай еңбек өтілі жоқ үміткер жалпы конкурстық негізде қызметке қабылдану арқылы өзінің кәсіби мансабын төменгі сатыдан бастайды деген сөз. Ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында аталған санат бойынша 1 982 азамат өтінім берген болса, оның 1 158-і – жергілікті атқарушы органнан, ал 845-і орталық мемлекеттік органдардан түсіпті. Екінші қадамда атап көрсетілген талаптар бойынша, төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Ол үшін азаматтың іскерлік қасиетін бағалаудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылған. 2017 жылдың сәуір айын қоса алғанда бұл жүйеден 4 821 адам өтіп, оның 75,03 пайызы ікерлік белсенділік көрсеткішінің лайықты деңгейінен жоғары нәтижеге қол жеткізіпті.
Сонымен қатар, үшінші қадам аясында «Мемлекеттік қызмет туралы» заң арқылы маман іріктеудің үш дегейі енгізілгенін де айта кетейік. Оның ең алғашқысында – үміткердің заңнамалық біліктілігі тест арқылы анықталса, екіншісінде – іскерлік қасиеті бағаланады және соңғысы – кәсіби біліктілігіне қатысты әңгімелесуден өту. Бұл жерде айта кетерлігі алғашқы екі кезең Агенттіктің орталықтандырылған жүйесінде ұйымдастырылуы мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың рөлін күшейтуде зор мүмкіндіктер берген. Мәселен, жыл басынан бері заңнамалық тестілеудің алғашқы кезеңіне 10 800 үміткер қатысып, 4 969 азамат оң қорытындыға ие болған. Ал әңгімелесуден өту қорытындысы бойынша 5 016 адамның 4 238-і тиісті лауазымға тағайындалған.
Сынақ мерзімі сатылап өсудің тетігі
Осы ретте жаңа қызметке тағайындалған маманның сынақ мерзімінен өту кезеңіне де бірқатар жаңашыл талаптар енгізілгендігін ерекше атап өткеніміз жөн. Себебі, мұндай бастаманы Мемлекет басшысының өзі Ұлт жоспарының 4-қадамында нақты қадап айтқан.
«Кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру жолында маманның еңбек өтілінің қалыптасуына мемлекеттің өзі мүдделілік танытып, заңдық және адамгершілік тұрғысынан әділ әрекеттер ұйымдастырылуын қамтамасыз етуі тиіс» деген Президент Н.Назарбаевтың бұл ойы бүгінде толығымен жүзеге асырылуда. Яғни, маманның мемлекеттік қызметте сынақ мерзімінен өту кезеңін заманауи талапқа сай «3+3» формуласымен үйлестіру тетігі тиімділігін көрсетуде. Мұндағы жаңашылдықтың мәні қандай дегенге келсек, ол былай екен: қызметке қабылданған маманның сынақ мерзімі алғашқы үш аймен ғана шектелмей, оған қосымша тағы үш айлық сынақ мерзімі ұсынылады. Бүгінгі таңда осы формула бойынша маманға бекітілген жетекші мен оның жұмыс жоспарын жүйелеуге бейімделу процесінен 2 066 мемлекеттік қызметкер өтуде. Олардың арасында 17 мемлекеттік қызметкерге сынақ мерзімі үш айдан, алты айға дейін ұзартылған.
Ал енді Ұлт жоспарының осы бір қадамының соңын ала жалғасқан 5-6 қадамында мемлекеттік қызметкердің атқарған шаруасының нәтижесіне қарап, бағалау жүйесінің жаңаша үлгісін енгізу болып табылады. Осыған байланысты қызметкерді бағалаудың әдістемесі мен жеке жоспар жасалған және Президент Жарлығымен саяси мемлекеттік қызметкерді бағалаудың уәкілдері бекітілгені де белгілі. Сондықтан да аттестаттау шарасы аяқталғаннан кейін, келер жылдан бастап бағалау қорытындысы бонустық негізде шығарылатын болады деп жоспарлануда. Оған қоса, Факторлы-балдық өлшем жүйесімен жалақы төлеу жобасы да белсенді түрде қолданысқа енгізілмек. Бұл бағыт бойынша Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, озық үлгідегі халықаралық тәжірибеге сүйенген құқық пен қаржылық төлем жасаудың аймақтық коэффициенті шарттарының жобасы жасалуда.
