Сондықтан, Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қоғамдық келісім» мекемесінде өткізілген дөңгелек үстелге қатысушылар бірден мақаланы талқылауға кірісіп кетті. Көпшіліктің сан түрлі пікірлері мен ой-түйіндері, ұсыныстары олардың еліміздің бүгіні мен ертеңіне бей-жай қарамайтынын танытты. Бұл – тосын жай емес. Өйткені, Елбасының мақаласында еліміздің алға қарай дамуы жемісті болуы үшін шешілуі қажет өмірлік мәні зор мәселелер көтерілген.
Қоғамдық сана деген не? Ол – бір тұтас елдің өміріне тоғысатын әр адамның жеке сана-сезімінің деңгейі. Ал әрқайсымыздың ой-санамыз алған тәрбиеміз бен рухани байлығымызға тікелей байланысты. «Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап баға-ланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз», деп Елбасы әрбір қазақстандықтың алдында міндет белгіледі.
Олай болса, жеке бастың қасиеті әрқайсымыздың, отбасымыздың, оқу орындарының, еңбек ұжымдарының басты назарында және қамқорлығында болып, Қазақстан халқы Ассамблеясы, партиялық, жастар, кәсіподақтар ұйымдары, азаматтық қоғам институттары арқылы, әсіресе, рухани және адамгершілік тәрбиелеу жолымен өскелең ұрпақтың санасына сіңірілуі керек. Себебі, біз бүгінгі қоғамда қалыптасып, алдына биік мақсаттар қойып бейбітшілікті қолдаған, өз-өзіне деген сенімін арттыратын адами құндылықтарды ұстанған жаңа қазақстандықтардың заманына жеттік.
Міне, сондықтан Президенттің қоғамдық сананы жаңғырту туралы мақаласы өте өзекті де уақтылы және онда заманауи қоғамның түйінді мәселелері нақты айқындалып, оларды шешудің сара жолы көрсетілген. «...бүгін біз бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстарды бастағалы отырмыз.
Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім», деп Елбасы бізді ең маңызды міндеттерді шешуге бағыттайды.
Қазақ тілін кезең-кезеңмен латын ғарпіне көшіру, «Туған жер» бағдарламасы, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақстанның киелі жерлері географиясы», «Қазіргі Қазақстанның мәдениеті жаһандық әлемде» жобалары бізге, қазақстандықтарға өз болашағымызды өзіміз қалыптастыруымызға мол мүмкіндік береді.
Бағдарламалық құжатты сәтті және сенімді, нәтижелі жүзеге асыру үшін не істеуіміз керек? Меніңше, ең бастысы: ой түзелмей, бой түзелмейді. Осы орайда кітап шығару және әдебиет тарату мәселесі өте маңызды болып табылады. Өйткені, кітаптың адам жанының рухани билігі болып табылатыны ежелден белгілі. Олай болса, кітап рухани жұтаңдықпен күресте басты қаруымызға айналуы керек. Кітап ежелден біздің өмірімізде үлкен рөл атқарған. Олар бізді адамгершілікке, отансүйгіштікке, гуманизмге үйреткен. Сондықтан баспа қызметін, әсіресе, балалар әдебиетін үлкен тираждармен шығаруға және оны таратуға мемлекеттік қолдау қажет деп санаймын және олар бойынша қоғамдық талқылаулар ұйымдастыру керек.
Әр халық өз өлкесін, батырларын, Отанын жай ғана есте сақтап қоймай, оны мақтан етуге міндетті. Өз жетістіктерін, қоғамның үздік өкілдерін жақсы жағынан көріп мақтан ету – бұл халықтың мәдениеті мен өзін өзі сыйлай білуі. Ал ондай жетістіктерді әдебиет арқылы ғана ғасырлар бойы сақтауға болады. Дана халқымыз «Дүниеде мәңгі өшпейтін: жақсының аты және сол жақсы туралы жазған ақылдының хаты» деп бекер айтпаған. Бұл біздің ата-бабаларымыз бен еңбек сіңірген замандастарымызға ғана құрмет емес, бұл – өз елінің лайықты азаматы болу үшін қалай өмір сүріп еңбек ету керектігі туралы тәрбие, оқулық, тарихи анықтама. Өйткені, қазір адамдарға білімнің қажеттігі туындады. Мысалы, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында біздің ақмолалық жерлес жазушы Виктор Терещуктің «С чего начинается Родина» атты кітабы жарыққа шықты. Онда жазылған ойлар Президенттің бағдарламалық мақаласында айтылған ойлармен сабақтас.
