Бұл – он саусағынан өнер тамған жігіттің жасап шығарған алғашқы дүниесі емес. Қолынан келмейтіні жоқ Мұрат бұған дейін қосалқы бөлшектерден май шайқайтын, қымыз пісетін құрал-жабдықтар жасап, ауылдастарының таңдайын қақтырыпты. Бұл кісінің әзірлеген құрылғысымен қымызды тоқ арқылы пісуге болады. Қазір шебердің қолынан шыққан құрылғыны Катонқарағай ауданынан бөлек облыстың өзге аймақтарынан келіп, сатып алатындардың қатары көп екен. Бағасы да қолжетімді. 20-25 мың шамасында.
Ал әлеуметтік желіні шулатқан «Ауди-арбаны» былтыр күзде жасаған екен. Алпыс екі жастағы Үлкен Нарын ауылының тұрғыны арбаға 4 адамның еркін сиятынын айтады. «Бұл көлік өзімдікі еді. Жол апатына түсіп, жарамсыз болып қалғаннан кейін алдыңғы бөлігін түгел алып тастап, артқы бөлігінен арба жасап шығардым. Қираған көліктің артқы бөлігіне жалғастырып дәрте салдым, осылайша көлік арбаға айналып шыға келді. Жүргенге өте қолайлы. Жеп-жеңіл, қолмен-ақ итеріп жүргізуге болады», дейді Мұрат Шатаев.
Бүгінде шебердің ауылда өзі ашқан көлік жөндеу орталығы бар. Мәшиненің құлағында ойнайтын Мұрат Шатаев жол апатына түсіп, быт-шыты шыққан көліктерді де қалпына келтіре алатын көрінеді.
Азамат Қасым,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы