Қазақстан • 08 Маусым, 2017

Астана саммиті: дамудың жаңа дәуірі

566 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бүгін, ертең елордада Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің басшылары бас қосады. Іргелі ұйым құрылғаннан бергі 16 жыл ішінде саммитке алғаш рет 6 қатысушы емес, ШЫҰ-ның толыққанды 8 мүшесі қатысуда.

Астана саммиті: дамудың жаңа дәуірі

Тарқатып айтар болсақ, Астана­дағы саммит аясында Үндістан мен Пәкістанды ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі ретінде қабылдау рәсімі өтуге тиіс. Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ-ға мүше болу рәсімінің Аста­нада жүзеге асуының да рәміздік мәні зор оқиға. Өйткені, қырғи-қабақ болып келген екі ел биыл Қазақстанның бастамасымен құрылғанына 25 жыл толып отырған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) аясында алғаш рет бір үстел басына отырып, өзара бәтуаға келген еді. Сондықтан, сарапшылар бұған дейін қарулы қанды қақтығыстарға барып жүрген көрші мемлекеттердің өзара мәмілеге келуінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қызметін жоғары бағалайды. 

Астанадағы алқалы жиынның тағы бір маңызды тұсы – Саммиттен соң іле-шала мәртебелі меймандар ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месінің ашылу салтанатына қатысады. Сондықтан, алдағы бірнеше күнде алты құрлықтың назары Астанаға ауады десек артық айтпаған боламыз. 

Біз ШЫҰ-ның тарихи саммиті бас­талар тұста халықаралық ұйымның дамуына қатысты бірқатар трендтерге тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Жалпы, ШЫҰ құрылғалы бері әлем назарын өзіне аударып келді. Әрине, Ресей, Қытай сынды ай­мақ­тық державалар мен Орталық Азия ел­дерінің бір ұйымға біріккенін өзге­лердің бақылап отыратыны түсінікті. 

Ұйымды құрудың бастама­шы­ла­ры­ның бірі ретінде оның бастауын­да тұрған Қазақстан Президенті 2006 жылы Қытайда өткен саммите: «Шанхай ынтымақтастық ұйымы – әскери блок емес және басқа­лар­ға қарсы бағытталған жабық альянс­қа да жатпайды. Ол керісінше, құра­мын ұлғайту арқылы кең көлемді халық­а­ралық ынтымақтастықты қолдайтын ашық ұйым. Бүгінде ШЫҰ дүние жүзінің ірі елдері мен адамзаттың жартысын құрайды» деп, ұйымның алдағы бағыттарын да айқындап берген болатын.  

Одан бері біршама уақыт өтті. Тарих үшін 16 жыл қас-қағым сәт десек те, ШЫҰ осы уақыт аралығында өз жауапкершілігіне қарасты аймақта көптеген өзекті мәселелерді шеше білді. Бірінші кезекте, шекаралық дау-дамайлар, бұрынғы Кеңес елдері мен Қытай арасындағы шекара сызығын межелеу сынды шетін мәселелер реттелгенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы қауіпсіздік мәселесінде де маңызды істер атқарды, атап айтқанда жаңадан бой көтере бастаған дәстүрлі емес қатерлер мен сындарға қарсы іс-қимылға мұрындық болды. 

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің саны көбейетіні халықаралық қауым­дас­тықтың Астанадағы саммитке деген қызығушылығын арттыра түскенін жоғарыда айттық. Үндістан мен Пәкістанның ұйымға қосылу процесі қорытындыланып, түбегейлі рәсімделуі ШЫҰ одан әрі дамуына тың серпін береді деп межеленуде. 

Мұның алдында ғана Таш­кентте өткен ШЫҰ 15-ші саммитінде сөйлеген сөзінде Елбасы Үндістан мен Пәкіс­танның қосылуының нәтиже­сінде ұйым Еуразияның көп бөлігін, жер шары тұрғын­дарының жартысын және әлем экономикасының 20%-ын қамтитын жаһандық зор құры­лымға айналғанын атап өткен болатын. Саммитте: «ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің кө­лік-логистика пункттері арқылы тоғысуы, елдеріміздің эко­номикалық шекараларының ашылуы және Ұлы Жібек жолы­ның жаңғыртылуы Қазақстанға болашақта зор басымдықтар береді» деген еді Елбасы. 

Сондықтан, Қазақстан саммитті өткізуші мемлекет ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы бір жылдық төрағалығын қорытындылай отырып, ұйымға мүше мемлекеттердің көлік-логистикалық нысандардың бірігуі, экономикалық шекаралардың ашылуы сияқты тақырыптарға мән береді деп көзделуде. Әрине, Пәкістан мен Үндістанның ұйымға қосылуы ШЫҰ мемлекеттерінің сауда-экономикалық байланыстарына тың қарқын беруі тиіс. 