Заманауи білім қызметті кәсібилендіреді
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бүгінгі таңда Ұлт жоспарының 8-қадамында көрсетілген бағыт бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алған. Заңнамада көрсетілген тиісті талаптарға сәйкес, биыл «Б» корпусы санатындағы мемлекеттің қызметкерлерге арналған жекешелендіруге жатпайтын қызметтік пәтермен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Оның ішінде 45-і жергілікті атқарушы орган өкілдеріне тиесілі болса, 104-і орталық мемлекеттік органдарының еншісінде. Сонымен қатар, тоғызыншы қадамға орай, үш жылда бір рет мамандардың кәсіби білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдау тетігі де дұрыс жолға қойыла бастады. Бұл ретте Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының оқыту бағдарламалары заманауи талапқа сай жаңартылғанын да айта кету керек. Ал мұндай ауқымды іске Сингапур мен АҚШ, Италия, Оңтүстік Корея сынды озық үлгідегі елдердің халықаралық деңгейдегі жетекші сарапшылары қатыстырылып, Назарбаев Университетінің тәжірибесі белсенді қолданылғаны сөзіміздің салмағын арттыра түседі. Соның нәтижесінде ситуациялық жағдайға байланысты туындаған түйінді тарқатудың тәжірибелік білім беру жобасы өндіріске енгізілуде. Оқу курсындағы мұндай жаңашылдық мемлекеттік қызметтегі кәсіптік саланың ішкі иірімінің қажеттілігіне орай, тыңдаушылардың жұмыс процесінде кәсіби біліктілігі мен әдепті әрекеттерін ұштастыруына зор мүмкіндіктер береді. Сол себептен де жыл басынан бері 5 203 түрлі санаттағы мемлекеттік қызметкер біліктілігін жоғарылату курсынан өткен. Демек, уақыт өткен сайын мемлекеттік қызмет көрсету тетіктерінің тізгінін ұстаған мамандар заман талабына сай бейімделе отырып, білім-біліктерін шыңдап отыр деген сөз.
Меритократия негіздеріне сүйенген мансаптық өсу
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ел болашағы айқындалған алқалы жиындарда мемлекеттік қызметте командалық ауыс-түйіс жасаудың тиімсіздігін талай рет сынға алғаны белгілі. Оған қарсы амал жасаудың тетіктері Ұлт жоспарының 10-қадамында нақты айтылған. Бұл тапсырманы жүзеге асыру аясында қызметкердің мансаптық өсу жолы төменгі сатыдан жоғарылай отырып, ішкі конкурстық тәртіп негіздерін сақтаумен тікелей байланысты жүргізілетіндігіне жіті көңіл бөлінеді. Яғни, бұл жерде қандай да бір бос орын пайда болған жағдайда, оған үміткерді сырттан емес, сол кеңсенің төменгі сатыдағы қызметкерін үміткерлікке бірінші ұсыну басымдыққа алынады. Міне, бұл меритократия негіздеріне сүйенген мансаптық өсуге жетелейді. Осындай қадам жасалғанда кеңседегі қызметтік аура жақсарып, төменгі сатыдағы мамандардың өзіне сенімі пайда болады әрі қызметкерлердің өндірістік әлеуеті арта түседі. Бұл әлемдік тәжірибеде қолданыста бар озық үлгінің бірі. Мемлекеттік қызметті заманға сай жаңғыртудың жаңашыл әдістері біздің елде де кеңінен қолданылып келеді. Қызметкердің әлеуетін мейлінше тиімді пайдалану мен мансаптық өсуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында мемлекеттік органдарда ішкі конкурстар ұйымдастыру тетігі іске қосылды. Мәселен, осындай ауқымды шара негізінде жарияланған ішкі конкурста 2 912 бос лауазымдық орынға төменгі сатыдағы 1 143 қызметкер тағайындалған. Мұның пайыздық көрсеткіші – 57,3. Яғни, 655 қызметкер меритократия негіздеріне сүйене отырып, мансаптық өсуге қол жеткізді деген сөз.
