Семейде әскери борышын аяқтауға жақын қалған Ішкі істер министрлігіне қарасты 5511 әскери бөлімінің екі жас сарбазы Жасұлан Шағатаев пен Абзал Орынбасаров естелік үшін Ертіс жағасында суретке түсіп алмақ болады. Әлемге әйгілі аспалы көпір Ыстанбұлдан кейін Семейде ғана орналасқандықтан, осы тұсқа келіп енді ғана суретке түсе берген сәтте екеуі «Құтқарыңдар!» деп жанұшыра айқайлаған дауысты естиді.
«Не істеу керектігін ең алдымен Абзал Орынбасаров ұқты, – деп есіне алады ефрейтор Жасұлан Шағатаев. – Ол үстіндегі күртесін лақтыра салып, мұзға қойып кетті. Мен оның соңынан жүгірдім. Сөйтсек, Ертіс өзенінің ортасында бір топ жас тұр. Біреуі суға тайып құлап, бата бастаған». Ал жолдастарын құтқаруға қорыққан жастар естері шыққандықтан айқайлай беріпті.
«Бұл сәтте мен қорқыныш туралы ойламадым да, – дейді Абзал Орынбасаров. – Бар мақсатым суға кеткен адамның өмірін сақтап қалу болды». Олар дереу суға батып бара жатқан азаматқа күртелерін тастап, оны жағаға алып шығады. Бұдан соң сарбаздар қастарындағы куәгерлердің бірінен телефон алып, «102» нөміріне хабарлайды. Құтқарылған жігіт ауруханаға барудан бас тартыпты. Олар қызмет ететін әскери бөлім мәлім еткендей, сарбаздар Жасұлан Шағатаев пен Абзал Орынбасаров ҚР ІІМ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының арнайы сый-құрметіне ие болыпты.
Раушан Нұғманбекова,
журналист
Семей
Суретті түсірген автор