Жиынға жетекшілік еткен Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекеттің қаражатын тиімді игерудің жауапкершілігі мәселесіне жете көңіл бөлу қажеттігін ескертті.
Аталған тақырып бойынша негізгі баяндаманы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков жасады.
Қаржы министрінің мәліметінше, өткен жылы бюджет тапшылығының көлемі ішкі жалпы өнімге шаққанда 1,7 пайызды құрап, көрсеткіш жоспардағыдан 18 пайызға төмен болған. Сондай-ақ, кірістерді асыра орындау және шығыстар бойынша үнемдеу есебінен 158 млрд теңге қазынашылық шотта кассалық қалдықтар қалыптасқанын айтқан Б.Сұлтанов есепті қарау кезінде қозғалған мәселелерді шешу жолдарына да тоқталып өтті.
«Бюджет кірістерінің Ұлттық қордан алынатын трансферттерге тәуелділігі туралы біраз мәселе көтерілді. Расында, осы трансферттердің көлемі ұлғайды. Олар дағдарыс кезінде экономиканы қолдауға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта шығыстарды қаржыландырудағы кепілдендірілген трансферттің үлесі біртіндеп 2020 жылы 2 трлн теңгеге дейін азаятын болады. Ал Ұлттық қордың активтеріне келетін болсақ, оларды әртараптандыру арқылы қордың табысын арттыру көзделуде. Бұдан басқа, республикалық меншікті жекешелендіруден және холдингтердің активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін қаражаттың барлығы Ұлттық қорға жіберіліп, салықтық әкімшілендіруді жақсарту барысында екі маңызды мәселе оң шешімін табады. Ол бір жағынан бизнеске қолайлы жағдай туғызу, екінші жағынан мемлекеттік бюджет кірістерін ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді министр.
Оның айтуынша, жаңа Салық кодексін әзірлеу жұмысында электронды шот-фактура қолданатын бизнес өкілдеріне қосылған құн салығын 30 жұмыс күні ішінде қайтару, қарсы тексерулердің саны мен камералдық тексерудің процедураларын қысқарту көзделуде. Сонымен қатар, экономика саласында қылмыстық бұзушылықтарды болдырмау және ізгілендіру аясында Қылмыстық кодекске тиісті өзгерістер де дайындалған.
Қаржы министрінен кейін сөйлеген Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Н.Әбдібеков өзі жетекшілік ететін ведомствоның жұмысын егжей-тегжейлі баяндады. Алайда, бірқатар тиісті министрліктердің атына айтылған сандық деректерге байланысты келіспеушіліктен соң, Мәжіліс Төрағасы бюджет қаржысына қатысты жағымсыз әрекеттерге жол бермеу қажеттігін қадап айтты. Әсіресе, кейбір квазимемлекеттік сектордың субъектілері, өз шоттарында қомақты қаржы бола тұра, алдағы қаржылық жылға алатын бюджеттік қаржының көлемін сақтап қалу үшін қосымша миллиардтаған соманы сұрауды жалғастыратындығы және оған мемлекеттік органдар қолдау жасайтындығы қатты сынға алынды.
«Бүгінгі күні мемлекеттік қаржыны аударғаны үшін ешқандай жауапкершілік болмай тұр. Осы орайда бюджеттік қаржыға қатысты айла-шарғы жасауды доғару керек. Яғни, жыл соңына қарай бұл қаражаттың игерілмеу қаупі туындағанда осы жұмсалмаған қаржыны квазимемлекеттік сектордың шотына аудару немесе ұлттық компаниялардың еншілес ұйымдарының жарғылық капиталын толтыруға бағыттау басталады. Сондықтан да қарастырылған қаржы шын мәнінде елдің экономикасына жұмыс істеуі үшін квазимемлекеттік секторды қаржыландыру тетігін өзгертуді және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігін арттыруды қамтитын қадамдарды пысықтау керек», деді Н.Нығматулин.
Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Есеп комитетінің басшысына қарата айтқан сөзінде Комитеттің заңнамалық тұрғыда тікелей талап-арызбен сотқа жүгіне алатын елдегі жалғыз өкілетті орган екендігін ескертіп, тапсыратын материалдардың сотқа дейін жетпей жататынын да алға тартты.
«Көп жағдайларда сіздердің тексерулеріңіз бойынша ұсынылған материал сапасының төмендігінен олардың сотқа жетпейтіні байқалады. Бұл тұрғыда тексеріс процесі емес, оның нәтижесі маңызды, яғни келтірілген шығын көлемін өтеу, заң бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылғандардың саны ескерілуі тиіс. Тек сонда ғана жұмыстың тиімділігі болады. Біз бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі туралы жиі айтамыз. Алайда, соңғы кезде тексерушілерге де қатысты сұрақтар туындауда. Ендеше, барлық тараптардың өзара жауапкершілігі болған кезде ғана мемлекеттік қаржыны пайдалануда тиісті тәртіп орната аламыз», деді Мәжіліс Төрағасы.
Ал сын-ескертпеге қатысты өз ойын білдірген Н.Әбдібеков Комитет жұмысына қатысты айтылған пікір өте орынды екенін және кемшіліктерді түзету жұмыстарын іске асыратынын атап өтті.
Осы күні Мәжіліс Конституциялық Кеңестің мүшесі А.Нұрмағамбетовтің өкілеттігін тоқтатып, Ә.Темірбековті Конституциялық Кеңес мүшесі етіп тағайындау жөніндегі ұсынысты мақұлдады. Сонымен қатар, «Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге 2006 жылғы 4 қыркүйектегі Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мен «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Парламент палаталарының Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламенті бойынша бірлескен комиссияның құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау туралы» заң жобаларын талқылады.
Нұрлыбек Досыбай,
«Егемен Қазақстан»