Бағдарламада ЭКСПО-ны және елорданы аралап шығу қарастырылған. Қарағандылық балалар Астана қаласының политехникалық колледжінің жатақханасында орналастырылады. Оқушыларды тамақтандыру мәселесі де шешілген. Бір оқушының сапарына бюджеттен 27 мың теңге бөлінген. ЭКСПО билеттері ресми туроператорлардан сатып алынған.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының жетекшісі Татьяна Аблаева мәлімдегендей, бюджет қаражаты есебінен ЭКСПО-ға Қарағанды облысынан 3750 оқушы барады. Олар – дарынды балалар, балалар үйінің тәрбиеленушілері және тұрмыстық жағдайы төмен отбасындағы бүлдіршіндер. 1050 дарынды бала мен жетімдер үйі балаларының сапарына облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Ал 2700 жағдайы төмен отбасыларынан шыққан балаларды тегін елордаға аттандыру үшін жергілікті қалалық және аудандық бюджеттерден қаржы қарастырылған.
Экскурсиялар ЭКСПО-ның жабылуына дейін, яғни 10 қыркүйекке дейін жалғасады.
Мирас Асан,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы