Әдеби кеш шымылдығын Өзбекстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, аса көрнекті прозашы Мұхамед Али кіріспе сөзбен ашып, той иесінің өзбек әдебиетін дамытуға қосқан елеулі үлесін қазақ әдебиетін насихаттау орайындағы тынымсыз еңбегін жоғары бағалады. Ол қазақтың көптеген ақын-жазушыларын өзбек тілінде сөйлетуімен де қымбатты.
Өзбекстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты, Қазақстан Президентінің руханият сыйлығының иегері, 88 жастағы абыз қаламгер Насыр Фазылов, филология ғылымдарының докторы, профессор Қазақбай Йулдошев, осы кешке Қазақстаннан ат арытып арнайы келген жазушы Сәбит Досанов, өзбек ақыны Мирпулат Мирза және басқалар Мехмон Исламқұловтың прозалық, драмалық шығармалары, көл-көсір көркем аудармалары әдеби қазынаны молықтырған аса бағалы еңбек екендігін қадап айтты. Бір айтарлығы, ол соңғы он шақты жылда өз Одақтарында Қазақ әдебиеті жөніндегі кеңестің жауапты хатшысы қызметін атқаруда.
Қазақ ақыны Қасымхан Бегманов пен өзбек ақыны Лола Жунис Мехмон акаға арнаған өлеңдерін оқыды. Әдеби кештің екінші бөлімінде жазушының жары Дилфуза ағынан жарыла, ақтарыла айтқан тебіренген сезім мен терең философиялы ақжарма ақ тілек пен Өзбекстанның өнер жұлдыздары шырқаған әсем әндер алқалы жиынға әр қиырдан жиналған халықтың көңілін көкке өрлетті. Өзбекстан мен Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің арасында алтын көпір болып аянбай адал қызмет етіп жүрген көрнекті жазушының мерейтойы достықтың туын биік көтерген керемет көркем кеш болды.
Назар Қасым