Әдебиет • 08 Маусым, 2017

Мұқағали көшесі – сенің көшең...

736 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Иран-Ғайып. Кесек мінез бен өршіл рухты поэзияның иесі. Басқалардан ақынды даралап тұратын да осы мінезі мен өзіндік жыр әлемі.

Мұқағали көшесі – сенің көшең...

Қазақ поэзиясында әлдеқашан өзінің болмыс-бітімін жырдан қашаған шайыр бүгін жетпіс деген белесті бағындырып отыр. «Егемен Қазақстан» газетінің қалың оқырманы атынан Иран-Ғайып ақынды мерейтойы­мен құттықтай отырып, қаламгердің шы­ғармашылығы туралы ма­қаланы оқырман назарына ұсынамыз. 

Дүние дидарында кіммен болса да танысып, ұғысып, тіл табысуға тура келетіндей. Тіршілік жолында, тағдыр дәргейінде ғұмыр кешіп жүргендіктен адам адамға қарамай тұра ма?! 

Әдебиетті төңіректегеннен кейін ақынымен де, ақынсымағымен де, жазушысымен де, жазушы болғысы келетіндермен де аралас-құралас боласың. Ондайдың қызығы өз алдына. Неше алуан мінез, сан түрлі өлең, кейде ақылға қонбайтындай көрінетін тосын жағдайлардың куәсі боласың. Ақын, жазушы деп осыларды айтады екен ғой деп ойлай­сың. Әлде жұрт солай ойласын деп қасақана істелетін жасанды мінездерді танисың. Табиғаттың өзінде оқта-текте кездесетін сирек құбылыстардай қаламгер мінезі де, тағдыры да анда-мұнда әдебиет­те қылаң береді. Сол тағдыр, сол мінез, тұрмыс, жүріс жаза­тын­дардың бәріне тиесілі енші сияқ­ты найқалып басып, теңселіп жүр­ген қатарластарымды көргенде тағдыр маңдайыңа солай жүруді жазба­ғаннан кейін бәрі бекер екеніне көзің жете  түсетіндей. Қасым мен Мұқағали тағдыры өзге ешкімге бұйырмақ емес. 

Үлкен ақын-жазушы ағалармен танысып, білісудің өзі қызық. Кей ағалармен апта сайын телефон­мен хабарласып, сұхбат, дөңгелек үс­телге жауап алып жатсақ та, бетпе-бет кездескен алғашқы күні: «Қай баласың? А-а... Қайда істей­сің? М-мм...» деп ыңырана жауап қатады. Мұндайда өзіңнен өзің қарадай қысыласың. Түсіне алмай әлек болып жүрдік. Шынымен ұмы­тып қала ма? Әлде... Иә, осы «әлде» сияқты. Баяғы жасандылық. Ал кей ағалармен мүлде сөйлесіп көрмегенбіз. Телефон арқылы да. Сонда да танысқан бетте ел­бең қағып, жадырай күліп, әр қада­мың­ды бақылап жүрген үлкен еке­нін сездіріп, кем-кетігіңді айтып, арасында жылы сөзін де аямай арқаңнан қағады. Ондайда жаңағы ағаңды мүлде жақсы көріп, құрметтей түсесің. Анау ағама қа­рағанда, осы ағамнан сұхбат алған дұрыс-ау деп топшылайсың. Осылай алдыңғы ағаларыңа деген көзқарасың қалыптасып, біреуді себеппен, біреуді себепсіз ұнатып-ұнатпай, өзіңе рухани шекара сызып алады екенсің, Бұл, бәлкім, дұрыс емес те шығар. Айналып келгенде адамның бәрімен тату, бәрімен дос бола алмайтыныңды осындай жағдайлардың өзі түсіндіріп беретіндей. Ұзақтау айтылған әлқис­самыздың төркіні – Иран-Ғайып. Ақын. Жұртта қалыптасқан сөзге сенсек: мінезі қырсық, өзі қисық, сөйлесе қалсаң қыңыр, бірақ өлеңі мықты ақын екен. Ақы­рып сөйлеуді ұнататын, ақырын сөйлеуді білмейтін адуын екен. Солай дей тұра журналист біткен ол ақыннан сұхбат алуға құмар. Себебі неде? Менің ойымша, жұрт айтқан мінездің бәрі бойында бола тұра, өзі сөйлегенді жақсы көреді. Онда да жұрт айта бермейтін тосын жауаптарға құмар. «Есіңіз дұрыс па?» деп сұрақ қойсаң да жауап береді. Өйткені, ол ешкімге ұқса­ғысы келмейді. Тек Ақынға ұқсауды, Ақын боп қалуды, Ақын боп ғұмыр кешуді армандайды. Оның өлеңді сындырып жазатын себебі де сол, меніңше. Ерекшелену. Бір кезде олай жазуды көп қаламақы алудың амалы деп айтқандар да болды. Поэзияның әр тармағына ақша төленгендіктен, бөліп жазса, тармақ көп. Соған сәйкес, қаламақы да мол деді. Мен оған сенбеймін. Ол біріншіден, ойға байланысты бөлінеді, екіншіден ерекшеленуге байланысты сындырылады. Бұл өзіңді табу, өзіңді іздеудің бір жолы екенін ұмытпауымыз керек. Қазір сондай өлеңді көрсек, бірден Иран-Ғайыпты еске аламыз. Одан басқа ешкім олай жазбайды.

