29 Қыркүйек, 2011

Иерусалимге жаңа қоныстар салмақ

324 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Палестина өзінің тәуелсіздігі үшін күресінің белгілі бір шегіне жетті-ау деген тұста Израиль жағы тағы бір теріс әрекетке барып отыр. Израиль Палестина өзінің болашақ астанасы етпек Шығыс Иерусалимге 1100 еврей қоныстарын салу туралы шешім қабылдады. Бұл Палестина талабын дұрыс санайтын әлемдік қоғамдастық өкілдері тарапының наразылығын туғызып отыр. Өйткені, мұндай шешім Израиль мен Палестина арасындағы бейбіт келіссөздерді қайта жалғастыруға тосқауыл қояды. Сондықтан Израиль жағы парасатқа жүгініп, өзінің бұл шешімінен бас тартқаны жөн, дейді осыған орай ЕО-ның Сыртқы істер жөніндегі Жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон. КЕЛІСІМ КЕЛІССӨЗДЕРІ ӨТПЕЙ ҚАЛДЫ Еуропалық Одақтың бітімгершілері Косово мен Сербия билігі арасындағы келіссөздердің келесі кезеңін өткізе алмады. Үнқатысудың жүзеге аспауына Косово мен Сербия шекарасындағы жә­не Сербияның өзіндегі сербтер тұратын бөлікте орын алған зорлық-зомбылық толқыны себеп болды. Қақтығыстың соңғы сериясы салдарынан шекара сызығында НАТО контингенті құрамындағы 4 әскери қыз­меткер мен 6 серб азаматы жарақаттанды. Осыдан кейін Белград делегациясы сұхбат жүргізе алмайтындарын мәлімдеді. Ал шекарадағы жанжалды Приштинаның екі араға нағыз шекара бекетін орнатпақ ниеті туындатқан еді. ОРЫСТАР БАЛАМАСЫЗ САЙЛАУҒА НАРАЗЫ Мәскеу полициясы қолдарына «Оппозициясыз сайлау өткізу – қылмыс!» деген жазуы бар баннер ұстап, Триумфальді алаңға қарай беттеген адамдарды қамауға алды. Олар ұсталмас бұрын рұқсат етілмеген шара өткізуге болмайды деп ескерту жасалыпты. Бірақ сайлауға наразылар ескертуге құлақ аспаса керек. Ұсталғандардың барлығы жақын жердегі полиция бекетіне жеткізіліп, оларға қатысты әкімшілік тәртіп бұзды деген тұрғыда хаттамалар толтырылған. Осыдан бірнеше күн бұрын дәл сол жерде полиция сол тақылеттес митинг ұйымдастырып, қолдарына аталған мазмұндағы баннер ұстаған оппозиционерлерді қуып таратқан болатын. ТИМОШЕНКО ҮШІН ЖЕТІ ЖЫЛ СҰРАЛДЫ Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенконың процесінде мемлекеттік айыптаушы судья Родион Киреевтен оны жеті жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығаруды сұраған. Сондай-ақ айыптаушы Ю.Тимошенконы үш жылға мемлекеттік қызметпен айналысу құқынан айыруды талап еткен. Бүгінде Украинаның бұрынғы премьер-министріне қызмет өкілеттігін асыра пайдаланып, Украинаға Ресей газын жеткізу туралы келісім-шарт жасасқан кезде елдің мұнай-газ компаниясына 150 миллион еуро көлемінде шығын келтірді деген айып тағылып отыр. Ю.Тимошенконың өзі болса, заңнан аттамағанын айтады. АХМАДИНЕЖАДТЫҢ ПАЙЫМЫ  ЫЗАЛАНДЫРДЫ «Әл-Каида» террорлық желісі Иран президенті Махмұд Ахмадине­жадты 2011 жылдың 11 қыркүйе­гіндегі лаңкестікке қатысты жалған ақпарат таратты деп айыптады. Иран президентінің ой-пайымынша, АҚШ тарихындағы ең қасіретті лаңкестікті лаңкестер емес, Вашингтонның өзі ұйымдастырған. Махмұд Ахмадинежад аталған ойын соңғы рет Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының соңғы, 66-сес­сия­сы мінберінен қайталаған болатын. Оның сөзіне қарағанда, өзінің инженер ретінде білетіні – Бүкіләлемдік сауда орталығының қос ғимараты тек ұшақ соғылуынан ғана жермен-жексен болмайды. Ғимараттарға алдын ала жарылғыш заттар қойылған. Әрине, бұл ұстаныммен келіспейтіндер де көп. ҚҰРБАНДЫҚТАР САНЫ АРТА ТҮСТІ Филиппинде ойран салған «Несат» тайфунының салдарынан кем дегенде 20 адам опат болған. Құрбандықтардың көбі ел астанасы Манила мен оның төңірегіндегі елді мекендерде тіркелген. Табиғат апаты алдында нөсер жаңбыр жауса, желдің жылдамдығы сағатына 150 шақырымға жеткен. Құтқарушылар қирандылар арасынан 108 адамды құт­қарып алса, елдің 35 тұрғыны жоғалып кеткендер қатарын толықтырып отыр. Тайфун кезінде барлық мемлекеттік мекемелер жабылып, 100 мың адам қауіпсіз жерлерге көшірілген. Бүгін-ертең «Несат» Қытайдың Хайнань аралының жағалау­ларына жетеді деп күтілуде. Қысқа қайырып айтқанда:

Йемен оппозиционерлері үкімет әскерінің иелігіндегі әскери ұшақты атып түсірді. Елдің Архаб деп аталатын бүлікшіл аумағында бірнеше ай бойы қақтығыстар жүріп жатыр. Оппозиционерлер Йемен президенті Али Абдулла Салехтың биліктен кетуін талап еткелі жарты жылдан асып барады.

Львовтың облыстық кеңесі елдің қысқы уақыттан жазғы уақытқа және керісінше өтуінің күшін жойған заңды алып тастауды талап етіп Украинаның Жоғарғы радасына шықпақшы ниет танытып отыр. Сөйтіп, аталған облыс Мәскеу уақытынан бас тартқанды қалайды.

Болгарияның бірнеше қаласында сығандарға қарсы наразылық акциясы болып өтті. Бұған 19 жастағы Ангел Петровтың қазаға ұшырауы себеп болды. Куәлердің көрсетуінше, оны мәшинесімен сыған бароны Кирилл Рашковтың көмекшісі  әдейі барып басқан. Енді Царь Киро деген лақап аты бар көмекшінің кінәсі дәлелденсе, ол алты жылға сотталуы мүмкін.

Эстонияның қаржы министрі Юрген Лиги елдің Еуропалық тұрақтандыру қорына қосылуына қарсыларды «топастар»  деп сын тезіне алды. Аталған заң жобасы парламентте алғаш оқы­лым­нан өткен болатын. Ол бойынша Эстония өзіне дағдарысты басынан өткеріп отырған еуроаймақтағы елдерге қаржылай көмек көрсету міндеттемесін алады.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.