29 Қыркүйек, 2011

Мемлекет міндеті – халықтың денсаулығын қорғау

657 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Тәубе дейік, бір кездері деміккен денсаулық саласы қазір аяғынан тік тұрып келеді. Елбасы «Саламатты Қазақстан» деген елдік бағдарламаны бекітті. Соның негізінде сан-салалы жұмыстар Астанадан бастап барлық өңірлерде жалғасын тауып жатыр. Біз осы сала бойынша бүгін не атқарылып жатыр, біткені қайсы, бітетіні қандай дегенді, болашақтың жоспар-жобасын білу мақсатында Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік БАЙЖҮНІСОВТІ әңгімеге тартқан едік. – Ерік Әбенұлы, мемлекет­тің басты капиталы адам десек, сол адамның денсаулығын жақ­сарту жөнінде өткен жылы арнайы бағдарлама қабылдан­ды. Осы құнды құжаттың еліміз бойын­ша орындалу барысы қандай? –Шынында, тәуелсіздік алған күннен бастап халық денсаулы­ғын жақсарту жөнінде Елба­сы­ның алға қойған міндеттерін жү­йелі орын­дау жұмысы мүмкін­ді­гінше атқа­ры­лып жатыр. Қиын ке­зеңдер артта қалып, үмітті үкі­леген уа­қыт даң­ғыл жолға түсті деуге бо­лады. Президент әр сөй­ле­ген сө­зін­де ден­саулық сақтау саласына ерекше мән беріп, миллиардтаған қаржы бөлуге ұйыт­қы болуда. Биылғы Жол­дауында да «Халық ден­сау­лығы – Қазақстанның өзі­нің стра­те­гия­лық мақсаттарына жетудегі табы­сы­ның ажырамас құрамдас бөлі­гі» деп атап өткен еді. Біз осы үдеден шығу мақ­сатында талпы­ныс­тар жасауда­мыз. Ал енді сұ­рақ­тың желісіне келер болсақ, қо­ғам дамуына сай халық ден­сау­лығын көтеру жо­лын­дағы құнды құжат болып са­налатын «Сала­мат­ты Қазақстан» мемлекеттік бағ­­дар­ламасын іске асыру бойын­ша Үкімет арнайы қаулы қабыл­даған болатын. Со­ның негізінде шаралар жоспары бекітілген еді. Бағдарла­ма­ны орындау екі ке­зең­нен тұра­ды. Бірінші кезең – 2011-2013 жыл­дар­ды, екінші кезең – 2014-2015 жыл­дарды қамтиды. Біріншіден, ұлттық скринингілік бағдар­ла­маны енгізу арқылы ха­лық­тың белгілі бір топтарын тексеру нә­ти­жесінде аурулар тізбесі әзір­лен­ді. Тиімді профилакти­ка­лық жұ­мыс­ты үйлестіру, халық­тың ны­са­налы топтарын скринингілік зерттеумен толық қамту жөнінде министрдің бұйрығы шықты. Сол секілді колоректалды обыр­­­ды, глаукоманы, жас балалар­дың туа біткен және жүре пайда болған есту мүшелері ауруларын ерте анықтауға скрининг пен В және С гепатиттеріне нысаналы қа­­тер топтарын скринингін қо­сым­­ша енгізуге шешім қабыл­дан­ды. Бұған қоса әлеуметтік қыз­меткер инсти­туты енгізілуде. Бұл бастап­қы ме­ди­циналық көмек көр­сету­дің әлем­дік стандарттары­на жа­қын­да­тады. Емделушілердің психикалық денсаулығын қалпына келтіру, жеке басының дамуындағы ауыт­қу­­лар­ды түзету, психопрофилактика, психотүзету, психологиялық консультация беру бойынша іс-шара­лар да өз шешімін таба бас­тады. Бұл ретте жоғарыда көр­сетілген функцияларды жүзеге асыруға арналған іс-шараларды қаржы­лан­­дыру мемлекеттік ұйым­дар бо­йын­ша штат бірліктерімен жасақ­тау арқылы жүргізіледі: 2011 жыл­ға республика бойынша бар­лы­ғы 2230 штат бірлігі жоспарланса, оның 389-ы психолог­тарға тиесілі. Халыққа, әсіресе ауыл тұр­ғын­­дарына, елдің шалғай және бару кезінде қиындық тудыратын өңір­лер­дің тұрғындарына меди­ци­на­лық көмектің қол жетімділігін қам­тамасыз ету үшін көлік меди­ци­насын дамыту жоспар­ланып отыр. