29 Қыркүйек, 2011

Қазақ рухын оятқан тұлға

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрында  Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры Қазығұлдың «Міржақып» трагедиясы негізінде сахналанған Ерсайын Төлеубайдың жаңа қойылымын ұсынды. Қазақтың алғашқы романы «Ба­қытсыз Жамалды», жігерлі үнмен «Оян, қазақ!» жырын шығарып, ұлт мүддесі үшін тәуелсіздік жолында жанын пида еткен Алаш қозғалы­сының ақтаңгері Міржақып Дулатов­тың сахнадағы бейнесін жасауға талпынған қостанайлық  театр ұжы­мының бұл бастамасын қалай дегенімізбен азаттықтың ақ таңы үшін айқасқан азаматтың рухына бағыш­талған халқының тағзымы, ең әуелгі сахналық тартуы деуге толық негіз бар.  Ол тек алаштың табанды күрес­кері ғана болып қоймай, қазақ тари­хына қатысты өзге елдің жазбала­рындағы кейбір көне жәдігерлерді қайта тірілтіп, соңына өшпес мұра қалдырған қаламгер ретінде зерт­теуші-ғалымдардың назарына ілігіп келсе, соңғы жылдары тарихи тұлғалар туралы қойылымдардың көбеюі Міржа­қып сынды алаштың біртуар азамат­тарына да рухани ескерткіштің қойылар уақытының жеткенін аңғартатын. Сол ел алдындағы еңселі парызды Қостанай облыстық драма театрының ойдағыдай орындап шыққаны қуантады. Ел тәуелсіздікке қол жеткізгелі, әсі­ресе, сахналық туындылардың көк­жиегі ерекше күйге енуде. Оған жер-жердегі өнер ұжымдарының қайта жаңғырып, уақыт талабына сай тыныс-тіршілігін өзгертіп жатқан іс-әрекеттері нақты дәлел бола алады. Міржақып Дулатовтың  125 жылдығы құрметіне көрерменмен қауышқан  «Міржақып» трагедиясын дәл осындай айтулы құбылыстың бірі деп қабылдайтын жөніміз бар.  Міржақып рөлін Қазақ­станға еңбек сіңірген қай­раткер Қонысбек Бегайдаров, Ахмет Байтұр­сынов бейнесін Қабдол-Мәжит Иманов, Ғайнижамалды – Ажар Шә­кіржанова, Бәдрисафаны – Ақмарал Қасымова, Жаңғайыпты – Нұрлыбек Кенжеахмет, Голощекинді – Мықтыбай Жылыбаев, Күмәнді – Ақдәмен Досанова, ОГПУ қызметкерінің рөлін Асылан Кенжетай нанымды орындап, тарихи тұл­ғалар портретін алаштың тағы бір ардақты ұлымен ұлықтады. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.