Ал, Иран-Ғайып жастармен танысқанда бірден үйіне шақырады немесе асханаға сүйрейді. «Кезінде бізге ағаларымыз көмектесіп тұ­ратын» деп қамқор боп жүреді. Бірде Жазушылар одағының алдында бір жас жігітпен кездесіп қалып, қолына ақша ұста­тып кетті. Күнде болмаса да, апта­сына бір «Қазақ әдебиетіндегі» сүйікті қарындастарын ертіп алып, өзі ортасында гүр-гүр етіп, бұрынғы «Қаламгерге» түсіп бара жатады. Әдебиетшілер үйінде кеш болса, соңғы қатарда отырып, жүр­гізу­­шімен, я сахнада өлең оқы­ған ақынмен залды басы­на көтере «сөй­­лесіп» отырады (Әдебиетшілер үйінде Жәркен мен Иран-Ғайыптың жұрттың бәріне белгілі, ол екеуінен басқа көп ешкім отыра бермейтін сайлаулы орындары бар). Жаңа өлең жазса болды, Одаққа келген сайын арнайы кіріп, оқып кетеді. Оның кейбіріне мән беріп, кейбірін жүрдім-бардым тыңдаймыз. Газетке өлеңі шығатын күні бір, шыққан күні тағы келіп, шәй-пәй ішеді. Қазір ойлап отырсақ, соның бәрі ақын­дық мінез, жас дәурендегі базарды аңсау екен. Өткенді сағынған сайын бұрынғы қалған әдеттерді сол күндерді еске түсіру үшін, содан ләззат алу үшін қайталайды. 

Бірде тағы жаңа өлеңін оқыды. Өмір мен өлім арасы жайлы еді. Оқып беріп, шығып кеткеннен кейін артынан жүгіріп барып, қайта айтқызып, жазып алдық. Бізге ұнаған бір шумағын айтсақ, ағамыз бой бермейді. «Бұл жерде драматургия бар. Сендер түсінбегенсіңдер ғой. Мен Мәскеуде неше жыл оқы­дым осыны» деді. Біз енді осы әңгі­месін құлықсыз тыңдадық, оған қарағанда өлеңі ұнап барады. Өмір­дегі лакунаны адам немен толтырады? Өмірдің мәнін, жанның тәттілігін адам қалай түсінеді? Әри­не, өлімді еске алумен. Ол сон­шалықты қорқынышты нәрсе де емес. Еске алуды айтамын. Ал ажалдың өзі үлкен белгісіздіктерге жетелейтін тұңғиық түнек қой. Жан түршігеді, жүректі қозғайды. Ал соны бір сәт ұмыту үшін, өткенді сағынасың. Сағынған сайын, жақындайсың. Жақындаған сайын жасарып, дүниенің шаттығын ғана еске алып, жалғандығын ұмытасың. Бірақ өмірдің ылдиы басталған шақта соның бәрі уақытша, алдамшы нәрсе екенін ойлап тағы қамығасың. Ақын жаны осылай алай-дүлей күн кешеді. Гүлнұр Нұрасылова әнін жазған «Қол жет­песім» өлеңі де біз жазып алған өлеңімен мағыналас еді. 

Ғұмырды бір сен деп кешемін,
Бүгіннен ертеңге көшемін.
Таланып талқыңа түссем де,
Тағдырымды өзім шешемін.

 Гүл-гүлдей жайнап,
Бұлбұлдай сайрап,
Бақытыңның иранбағында.
Алыстан баурап,
Жақыннан арбап,
Айналдың ба алтын сағымға?
Қорғанып бұқпай,
Қарманып ықпай,
Таланымның тарттым қиынын.
Көнергенімше,
Өле-өлгенімше,
Қолжетпесім, құзар биігім.

