Қазақстан • 08 Маусым, 2017

«Бұл бес күндік бір майдан...»

163 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 көрмесінің қарсаңында әрі суретшінің анасы Ұлдар апаның 100 жылдығына арнап елордадағы Ұлттық музейде ұйымдастырылған суретшінің жеке көрмесіне елордалық зиялы қауым өкілдері молынан жиналды.

«Бұл бес күндік бір майдан...»

Көрмені Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұ­хамедиұлы ашты. ЭКСПО қар­­саңында өткізіліп отырған алғаш­қы мәдени шараның Ер­болат Төлеп­байдың көрмесі бол­­ғаны өте қуанышты жайт. Бү­гінде суретшіні дүние жүзін­дегі өнерсүйер қауым таниды, бағалайды. Іссапармен шет ел­дерде болғанымда сурет­ші­нің картиналарының әлем­дегі ең мықты галереяларда тұр­ға­нын көрдім. Бұл біз үшін мақ­та­­ныш»,  деді министр. Ал, Сырт­қы істер министрі Қай­­рат Әбдрахманов, академик Мырзатай Жолдасбеков, Сенат депутаты Бірғаным Әйті­мовалар суретшінің өнері туралы өз ойларымен бөлісті. 

Е.Төлепбайдың туындылары Қазақстан, ТМД елдері, Еуропа, Америка және Азия елдерінің музейлерінде, галереяларында сақтаулы. Әлемнің қырықтан аса елінде жеке көрмесін өткізген суретшінің елордадағы «Бес күн» атты көрмесі де өзіндік ерек­шелігімен дараланды. Көр­ме не үшін «Бес күн» аталды? Неге оны анасына арнады? Қол­­таңбасының өзгешелігімен, бояуы­ның ай­қын­дығымен ерек­шеленетін су­ретшінің дүниеге, тіршілікке, адами қарым-қаты­настарға деген көзқарасына ана­сының ықпалы зор болған сияқты. Суретші былай дейді: «Анам марқұм өмір бойы емші­лікпен айналысты. Ұлдар еді есімі. Ол кезде біз баламыз. Күн­де таңертең ұйқыдан тұрып, таңертеңгі шәйді ішейік десек, үйде кемінде 10-15 бейтаныс кісі отырады. Біз отбасы болып оңаша шәй ішіп көрмеппіз. Анам айтатын адамдар арасындағы қарым-қатынас, жарық дүние мен о дүние туралы әңгімелер құла­ғымда қалып қойыпты. Өз ішкі дүнием мен өзгелердің, жалпы түрлі-түрлі адамдардың ішкі дүние­сін салыс­тыру қасиеті бала күнім­нен қа­лыптасты. Көр­­медегі жұмыс­тарым осы та­қырыптың айналасында».

Көрмені тамашалау бары­сында өнер иесінің әйел­дің өмір­дегі миссиясын ерек­ше се­зім­талдықпен, пәлсапа­шыл­дық­­пен бояу тіліне көшіргеніне тән­ті болдық. Ол бейнелеген кейіп­кер­лердің барлығы да түрлі-түрлі көңіл-күймен өзі­не баурайды. Бір суреттегі ана, екін­ші бір суреттегі келін, үшін­ші бір «Аспанға ұшу» атты суреттегі жас бойжеткен, «Реніш», «Үміт», «Ажырасу» не «Алғашқы махаббат», «Жас жұ­­байлар» атты кар­тиналардағы кейіпкерлердің бар­лығы да сезімтал, сергек, өмірге құштар бейнелер. Бес күн жал­ғандағы шынайылық пен ізгіліктің нақ өзіндей әсер қалдырады. 

Суретшінің айтуынша, бұл өмірде трагедия жоқ. Табиғат әлемі де, жан-жануарлар, аң-құстар әлемі де сондай үйле­сімді, керемет. Ал адамдар ас­там­шылық жасайды, кү­нә­ға батады. «Адамдардағы ізгілікті ояту үшін тек дін адамдары ғана емес, өнер адамдары да еңбек етсе, біз келешегімізді жақсартамыз ғой деп ойлаймын. Қазақтың өнері өзге елдердің ешқайсысының да өнерінен кем емес», дейді суретші. Жалпы, көрмеге жиылған жұртшылық Ерболат Төлепбайдың шынайы ой-толғамдарына да, туындыларына да ризашылық танытқанына куә болдық. 

Көрмеден алған әсерімен Мә­жіліс депутаты Сауытбек Аб­драх­­манов былайша бөлісті:
– Көрменің атының өзі көп-көп ойға қалдырады. Абайдың «Уайым – ер қорғаны, есі бар­лық. Қиыны бұл дүниенің – қолы тарлық. «Еһе-еһеге» елірме бозбалалар, Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық» деген сөзі бар. Ерболаттың анасы да ұлына: «Бұл бес күндік дүние, өтеді де шығады», деп айтып отырады екен. Суретші көрмесі осы бес күндік (аптаға да толмайтын!) дүниенің сан сырын сан қырынан айқара ашып беруімен жүрек толқытады. 

Айгүл Сейілова,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген 
Ерлан Омаров,
«Егемен Қазақстан»