Алматыда 26-30 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ХІХ республикалық театрлар фестивалі өтуде.
Фестивальге Тәуелсіздіктің тарихи маңызын көрсететін соңғы екі-үш театрлық маусымда сахналанған үздік қойылымдарымен еліміздің бірқатар театрлары қатысып отыр.
Фестивальдің мақсаты – отандық театрлардың репертуарын қалыптастыру, заманауи сахналық үрдісті нығайту мен дамыту, сондай-ақ театр ұжымдарының шығармашылық ізденістерін ынталандыру, театрлардың репертуарын жоғары көркемдік деңгейдегі қойылымдармен толықтыру.
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтіп жатқан фестивальдің алғашқы күндері жұртшылыққа Астана қаласының Жастар театры «Меккеге қарай ұзақ жол» қойылымын ұсынған болса, Қ.Қожамияров атындағы республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры «Гүлдәстә», М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Көктөбедегі кездесу» спектакльдерін ұсынды.
Бір айта кететін жайт, осы фестиваль аясында Санкт-Петербург мемлекеттік театр өнері академиясының аға оқытушысы, актер шеберлігі жөніндегі халықаралық деңгейдегі маман, XIХ республикалық театрлар фестивалі қазылар алқасының мүшесі Е.Кузина актерлер мен режиссерлерге арналған шеберлік сабағын өткізсе, 30 қыркүйекте фестивальдің салтанатты жабылуында қазылар алқасы бірқатар номинациялар бойынша жеңімпаздарды марапаттамақ.
«Егемен-ақпарат».