Аталған алқалы жиында Елбасы Еуразиялық транзит-көлік хабы ШЫҰ-ға мүше елдерімен бірге, ұйымның бақылаушы мәртебесіндегі елдерін де өзара біріктіре түседі деген ой айтқан еді. «Болашақта ШЫҰ-ның қатарына Иранның қабылдану ықтималдығы біздің өзара іс-қимыл мүмкіндіктеріміздің аясын кеңейтеді. Жаңа мемлекеттердің мүшелікке қабылданатынын ескерсек, ШЫҰ Еуразияның 60 пайыздан астам аумағын, жер шары тұрғындарының 45 пайызын, әлемдегі 19 пайыздан астам ішкі жалпы өнімді қамтиды. Бір жылдан аса уақыт бұрын ғана Бірыңғай Еуразиялық экономикалық кеңістік қалыптастыру бастамасын көтерген едім. Мұндағы негізгі элемент – Еуразияның тораптық орталықтарын Жібек жолының тарихи бағдарларын қайта жаңғырту арқылы инфрақұрылымдық тұрғыдан тоғыстыру», деді Қазақстан Президенті.

Расында, ШЫҰ бүгінде құрамына пост-кеңестік және Азия елдері ғана емес, сонымен қатар Таяу Шығыс және Африка мемлекеттерін де біріктіріп отырған жаһандық алып ұйымға айналып үлгерді. Серіктес және бақылаушы елдердің қатарында Ауғанстан, Иран, Сирия, Түркия, Египет сияқты мемлекеттердің болуы да ұйымның жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша да маңызын арттыра түсері анық. 
Ұйымның аясын ұлғайтып, кеңейе түсуі Елбасының БҰҰ-ның 70 жылдығына арналған саммитте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынған пайымын тағы да қаперге салады деп ойлаймыз. Сонымен қатар, ШЫҰ саммитінің еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі миссиясымен де ұштасары анық.  

Жалпы, қауіпсіздік мәсе­лелері Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып табылады. ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы (АТҚҚ) терроризм мен экстремизмге қарсы іс-әрекетті күшейту мақсатында құрылған болатын. Штаб-пәтері Ташкентте орналасқан құрылым бүгінгі таңда өзіне жүктелген міндетті табысты атқарып келеді деуге толық негіз бар. Биылғы жылдың наурыз айында АТҚҚ-ның кезекті отырысы өтіп, ШЫҰ-ның экстремизмге қарсы іс-қимыл конвенциясы талқыланды. Осы кездесуде биыл ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құзырлы органдарының шекаралық операцияларын, терроризмге қарсы оқуларын өткізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, Халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы күрес саласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттері және ШЫҰ-ға бақылаушы мемлекеттерінің арасындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша бесінші ғылыми конференция өткізу туралы шешім жасалды. 

Бүгінгі таңда бізге көршілес Ауғанстан аумағындағы ахуалдың маңызы күшейіп бара жатқаны айқын аңғарылып отыр. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттері Ауғанстан шекарасына солтүстіктен, шығыстан және оңтүстіктен таяп келе жатқанын ескерсек, «Ауған мәселесі» бойынша кешенді стратегия әзірлеудің де өзектілігі арта түседі. Ауғанстан жерінен таралуы мүмкін қатерлер уақыт өткен сайын өршіп, асқынып бара жатқандықтан, ШЫҰ оған қарсы күрес тетіктерін де же­тілдіре түседі деген сенім бар. 

Осы орайда, Астана сам­ми­тінде мемлекеттердің басшылары қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне қатысты бірқатар маңызды құжаттарды қабылдайтыны белгілі болып отыр. Толығырақ тоқтала кетсек, қатысушылар мемлекет басшылары деңгейіндегі халықаралық терроризмге қарсы бірлескен мәлімдеме қабылдайды. Сонымен қатар, Экстремизмге қарсы іс-қимыл конвенциясы қабылдануы мүмкін. Аталған құжаттарды қабылдау және солардың негізінде жұмыс істеу ұйымға мүше мемлекеттердің аймақтық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын үйлестіруге көмегін тигізеді. 

Басқа халықаралық немесе аймақтық ұйымдар сияқты, Шанхай ынтымақтастық ұйымы да жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғаны белгілі. Осындай сын-қатерлердің бірі ретінде ДАИШ сынды қуатты халықаралық террористік ұйымын айрықша атауға болады. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өзара күш біріктіруі арқылы ғана мұндай қатерге қарсы тиімді күрес жүргізуге болатыны анық.