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу нәтиже­сін­де өңірлерде қызмет­тер­ді ұсыну­шы­лар­дың бастама­сы­мен ем алу­шы­лар санын қайта құрылымдау мен оңтайландыру жүргізілуде. Осы кезеңде стационарларда 398 741 адам ем алды. Оның 42,7 па­йызын ауыл тұр­ғындары құрады. Олардың ішінде өз өңірінде 89,7 % азамат емделді. Өзге өңір­лер­ге 1,6 %, республикалық клиникаларда мамандандырылған кө­мекті 8,7 % адам алды. Медициналық көмек көрсету сапасын арттыру, медицина қыз­меткерлерін түпкі нәтижеге ынта­ландыру ниетінде «Медицина қыз­­мет­керлеріне еңбекақы төлеу ережесін бекіту туралы» Ден­сау­лық сақтау министрінің 2011 жыл­ғы 20 мамырдағы № 310 бұй­рығы әзір­лен­ді. Онда еңбек нәти­жесіне қа­рап бағалау өлшемдерін пайдалана отырып, көрсетілетін меди­ци­на­лық қызметтің көлемі мен сапа­сы­на қарай үнемделген қаражат есебінен үстеме төлеу тәртібі көздел­ген. 2011 жылдың 6 айының қоры­тын­дысымен бар­лық облыстарда денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне сараланған ең­бек­ақы төлеу жү­зе­ге асырылды. Алайда, өңірлердің бір­қатар ұйым­дарын­да үнем бол­ма­ғандықтан төлем жүргізілмеді. – Аурудың емі – сапалы дәрі. Елімізде қолжетімді дәрі-дәр­мек мәселесі қалай шешімін табуда? Отанымызда өндірілетін дәрі қанша пайызды құрайды? Шетелден алынатын дәрі ше? – Қолданыстағы заңнамаға сәй­­кес елімізде тіркелмеген дәрі­лік заттарды, медициналық мақ­сат­­та­ғы бұйымдар мен техниканы қол­дануға тыйым салынған. Дәрі­лік заттар, медицинаға қажет мақ­сат­тағы бұйымдар мен меди­ци­налық техника мемлекеттік тір­кеу­ден өтуі тиіс. Мұндай талап әлем­­нің бар­лық елдерінде бар. Мемлекеттік тір­кеу Еуропа елдері мен басқа ел­дердің халықаралық практикасы болып табылады. Бұл еліміздің фармацевтикалық нары­ғы­на сапа­сыз және тиімсіз, сон­дай-ақ жал­ған дәрілік заттардың, медицина бұйымдары мен техни­ка­ның заң­сыз келуіне тыйым қояды. Ағымдағы жылдың 1 тамы­зын­дағы ахуалға көз жіберер бол­сақ, 7035 дәрілік заттар тір­кеу­ге алын­ған. Оның отандық өн­ді­ріске тиесілісі – 12,2% болса, жа­қын шетелден – 17,8%-ды, алыс шетелден кел­гендері – 70%-ды құрайды екен. Медициналық тех­никаға келсек, оның тіркелген­дерінің ұзын са­ны – 2 244. Мұ­ның отандық өн­ді­ріске тиесілі – 3,1%, жақын шетел – 16,1%, алыс шетелден – 80,8% екен. Ал меди­циналық мақ­саттағы бұйым­дар – 3604. Мұның 7,9%-ы – отан­дық, 24,1%-ы – жақын шетелдік, 68%-ы – алыс шетелдік болып отыр. – Елбасы Астанадағы Ұлт­тық ғылыми кардио­хирур­гия­лық орталықтың ашылу рәсі­мін­де ел денсаулығына қа­тысты атқарылған жұмыс­тар­ды айта келіп, ендігі жерде қатерлі ісік­тің алдын алу үшін іргелі меке­ме­нің бой көтеретінін жеткізген еді. Осы арада нақты мысалмен тұрғындар арасын­дағы сырқат­тар