Аймақтар • 07 Маусым, 2017

Қарақиядағы қос құрылыс

212 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––Елі­міздің көліктік-логистикалық әлеуетін арттыру бағытындағы «Нұрлы жол» бағ­дарламасын жүзеге асыруда Маңғыстау облысының мүмкіндігі мол. Те­ңіз жолы, темір жол және автокөлік жолы арқылы шартараппен байланысу мүм­­кіндігі жоғары аймақта аталмыш бағдарлама аясында ауқымды жобалар қол­ға алынған.

Қарақиядағы қос құрылыс

Мысалы, транзиттік көлік әлеуетіне ие өңірдің мүмкіндігі ТРАСЕКА көліктік дәлізі арқылы Қытай-Қазақстан, Кавказ, Еу­ропа көліктік бағдарын қосатын, сон­дай-ақ, Қазақстанның солтүстік-оң­түс­тік бағдары бойынша елімізді Парсы шы­ға­нағы, Үндістан, Пәкістан, Иран, Түрік­менстан, Ресей, Еуропа елдерімен жал­ғай­тын ірі көліктік-коммуникациялық же­лі болып саналады. Ақтау халықаралық те­ңіз-сауда портын солтүстік бағытта кеңейту, Боржақты-Ерсай темір жол желісі, жылына астық, мұнай өнімдері, ты­ңай­тқыш химикаттар сынды халық ша­руашылығы тауарларынан құралған 4 млн тонна жүк өткізетін Құрық паром ке­шені сынды «Нұрлы жол» бағдарламасы ая­сындағы көліктік, инфрақұрылымдық жо­балар транзиттік әлеуетті өсіру арқылы ел экономикасының қуатты, бәсекеге қа­бі­лет­ті болуына қол жеткізеді. 
Қазақстан Республикасы Прези­де­нті­нің  2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақ­с­тан
халқына Жолдауын іске асыру үшін қабылданған инфрақұрылымды да­мы­тудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұр­лы жол» мемлекеттік бағдарламасы Маң­ғыс­тау өңірінде қарқынды жүзеге асырыла бас­тағанына Құрық кентіндегі екі бірдей жо­ба куә. 
Бағдарламаның темір жол секторын жә­не логистиканы дамытуға арналған екін­ші бағыты бойынша 2015 жылдың сәуір айында Құрық паромдық кешенінің бі­рінші фазасының құрылысы басталған бо­латын. Кешеннің жобалық қуаты жылы­на 4,1 млн тонна жүкті тасымалдауға не­гіз­делген болса, жобаның құны 30,6 млрд тең­гені құрайды. Одан бір жыл бұрын, яғ­ни 2014 жылы Құрық портын темір жол магистралімен байланыстыратын «Бор­жақты – Ерсай» темір жол желісінің құры­лы­сы басталып, ол 2015 жылы аяқталған бо­латын. «Боржақты – Ерсай» темір жол же­лі­сінің құрылысы алғашқы бес жылдың ішін­де жылына 8 млн тоннадан астам тасымал­дау көлемін қамтамасыз ететін болады деген меже бар. 
Темір жол инфрақұрылымын дамыту портта тұрақты жүк ағынын қамтамасыз етеді, сондай-ақ, Құрық портының аудан­ын­дағы кеме жасау және кеме жөндеу зау­ыты, металл құрылғылары зауыты си­яқты дамып келе жатқан өндірістерге кө­ліктік қызмет көрсетуді қамтамасыз ете­ді. Құрықтағы паромдық кешен мен Бор­жақты-Ерсай темір жол желісі – екі жо­ба құрылысына 700-ден аса адам жұм­ыс­­-
қа тартылды, ал нысандар пай­да­лануға бе­рілгеннен кейін шамамен 250 тұрақты жұ­мыс орны ашылатын болады. 
Құрық паром кешені Каспий ма­ңын­дағы Иран, Әзербайжан сынды көршілес мем­ле­кет­термен халық тұтынатын тауарлар, жаб­дықтар, құрылыс материалдары, өзге де қажетті жүктердің тауар айналымын ұл­ғайтуға мүмкіндік береді.
Жоқтан бар жасау оңай емес. Бола­ша­ғы зор паромдық кешеннің құры­лы­сы екі ке­зең­­­нен тұрады. Жұмысы аяқ­талған бірінші ке­зең 2016 жылдың желтоқсан айында Ел­ба­­сы­мен тікелей телекөпір арқылы іске қос­­ылды. 
Телекөпір барысында Елбасы Н.Назар­ба­­ев Құрық порты еліміздің жүк­те­рін Кав­каз бен Еуропаға шығаруға мүм­кін­дік бе­ре­тінін, ұзақ күткен жоба мем­ле­ке­ті­міз­дің да­муы үшін аса қажетті екенін ай­тып өтті. Құ­рық портында паромға жүк ва­гондарын ти­еу басталып, мұнда тиелген алғашқы жүк көлігі Бакуге аттанды. 
Жалпы, паромға шамамен 52 вагон тиеуге болады. Вагондар көпірден өтіп, лифт арқылы тиеледі. Барлығы 3 қабаттан тұратын паромның бір қабатына 14 вагон орналасады. Қазіргі таңда осы кешенді жүзеге асыру мақсатында «Құрық» паром­дық кешені» ЖШС құрылып, оларда 54 жұ­мыс орны ашылды. Жасалған жұмыстар нәтижесінде Каспий теңізінде порттар арқылы жүктерді қайта тиеудің жалпы көлемі 2020 жылға қарай шамамен 25 млн тоннаны құрайтын болса, оның ішінде Құрық паромдық кешенінің үлесі 4 млн тоннаға дейін жететін болады. Қазіргі таңда 61 паромға қызмет көрсетіліп, олар­да барлық салмағы 234647 тоннаны құ­­райтын 3428 вагон қабылданып, тиісті ме­кенге жөнелтілді. Нақтырақ айтсақ, сал­ма­ғы 114424 тоннаны құрайтын 1798 вагон им­портқа, 12222 тонна­ны құрайтын 1630 ва­гон экспортқа бағытталған. 
Құрық паром кешенінде қазір құры­лыс жұмыстарының екінші кезегі жүр­гізілуде. Бұл кезектегі жалпы құны 67,1 млрд тең­гені құрайтын автомобиль кешенінің жү­зе­ге асу мерзімі 2017-2018 жылдарға жос­пар­­­ланған. Аталмыш кеше­ннің жобалық қу­­­аты жылына 1,9 млн тонна жүкті құ­ра­мақ. 
Құрық өңіріндегі екі жоба ел эко­но­микасының дамуына үлес қосып, қа­зақ­стан­дық порттың әлеуетін арттыратын нысандар болары анық. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан» 

Маңғыстау облысы