29 Қыркүйек, 2011

Ақберен ақын, жүйрік жырау

636 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қашаған Күржіманұлының 170 жыл­дық мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын тұлғаландыра түскен мерекелік іс-шаралармен аталып өтті. Қазақтың ақберен ақыны, жүйрік жырау Қашаған Күржіманұлының тойы, өнер тойы ретінде өңірдің аспанын екі күн бойы ән мен жырға бөледі. Астана мен Алматыдан және бірқатар облыстардан келген құрметті меймандар ата дәс­түрімен ақынның Маңғыстау ауданы жеріндегі көрікті кесенесін көріп, ата аруағына тағ­зым етті. Ата туралы әңгі­мелер айтылып өлең-жырлары оқыл­ды. Кешкілік Ақтауда жыр­шы-жыраулардың республика­лық байқауы мен жас ақындар мү­шәйрасы басталды. Мерейтойдың екінші күні Ш.Есенов атындағы Каспий мем­лекеттік технологиялар инжиниринг университетінде өлке зерттеушісі Жетібай Жыл­қы­шы­ұлының құрастыруымен «Жазу­шы» бас­па­сы­нан шыққан «Қайыртпай кеткен Қа­ша­ған» атты өлеңдері, термелері мен тол­ғау­лары, ай­тыстары мен жыр-дас­тандары топтас­ты­рыл­ған көлемді кітабы мен «Айтамын хабар қиыр­дан» СD жинағы­ның, сондай-ақ «НКОК» мұнай ком­паниясының демеушілігімен «Қа­ша­ған шығар­малары» деген атпен үш тілде жарық көрген­ ақын таңдамалы­сы­ның тұсау­кесер рәсімі бол­ды. Осы жерде көзден кетсе де көңілден кет­пеген белгілі ғалым, аймақ­тың ақын-жырау­лары­ның ең­бек­терін халқы­мыз­ға оралтуға өл­шеу­­сіз ең­бек сіңірген Қаби­болла Сыдиық­ұлы­ның за­йы­бы Гүлшат Омарқызына сый-құр­мет көр­сетілді. Одан соң жырсүйер қауым «Жаһан­дану жағ­да­йын­­дағы ұлттық құнды­лық­тардың орны және Қа­ша­ған жырау мұ­расы» атты республикалық ғы­лыми-тәжі­ри­белік конфе­рен­цияға жинал­ды. Конференция Елбасы Нұр­сұлтан Назар­баев­тың Қаша­ған Күржі­манұлы­ның 170 жылдық мерейтойына қаты­су­шыларға арналған құт­тықтауын облыс әкі­мі Қырымбек Көшер­баев­тың оқуымен басталды. Одан соң мерейтойға арнайы келген Қазақстанның Еңбек Ері, Әбіш Кекілбайұлы тереңнен толғап көсіле де, шешіле де сөй­леді. Өзі «жырдария» деп жазып жүрген Қа­ша­ған, оның тәлім алған ақын-жырау аға­лары Абыл, Нұрым, Ақтандар туралы да ағы­тылды. Ақынның «Атамекен», «Адай тегі», «Топан», сияқты философияға толы дастан­дарында адам­дарды әділдікке, мейірімділікке шақыр­ғандығын тілге тиек етті. Осыдан жиыр­ма жыл бұрын ақынның 150 жылдығын тойлау туралы шешімге Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның қол қойғандығын еске алды. Сол күннен бастап 150 жыл бойына қалтарыста қалған Қашаған ақын ұлттық руханиятымыздың құн­дылығына айнал­ды. Енді, міне, 170 жыл­дығы аталып отыр. Халқымызбен бірге Тәуел­сіздік алған Қашаған халқымен бірге жасай береді. Жырдария сар­қылмайды. Тас­қындай түседі, – деді. Жинал­ғандар қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғар­сынованың аймақтың әдебиет пен өнерінің өкілдерін, олардың туындыларын насихаттау­дың тәр­биелік, тағылымдық мән-маңызы жайлы ой-пікірлерін зейін қоя тыңдады. Қашаған ел арасында дүлдүл ақын, азулы айтыскер, шежіреші, тереңнен толғайтын асау ағынды жырларымен кеңінен танылған қазақтың әдебиет әлеміндегі ерекше тұлға. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың оны өзі пір тұтқан Сүйінбай ақынмен қатар қойып: Сүйінбай мен Қашаған, Қара өлеңді матаған. Атын жаттап балалар Әлі күнге атаған, – деп жырға қосса, қазақтың бес алып ақындарының бірі Ілияс Жансүгіров «Көбік шашқан» атты поэ­ма­сында: Атырау – алыс бізге жердің түбі, Қашаған – жүйрік жырау елдің тілі. Шашқанда күйден көбік Құрманғазы, Қашаған жырдан төккен маржан дүрді, – деп жырға қосулары жайдан-жай емес. «Қайыртпай кеткен Қашаған» атты жаңа кітапты құрастырушылар ақынның ел есіндегі «Есқали сұпыға айтқаны», сирек кездесетін «Қарасай – қази» жыр-дастаны, т.б. шығар­малары мен ақын туралы жа­зылған ой-пікір­лерді жинақ­тап, көпшілік қазынасына ұсы­нып­ты. Орынды-ақ. Бұл да бір ора­йы келген құптарлық жағ­дай. Ал рес­пуб­ликалық ғылы­ми-тә­жі­ри­белік конференцияда Қа­ша­­ған ақын­ның сан қырлы шы­ғар­машы­лы­ғы туралы ға­лым­­дар – Жұ­мат Тілепов «Дауыл­­ды дәуір­дің дауылпаз жаршы­сы», Серік Негимов «Қашаған жы­рау және оның заманы», Темірхан Тебегенов «Ақын Қа­шаған шы­ғар­малары – Тәуел­сіз Қа­зақ­станның құнды мұра­сы», Ислам Жеменей «Қа­ша­ған жырау мұрасы – қазақ мәдениетінің жауһары» атты терең мазмұнды баяндамалар жасады. Республикалық конференция жұмы­сы­ның соңында облыс әкімі Қырымбек Кө­шер­баев Қашаған ақынның рухани мұра­лары Тәуелсіз қазақ еліне ғана емес, бүкіл түркі әлеміне жол тартып, адамзат поэзиясының алтын қорына қосылған қымбат қазына екендігіне тоқталды. Сондай-ақ жақын күндері әсем Ақтаудың Ынтымақ алаңында Құрман­ғазы Сағырбаев ата­мызға еңселі ескерткіш ашылатын­дығын жет­кізді. Сол уақытта қала­ның төріндегі ең көрнекті жерде қазақтың екі біртуар перзенттері Қашаған мен Құрман­ғазының мүсіндері қатарласа бой түземекші. Қашаған Күржі­ман­­ұлының 170 жылдық мерей­тойы аясында өт­кі­зіл­ген жас ақындар мүшәй­ра­сында бірінші орын­ды ақтөбелік Индира Кереева, ал жыр­шылар сайысында бас жүлдені маңғыс­тау­лық Ізмұрат Молбаев, бірінші орын­ды маңғыс­тау­лық Аманбек Сәуірбаев иеленді. Ақын­дар ай­ты­сында бас жүлдеге Батыс Қазақ­стан облы­сы­нан келген Жансая Мусина, ал бірінші орынға астана­лық Жандарбек Бұлғақов ие болды. Жоламан БОШАЛАҚ. Ақтау.
Соңғы жаңалықтар