Жастар екі вагонға орналасты. Облыстан бір мың бес жүздей жас волонтер болғысы келіп, өтініш берген еді. Бірақ көрмені ұйымдастырушылар тарапынан Қостанай облысынан 100 адамға ғана сұраныс түскендіктен, жастарды қатаң іріктеуге тура келген.
«Жастардың ресурс орталығы» ұйымының қызметкерлері волонтерлікке негізінен облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен колледждер студенттерін іріктеді. Анығырақ айтқанда, негізінен педагогика институтының студенттері таңдалды. ЭКСПО-ға 50 жігіт, 50 қыз кетті. Қостанайлық волонтерлер Астана мен Алматыдан, Павлодардан, Қарағандыдан барған студенттермен бірге маусым айында қызмет етеді. Келесі айларда олардың орнын Қазақстанның басқа өңірлерінен барған волонтерлер ауыстыратын болады.
Суденттердің арасында бұрын да волонтерлік қызметті атқарған жастар бар. Педагогика институтының студенті Диас Шалғымбаев Алматыда өткен универсиадаға волонтер болып барып келген. «Тәжірибе жинағандықтан, бұл жолы маған көп нәрсе таныс болуы тиіс», дейді Диас.
Нәзира Жәрімбетова,
«Егемен Қазақстан»