ШЫҰ-ның алдында экономикалық даму талаптарының тұрғанын да айта кету керек. Ұйымға мүше мемлекеттерде экономикалық өсімге қатысты қиындықтар бар екені жасырын емес, бұл қаржы дағдарысының және көмірсутегі шикізатының құлдырауынан туындаған салдар екені белгілі. Осы орайда, экономикалық өсімге қол жеткізу үшін Үндістан, Пәкістан сынды мемлекеттердің әлеуетін пайдалануға болады. 
Жоғарыда Астанадағы саммит барысында Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ-ға қосылу процесі мәреге жетіп, тиісті рәсім жасалатыны туралы айтқан болатынбыз. Бірнеше жылға созылған процесс жемісті болып, саммитке қатысушы мемлекеттер Үндістан мен Пәкістанды ұйымға қосу үшін тиісті құжаттарға қол қояды деп күтіп отыр. Бұған дейін ШЫҰ-ны кеңейту мәселесі кешеуілдеп келген болатын. 2006 жылы Тәртіпті бақылау және мақұлдау институтын құру туралы шешім, 2008 жылы өзара үн қатысу жөніндегі әріптестік құрылымын құру туралы шешімдер шығарылғанын осы бағыттағы алғашқы қадам деуге болады. Дегенмен, 2010 жылы «Жаңа мүшелерді қабылдау тәртібі туралы ереже» қабылданғаннан кейін ғана ұйымға мүшелікке қабылдану рәсімі біршама нақтыланды. Содан бергі аралықта жаңа мүшелерді қабылдауға қатысты қиын да күрделі процестер жүрді. 

Әрине, Үндістан мен Пәкістанның екіжақты қатынастарының күрделі тұстары бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Бұл екі мемлекет те өзара даулы мәселелердің бар екенін жасырған емес. ШЫҰ мүшелерінің міндеттері туралы тиісті құжатта екіжақты қиындықтар мен проблемаларды ШЫҰ-ға енгізуге тыйым салынған. Бұл ретте ұйымға бұрыннан мүше мемлекеттердің арасындағы екіжақты проблемалардың бұған дейін ШЫҰ-ның күн тәртібіне шығармағанын да атап өткен жоқ. Сондықтан, Үндістан-Пәкістан арасындағы даулы мәселелерге қатысты ШЫҰ қызметінде жеке бағыт беріледі деуге негіз жоқ сияқты. 

Жоғарыда айтылғандарды саралай келгенде, бүгінгі таңда ШЫҰ эволюциялық дамудың жаңа қадамын жасауға әзір деу­ге болады. Ұйым құрамының құрылған күннен бері алғаш рет өзгергені де соның айғағы. Бұл маңызды шешім көптен бері жоспарланып, тараптардың жан-жақты талқылауынан өтті. Әрине, мамандардың ШЫҰ-ның кеңеюіне байланысты туындауы мүмкін мәселелер туралы түрлі болжамдары болуы мүмкін. Дегенмен, Астанада қабылданатын маңызды шешімнің ұйым тарихында үлкен белес болып қалатыны сөзсіз. Сондықтан, сарапшылар ұйымды кеңейту жөніндегі стратегиялық бағыт өзін-өзі ақтайды деп есептейді. 

Жалпы, ШЫҰ-ға мүше басқа мемлекеттер сияқты Қазақстан да Ұйымды кеңейту процесін қолдап келе жатқанын атап өткеніміз дұрыс. Бұл көпполярлы әлемді жақтаушы мемлекеттердің ортақ саяси әлеуетін арттырады. Ең бастысы, экономикалық тұрғыдан ал­ған­да ШЫҰ орталық жә­не оң­түс­тік Азияның эконо­микалық бай­ланыстарын тереңдете түседі. 

Сонымен қатар, ұйымға мүше мемлекеттердің қата­ры көбейгені аймақтық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету, терро­ризм мен экстремизмге, діни тер­роризмге қарсы күрес, транс­ұлттық қылмысқа қарсы күрес, заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес саласында өза­ра ынтымақтастықты оңтай­ландыруға мол мүмкіндік туғы­затынын да атап өткен жөн. 

Дамудың келесі кезеңіне аяқ басқан ШЫҰ-ның алда­ғы уақытта әлі де дамып, жетіле беретініне еш күмән жоқ. Ұйымның болашақ даму бағыт­тары тез құбылатын халық­аралық ахуалдарды назарға ала отырып жасалған базалық принциптер мен сабақтастық негізінде анықталатын болады. Сондықтан Астана саммиті арқылы Шанхай ынтымақтастық ұйымында дамудың жаңа дәуірі басталды деп ойлаймыз.

Дархан Қыдырәлі