туралы мәлімет бере кетсеңіз. – Иә, отандастарымыздың, әсі­­ре­се, жас ұрпақтың өміріне қатер төндіретін қатерлі індет­тер­дің алдын алу жолындағы ізденістеріміз аз емес. Әрине, еліміз жыл санап алға басып келе жат­қан тұста, бәрін бірден төрт ая­ғы­нан тік тұрғызу оңай жұмыс болмаса керек. Әйтсе де жүргізілген реформалар, бағыт-бағдарлар өз нәти­же­сін беруде. Айталық, 2005-2010 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дарламаны іске асыру шең­бе­рін­де атқарылған шараларға тоқ­та­лар болсам, 2009 жылы Астана қа­ла­сындағы «Республика­лық диаг­­нос­­тикалық орталық» АҚ база­сын­да ядролық медицина құ­рылды. Мұнда 2010 жылдан бастап дайын радиофармацевтикалық препарат­тар­ды өндіру үшін циклотрон мен позитрондық-эмис­сия­лық томография әдісі енгізілді. Бұл жабдық аурудың алғашқы сатысында кли­ни­калық симптом­дары пайда бол­ғанға дейін анық­тауға және нев­ро­логиялық, кар­дио­логиялық, ең бас­тысы онко­ло­гиялық ауруларды емдеу тиімділігін бақылауға мүм­кін­­дік береді. Құралдың қуатты­лы­ғы жылына бір жарым мың емшараға есептелген. Республика халқы үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көле­мі­нің шең­берінде қымбат тұратын емшара тегін жүргізіледі. Радио­химиялық зертхана да барлық яд­ролық медицина сияқты америка­лық және бель­гиялық жабдық­тар­мен жа­рақ­­тал­­ды. 2010 жылы тегін меди­ци­н­а­лық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде зерттеулер жүргізілді, 2011 жылы да бұл жалғасын табуда. Астанада соңғы 5 жылдың ішін­де өлім-жітім көрсеткіш­тері­нің тө­мендеуі байқалды. Егер 2007 жылы бұл жағдай 100 мың адамға шақ­қанда 102,8-ді құраса, 2010 жылы 89,0-ге дейін төмен­деді. Бұл қатер­лі ісікті алғашқы саты­сын­да диаг­нос­тикалаудың жақ­­саруы­на және емдеу нәтиже­лері­нің сапасына бай­ланысты болып отыр. Өмір сүрудің 5 жылдық көр­сет­кіші де біртіндеп көтеріліп келеді. 2007 жылы азаматтары­мыз­дың өмір сүру ұзақтығы 45,0%-ға, 2010 жылы 47,2%-ға жоға­ры­лады. Әри­не, тәуелсіз еліміздің әрбір тұрғы­ны­ның, әсіресе күні ертең ел тұт­қа­сын ұстайтын жас ұр­пақтың өр­ке­ниетті елдердегідей өмір сүруіне жағдай жасау арқы­лы, адамның өмір сүру жа­сын арттыру басты на­зарымызда тұрғанын баса айт­қым келеді. – Ерік Әбенұлы, өзіңіз айт­қан­дай, елдің болашағы сана­ла­тын сол жас ұрпақтың ден­сау­­лы­ғын жақсарту көптің де кө­кейін­де жүрген мәселе. Өмір­ге келген сәбилердің арасында шала туатындар, жүрек ақауы барлар бар екені анық. Жүрек ақауымен туғандарға дер кезінде операция жасау қажет екені де түсінікті. Ондай сәбилерге шетелдерде туа салып операция жасайтын көрінеді. Бізде бұл жұмыс өз шешімін қалай тауып жатыр? Дәрігерлерге емделуші­лер­дің сыйлық беруі дегенге қалай қарайсыз? – Мен сұраққа жауапты нақты мысалдармен берсем деймін. 