Өмірді бір сен деп сүремін,
Қайғырып жылаймын, күлемін.
Кеудеме мәңгілік ұяла,
Көкланданып соққан жүрегім.
 
Сарғайып, сомданып, сақтанып,
Ғаламат өртіңе қақталып.
Бір сүйіп, арманым болмас еді
Келмеске кетсем мен аттанып.
Бұл махаббат туралы ғана өлең емес қой. Тіпті, мен ғашықтық пен ма­хаббаттан гөрі  мұнда арман, ынтызарлық, өмірге деген құш­тарлық басым деп ойлаймын. Ақын неге өлімді көп айта бастады? Бұл қарт­тықтың да белгісі шығар. Жетпіс деген оңай жас емес. Оған парасатпен жетудің өзі қиын. Бір жағы ойлаймын ақылы бүтін адам өлімді жиі еске алады. Ол бұл дүние­нің қызығына батып кетпес үшін. Адамға ақырғы аялдамадан өзге қандай уайым қажет? 

Ал,
Дүние...
Ойнадым –
Күлдім:
Мәнің жоғын білдім.
Жыладым –
Сықтадым.
Жалғандығың – ұққаным. 

Ал дүниенің жалғандығын ұқ­қан адам Өліммен, Ажалмен сыр­ласпағанда қайтеді? Соны жиі ойламағанда өзге нені ойлайды? Бәлкім, Мұнарды жоқтағаннан бері уайымы шығар. Абайдың «уайым­сыздығыңа уайым қыл» дегенін «Мен ішпеген у бар маны» жазған Иран-Ғайып, әлбетте, біледі. Сол пьесасының өзі – зар. «Қорқыттың көрі» – зар. Ақынның көп жағдайда жоқтап, зарлап, ызаланып жыр жазатынын жасымен де, өмірмен де байланыстырып түсінгің келеді-ақ.

* * *
Иран-Ғайып – ақын. Оның дра­малық шығармаларының көркем­дігі өзге сөздің еншісі. Тұтас ақындық ғұмырында жеткен жетістігін де айта алмаспыз. Бізге ақындығы, содан кейін қарттығы жақын. Кейін көрген, кеш таныған буын ретінде алғашқы өлеңдерін оқысақ та, Иран-Ғайыптың кейінгі ауыр ойлы өлеңдері еңсемізді басып тұрады. Менің білетінім: ол Мұқағалиды жанындай жақсы көреді, қастерлейді. Жас күнінде өлеңмен хат жазысса, Мұқаң өмірден өткен соң неше сан өлең арнады. Бәлкім, Иран-Ғайыптың Мұқағалиға арнаған жырларының өзі бір кітап шығар. Есептеп көру керек. 

Мұқағали поэзиясында Майгүл бейнесі поэтикалық фигураға айналса, Иран-Ғайыптың Мұнары оның поэзиясының бір азалы бұ­­ры­шындай болып күңіреніп тұ­рып алды. Иран-Ғайыптың өлең­дерінде жасан­дылық жоқ. «Жоқ­тан қармап, көр-жерді өлең қыл­­майды». Оның болмысы сол. Бар кемшілігімен, бар артық­шы­лығымен, ол – ақын. 

Тарихта бір өлеңі қалса, оны ақын деп есептеуге болады дейді екен әлем әдебиетшілері. Кімнен не қаларын Құдай біледі. Ақыннан сөз қалады. Сол сөзі кәдеге жараса – бақ. 

Жыр жазамын жат көзге
бұрқыраған,
Жарақатым ішімде, 
сыртым аман.
Күндіз күліп жүремін 
жұртпен бірге,
Түнде сары сүйегім
сырқыраған..., 
–деп толғанған ақынның өлең сапары жан ауыртумен өтіп келеді екен. Өлеңге адал ақынның алдағы күні алаңсыз болсын. Тағы бір жайт еске түсті. Иран-Ғайып «Қа­зақ әде­биеті» газетінде поэзия бөлі­мі­­нің меңгерушісі болған кезде атақ­­ты қарт ақынның өлеңін: «мы­науыңыз жарамайды» деп қай­тарып беріпті. Ар жағы қандай оқи­ға­мен жалғасқанын білмеймін, әзірге, оның өлеңдері редакциядан қайт­пай, газетке жарияланып келеді. 

«Мақатаев көшесі» деген өле­ңінде өзі айтқандай: «Мұқағали көшесі – сенің көшең», Ираға. Оның әдебиеттегі көшесі – сұлу, көрікті, баулы, миуалы кең көше... 

Бағашар Тұрсынбайұлы, 
«Егемен Қазақстан»
Алматы