Сондықтан қоғам мен әрбір отбасы кемшіліктермен күрескісі келсе, балалардың бойына жастайынан кітапханалар, театрлар, кинотеатрлар арқылы қайрымдылық, сенім, ерлік, парыз, отансүйгіштік туралы шығармаларға сүйіспеншілікті сіңіруіміздің қажеттігіне сенімдімін, өйткені, бүгінгі балалар – еліміздің болашағы, адамзаттың болашағы. Балаларымыз қандай болып өссе, қоғам сондай болады. Шығарма оқу, спектакль мен кино көру жас адамды ойларға, өмірден өз орнын табуға, тағдырын айқындауға, өз жақындары мен Отанына не беруі керек және не бере аламын деген ойға жетелейді. Оған тек жеке санамен, өзін өзі танумен, өзін өзі жетілдіру арқылы қол жеткізіледі.
Ұлттық рухты сақтап қалу үшін жастардың санасы халықтық ділдің негізін қалаушы қағидаттарына қайта оралуы керек. Біз басқа да тиімді іс-шаралармен қатар, отбасындағы даналық тәрбие өскелең ұрпақты рухани және адамгершілікте дамытып, мінезін қалыптастыратынын түсінуіміз қажет. Бұл бізге қоғамдық сананы жаңғыртуға, бір-бірімізге қамқоршы және Отанымыздың алдында жауапты болуға мүмкіндік береді. Бұл болашақта экономикада, әлеуметтік салада, жалпы өмірде жетістіктерге жетуіміздің кепілі болады.
Елбасы өз мақаласында «Жаңа жаңғыру ең алдымен тарихи тәжірибе мен дәстүрімізге менсінбей қарау емес, ...бұл халықтың өткенін, қазіргісін және болашақ көкжиегін жалғайтын платформа… Өз өлкеңнің тарихын білу және мақтан ету – қажетті және пайдалы іс…», дейді. Ал бізде танып-біліп, мақтан ететін тарихымыз бар. Биыл Алғыс айту күніне орай Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы журналистер клубы «Менің отбасым – елімнің бір бөлшегі» бірінші жинағын дайындап басып шығарды, оған 25 ақмолалық абыройлы отбасының өмірі мен қызметі туралы очерктер енгізілді. Мұндай еңбеккерлер барлық өңірде бар. Бұлар – біздің мақтанышымыз.
Міне, сондықтан мен Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасын жан-тәніммен қолдаймын. Елбасы: «Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. ...Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек», дейді.
Деректі әдебиеттің құндылығы – тарихи кезеңді, елдің жетістіктері мен көрнекті тұлғаларын көрсету. Бұл – лайықты жанға мәңгі гимн, және ол туралы естеліктің қоймасы. Мұны әрбір адам түсінуі қажет. Бұл жерде мәселе адамның өзін өзі тарихта қалдырғысы келетіндігінде емес. Біз өткенді қалай білгіміз келсе, болашақ ұрпақ та біздің өміріміз жайлы білгісі келетін болады.
Ең бастысы, бұл бастама аяқсыз қалмауы тиіс. Өңірлік «100 жаңа тұлға» жобасын жүзеге асыру барысында облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық деңгейлерде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметі жандандырылады. Өйткені, Кеңес мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшылары әрбір адамның өз өңірін дамытуға қосқан үлесін жақсы біледі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, біздің өз заманымыздың батырларына баса көңіл бөлуіміз қажет. Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай: «Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар… Біз ұлтымыздың алтын қорын қалыптастырушыларды білуіміз керек».
Біздің ұлттық идеямыздың басында бірлік, татулық, ұлты мен діни сенімінен тәуелсіз отансүйгіштікпен нығайтылған достық тұр. Бүгінгі таңдағы басты міндет – оның көмегімен және соның айналасында тәрбие жұмысын ғана емес, білім беруді, мәдени дамуды және қайырымдылық жұмыстарын қалыптастыру. Бұған жалпы түсіністік пен қоғамның барлық санаттарын тәрбиелеу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Оны әркім ең алдымен өзінен бастауы керек.
Марал Жақыпова,
Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының
орынбасары, хатшылық меңгерушісі
Ақмола облысы