2010 жылы еліміз бойынша 368 975 сәби өмірге келді. Бұл 2009 жылға қарағанда 7486 балаға артық. Нә­рес­телердің өлім-жітімі 1000 тірі туғандарға шаққанда 16,7-ні құра­ды. Бұл 2009 жылмен салыстыр­ған­да, 8,2%-ға төмен деген сөз. Сол өмірге келген сәби­лер­дің шала туғандары 5,9% десек, бұл ана денсаулығының индексіне байла­ныс­ты болатыны белгілі. Сол секілді 2011 жылғы І жартыжыл­дық­та нәрестелер өлім-жітімінің көр­сет­кіші өткен жылдардың осы ке­зеңімен өлше­генде 14%-ға тө­мен­деді. Және 1000 тірі туған нәрес­те­ге шаққанда 15,1 (2010 жылы – 17,6%) пайыз болды. Сәбилер арасында туа пайда болған жүрек кемістігі сырқатына кардиохирургиялық көмек көр­се­ту­дің қолжетімділігін жақсарту мақ­сатында қандай жұмыстың ат­қарылып жатқанын айтар болсам, алдымен Алматы қаласы Педиатрия және балалар хирургиясы ғы­лы­ми орталығында 20 төсектік кар­диохирургиялық бөлімше, Пе­ри­наталдық орталығында 20 кар­дио­хирургиялық төсек-орын да­йын­дау және 3 жасқа дейінгі бала­лар­ға кардиохирургиялық ем жасау жоспарлануда. Бұған қоса, Ас­тана қа­ла­сындағы жаңа ашыл­ған кар­дио­­ло­гиялық орталығы бала­лар­ға ар­на­лып әзірленген 20 орын­да жы­лы­на 275, 2011 жылдың қыр­күйе­гін­де 1 жасқа толмаған 70 сә­би­ге операция жасау көзделуде. Қазір осындай кардиохирургиялық кө­мек­­ке зәру балалар анықталу үстінде. Бір айта кететін жайт, аналар­ға және жаңа туған ұл-қызға ме­ди­­ци­налық көмек тегін, кепілдік беру көлемінің шеңберінде жүргі­зіледі. Ақ халатты абзал жандар әр­қашан қателікке жол бермей, адам өмірін сақтау үшін күреседі. Пациенттер медициналық мекеме қыз­мет­керлеріне ризашылығын білдіріп, кейде сыйлық беріп жа­тады. Әрине, пациенттерден сый­лық алуға болмайды. Өйткені, медицина қызметкерінің қолма-қол ақша­лай немесе құнды сыйлық­тар алу­ға құқы жоқ. Мұндай жат қылыққа әр азаматтың сауаты мен санасы таразы болуы тиіс. – 2010 жылдан бастап Бір­ың­ғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Осы істің бүгін­гі жай-күйі туралы да оқыр­ман­дарға айта кетсеңіз жөн болар еді. – Өткен жылдың қаңтар айы­нан бастап Бірыңғай ұлттық ден­сау­лық сақтау жүйесі енгізіле бас­та­ғаны рас. Оған арқау болған негізгі желі, емделушілердің дә­рі­гер мен медициналық ұйымды еркін таңдауына, бәсекелестікке бел бу­ған ортаны қалыптас­тыру­ға, ден­сау­лық сақтау жүйесін түп­кілікті нәтижеге және медици­налық қыз­мет көрсету үдерісінің ашық­ты­ғына бағдарлау еді. Осы қағидат­тар­ды қамтамасыз ету ар­қы­лы таң­дап алынған меди­ци­на­лық ұйымға «сапалы емге – қо­мақ­ты қаржы» тарту болатын. Портал ар­қылы жос­парлы емдеуге жат­қызу­ды ұйым­дастыру Ден­сау­лық сақтау ми­нистрі­нің ар­на­йы бұй­ры­ғымен бекітілген. Пор­та­лы ар­қы­лы тегін меди­ци­налық көмек­тің кепілдік берілген көле­мі­нің шеңберінде стацио­нар­ға жос­пар­лы емдеуге жат­қызу­ды ұйым­дас­тыру нұсқаулыққа сәй­кес жүргізі­леді. Амбулаториялық-ем­ха­налық көмек көрсететін ме­ди­циналық ұйымның маманы жол­да­маның электрондық нысанын­дағы тиісті жолдарды толтыру арқылы пор­талға жолдаманы тіркейді. Нұс­қаулықта жазылған талаптарда ем­делушінің денсаулық сақтау ұйы­мын еркін таңдауы, қолжетім­ділігі, ашықтығы, құқы­ғы­ның қор­ғалуы айқын көрсе­тіл­ген. 2011 жылдың бірінші жар­ты­жыл­ды­ғын­да