Қоғам • Бүгін, 17:16

Елімізде жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы құрылады

28 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы (minerals.e-qazyna.kz) құрылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы құрылады

Фото: freepik.com

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында  ҚР ӨКМ Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров мәлімдеді.

«Геология саласын автоматтандыру мақсатында жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Финляндия геопорталының моделі негізге алынды. Интерактивті карта әзірленді, 66 мыңнан астам геологиялық есептер орналастырылды және жер қойнауын пайдаланушылардың есептілігін электронды түрде беру функциясы автоматтандырылды», деді комитет төрағасы.

Ерлан Ақбаров мәлім еткендей, Қазақстанның геологиялық саласын дамыту тұжырымдамасы аясында жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыру, оның ішінде жер қойнауын зерттеу тәсілдерін қайта қарау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Әрбір аудан үшін алдымен аномалияларды анықтау үшін спектрлік талдау әдістерін қолдана отырып, жерді қашықтықтан зондтауды жүргізу ұсынылады. Келесі кезеңде анықталған перспективаларды сапалы растау үшін сынамаларды іріктеу және зертханалық талдау арқылы жерүсті барлау жұмыстарын жүргізу ұсынылады. Бұл ретте жер қойнауын зерделеудің әрбір кезеңінің нәтижелері бойынша мемлекет шығындарын ескере отырып, қол қою бонусының бастапқы мөлшерін белгілей отырып, аукцион өткізу ұсынылады.

Спикер 2018 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде жер қойнауын пайдаланушыларға Геологиялық түсіру және геофизикалық жұмыстарды жүргізу мақсатында жер қойнауын геологиялық зерттеуге 302 лицензия берілгенін атап өтті. Зерттеуге жұмсалған шығындардың жалпы құны 32 млрд теңгеден асты. Қазіргі уақытта жер қойнауын геологиялық зерттеуге лицензия беру процесі электрондық форматта жүзеге асырылып жатыр. 

Сондай-ақ Ерлан Ақбаров геологиялық деректерді цифрландыру аясында жасанды интеллект пен ақпаратты өңдеудің инновациялық әдістерін қолдану жоспарланып отырғанын атап өтті.