Бәсекеге қабілеттілік – біліктілікті талап етеді
Мемлекеттік қызметті мейлінше жетілдіре түсу мақсатында шет елдердегі «менмін» деген мақтаулы менеджерлерді шақыру мен жалдау мәселесінің жай-күйі Ұлт жоспарының он бірінші қадамында нақтыланған. Ал онда соңғы шешім Кадрлық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мақұлдауымен жүзеге асырылады. Сондықтан да жеке секторларда сәтті қызмет етіп жүрген және халықаралық ұйымдардың белсенді маманы ретінде танылған Қазақстан азаматтарын жалпы конкурс арқылы мемлекеттік қызметке тартудың құқықтық негіздері құрылды. Аталған бағытта жыл басынан бері 251 адам жеке сектордан мемлекеттік қызметке қабылданған. Бұл мемлекеттік қызметтегі карьералық модельдің бәсекеге қабілеттігін, ашықтығы мен теңгерімділіктің сақталуын қамтамасыз етті. Сондай-ақ, Ұлт жоспарындағы 12-қадамға сәйкес, Елбасы Жарлығымен мемлекеттің қызметкерлердің жүріс-тұрысы мен мінез-құлқында жағымсыз әрекеттерден аулақ болуға баулитын Әдеп кодексі қабылданғаны белгілі. Осы құжат аясында барлық орталық мемлекеттік аппараттар мен облыс әкімдіктерінде әдеп жөніндегі арнайы уәкілдер тағайындалды. Әдеп кодексінің басты құндылықтары сол – қарым-қатынаста жоғары мәдениеттілік көрсетуге үндеу, әдепке қайшы мінез-құлықты ескерту, сонымен қатар, сыбайластыққа төзімсіздікпен қарау болып табылады. Оған қайшы әрекет еткендерге Агенттік пен Мемлекеттік басқару академиясы және Әдеп жөніндегі уәкіл тарапынан тиісті деңгейде шара қолданылады.
Жыл басынан бері Әдеп жөніндегі уәкілдерге 247 мемлекеттік қызметкер мен азамат шағып айтып, кеңес алған. Оның 37-і орталық мемлекеттік органдардан түскен болса, 210-ы жергілікті атқарушы органдардан тіркелген. Сол себептен де аталған бағытта жұмыстарды белсенді қолға алынуда. Бүгінге дейін 367 семинар мен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, Әдеп кодексі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты заңнамалар түсіндірілген. Орталық мемлекеттік органдарда 218, жергілікті атқарушы органдарда 149 түрлі шаралар өткізіліп, 357 теле сюжеттер мен материалдар БАҚ беттерінде жарияланған.
Тест – талапқа, ал заң – заманға сай
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13-қадамына орай, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің атсалысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қабылданып, квазимемлекеттік секторлар арасында кеңінен таратылғаны мәлім. Сонымен қатар, Агенттік жанынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаменті құрылып, бұл ұйым: сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптау; сыбайластық шығындарын талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін қалыптастыру сынды бағыттарда жұмыстар жүргізуде.
Сондай-ақ, 14-қадамда көрсетілген бағыт бойынша «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы» заңы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында кеңінен таратылып, оның ішкі иірімдері талдап, таразыланды. Себебі, заңға сай бұдан былай құқық қорғау органдарында қызмет етуге үміткерлер мемлекеттік қызметкерлер секілді Агенттік ұйымдастырған заңнамалық білімі мен іскерлік қасиетін айқындайтын тестілеуден өтуге міндетті. Бұл жерде аталған бағыт бойынша жыл басынан бері 6 873 азамат тіркеліп, оның 2 840 үміткері тестілеудің оң қорытындысына ие болғанын айта кеткен жөн.
Биыл «Б» корпусы санатындағы мемлекеттік қызметкерлер Мемлекет басшысының Жарлығы негізінде аттестаттаудан өтті. Ұлт жоспарындағы 15-қадамға орай, 1 ақпаннан бері мұндай тестілеуді 66 580 адам тапсырып, іскерлік қасиетінің пайыздық көрсеткішін айқындаған. Ал 15 наурызда өз мәресіне жеткен Комиссия жұмысының жалпы қорытындысында олардың 28 пайызы «өте жақсы», 68,2 пайызы «тиімді», 3,1 пайызы «қанағаттанарлық» және 0,1 пайызы ең төменгі көрсеткіштерге ие болған.
Сөз соңында назарға ілінуі тиіс соңғы дерегіміз, жоғарыда аталған санаттың жетекшілік деңгейіндегі Жоғары аттестаттау комиссияның әңгімелесуінен 1 139 мемлекеттік қызметкер өткен болса, оның 973-і тағайындалған лауазымға лайықты деп танылған. 130 қызметкердің лауазымын жоғарылату жөнінде, ал 36 маманның қызметін төмендету туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ, еліміз бойынша «Б» корпусының өкілдері екінші және үшінші деңгейлі санаттағы мемлекеттік қызметкерлердің барлығы да Жоғары аттестаттау комиссияның алдынан өтті және мұндай шара әлі де жалғасын табуда.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»