ста­цио­нарды өз еркімен таң­дау қағи­дасының арқа­сын­да 398 мыңнан астам адам жоспарлы тәртіппен ем алды. Қазіргі уақытта ауыл тұрғын­дары стационарлық ем алуда ме­ди­циналық ұйымдарды, оның ішін­де республикалық клини­ка­лар­ды еркін таңдай алады. Осы кез­ге дейін таңдау құқығын 186 мыңнан астам ауыл тұрғыны пай­да­ланды. Емдеуге жатқызу бюро­сы порталында тіркелгендердің 43%-ын ауыл тұрғындары құра­ды. Республикалық клиникаларда емдеуге жатқызылғандардың 29 па­йы­зы жергілікті жерден келгендер. Одан басқа облыстардың ден­сау­лық сақтау басқармалары­ның, өңір­лік комиссиялардың жолдама­лары бойынша жоғары мамандан­ды­рыл­ған медициналық көмекті 7249 ауыл тұрғыны алды. Бұл барлық емдеуге жатқызылған­дар­дың 31 пайызы еді. – Жас мамандардың ауылға баруы, барғандарға жасалатын жағдай туралы пікіріңізді білсек деп едік. Жалпы, медицина кадр­ларын дайындау ісі қалай жүзеге асуда? – Иә, Елбасының Жолдауына сәй­кес жыл сайын медицина қыз­мет­керлерінің жалақысы көтері­лу­де. Оны бүкіл жұрт көріп, біліп отыр. Ал ауылда медицина кадр­ларының тапшылығы жоқ дей ал­маймыз. Денсаулық сақтау сала­сын, әсіресе ауылдық жерлерде ме­дицина кадрларымен қамта­ма­сыз ету мәселелерін шешу үшін министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тыңғылық­ты шаралардың қабылдануына ұйыт­қы болып отыр. Заң аясында 2008 жылдан бастап жоғары оқу орын­дарын бітірген жас маман­дар­дың ауылға баруы өз шешімін таба бас­тады. Соңғы жылдары медицина­лық жоғары оқу орын­дарына қа­жет­ті грант саны өсті. Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сымен жү­зе­ге асып жатқан «Дипломмен – ауылға» бағдарла­масы бойынша елді мекендерге жолы түскен жас­тардың еңбек­ақы­сын 25 пайызға дейін көтеру, өзге де жағдайлар ж­асау өз дәрежесінде орындала бастады. Сонымен бірге, министрлік ауыл­­­дағы медициналық кадр тап­шылығын жою мақсатында облыс әкімдерімен және медициналық жо­ғары оқу орындарының рек­тор­ла­ры­мен үш жақты меморандум жа­сау бойынша жұмыстар жүр­гізуде. Осы арада мына түйінді ойым­ды айта кетуді парыз санаймын. Медициналық білімнің өзіндік ерек­шеліктері бар. Оқу мерзімі өз­ге мамандықтарға қарағанда ұзақ. Теориялық және клиникалық пән­дер жан-жақты зерделеуді талап етеді. Бүкіл дүние жүзінде ме­ди­циналық жоғары оқу орын­дары­на жастарды іріктеу мен оқыту кезінде қойылатын талап өте жоғары. Қазіргі таңда медициналық жо­ғары оқу орындарының студенттерін практикалық даярлаудан өткізу өзекті проблема болып отыр. Елімізде медициналық білімді реформалау жүзеге асыры­ла­ды. Меди­цин­алық кадрлар даярлау жүйесіне қойылатын талаптар жоғары­лай­ды. 2006 жылы осын­дай мәселе­лер­ді шешу мақ­сатын­да медици­на­лық және фарма­цев­ти­калық білімді реформалау тұ­жы­рымдамасы қабылданған бола­тын. Ол елдегі медициналық білім құрылымы Медициналық бі­лім­нің дүние­жү­зілік федера­ция­сы­ның талаптары­на сәйкес және медициналық бі­лімнің клиника­лық бағыттылығын күшейте оты­рып, осы саладағы халықаралық тәжірибеге сүйеніп әзірленген еді. 2007 жылғы 1 қыркүйектен бас­тап жоғары оқу орындарында оқыту жалпы білім берудің мемлекеттік стандарттарына сәйкес жүр­гізіледі. Осыған сәйкес интернатурадан өтпеген бітірушілер клини­калық практикаға жіберілмейді. Тек кейбір мамандық иелері ин­тернатураны аяқтағаннан кейін өздігінен гигиенист-эпиде­мио­лог, стоматолог дәрігер, т.б. қызметін атқара алады. Жалпы білікті дәрігерді даярлау 9 жылдан бастап 11 жылға дейін. Медици­на­лық білім базасының шеңберін­де жаңа бағдарлама бойынша оқыған ал­ғаш­қы түлектер жұмыс­қа 2014 жыл­дан бастап, ал ар­найы маман­дандырудан өткендер 2016 жылдан бастап кірісетіндігін айта кетуіміз керек. Қазақ елінің алдында эконо­ми­­каның жылдамдығын жаңғыр­та беру, шикізаттан өз өнімімізді өндіру жөніндегі индустриялық-инновациялық бағытты өрістету міндеттері тұр. Мұндай жауапты істе азаматтарымыздың денсау­лы­­ғын сақтап нығайтпай, жұмыс­қа қабілетін арттырып, өмірін ұзарт­пай алға бару мүмкін емес. Қазір Мемлекет басшысының тапсырма­сы­мен ел ғылымын уа­қыт өлшемі­не сай реформалау жал­ғасуда. Жа­ңа «Ғылым тура­лы» заң қабыл­дан­ды. Ғылымға байланысты негізгі іс-шаралар Денсаулық сақтау министрлігінің стратегиялық құ­жат­тарында тай­ға таңба басқандай көрсетілген. Сонымен қатар, меди­ци­налық ғылымды реформалаудың 2008-2012 жылдарға арналған тұ­жы­рымдамасы бойынша жоспар­лы істер жалғасын табуда. Осының бәрін денсаулық сақтау жүйе­сін­дегі 24 ғылыми-зерттеу институ­ты мен ғылыми орталық, оның ішінде 18 клиникалық және 6 кли­никалық емес, 8 жоғары меди­ци­налық оқу орны жүзеге асыруда. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәй­кес медицина ғылымын дамыту­дың басым бағыттары қалыптас­ты­рылды. «Денсаулық сақтаудағы ғылыми зерттеулер жөніндегі өңір­лік оқу орталығы» халықара­лық грантын іске асыру бастал­ды. Гранттың құрылтайшысы – Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы. – Қа­зір елімізде қарқынды дамып келе жатқан санавиация туралы да өз байламыңызды білдіре кетсеңіз қалың қауымға тиімді болар еді. – Әуе санитариялық көлігін пай­далана оты­рып, шұғыл меди­ци­­на­лық көмектің сапасын және қол­жетімділігін жақсарту мақ­сатын­да, биыл «Республикалық жедел ме­ди­циналық жәрдем орта­лығы» АҚ базасында респуб­лика­лық санита­рия­лық авиация ұлттық орталығы ашылды. 16 са­ни­тариялық тік­ұшақ сатып алы­нып, пайдалануға берілмек. Төтен­ше жағдайлар министрлігімен, өзге де құрылымдармен бірге жұмыс істейді. Барлық об­лыс­тық медици­на­лық ұйымдар­мен тікелей байланыс орнатылған. Ел дең­гейіндегі мамандармен телефон және «скайп-байланыс» құ­рал­дары арқылы, сон­­дай-ақ телемедицина бойынша консультация жүргізіледі. Мұны жедел жәрдем­нен де жедел жәрдем десек болады. Сөз түйініне келсем, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген бағыт-бағдар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі міндеті – халық денсаулы­ғын сақтау, мемлекет ісін мүлтік­сіз орындау болып табылады.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.