Аймақтар • 08 Маусым, 2017

Ясауи хикметтерін насихаттады

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ руханиятында айрықша орын алатын Қожа Ахмет Ясауидің мол мұрасын біліп жүру кейінгі ұрпаққа аманат екені сөзсіз. Бұл райда Көкшетау қаласында «Ясауитану» байқауының ұйымдастырылуы соның жарқын дәлелі болса керек. Аудандар мен қалалардан жеңімпаз болып табылған 6-11 сынып оқушылары Ясауи хикметтерін мәнерлеп оқу бойынша жарыстың көркін қыздырды.

Ясауи хикметтерін насихаттады

Жалпы бұндай бәйгелі жарысты өткізудегі басты мақсат – Қожа Ахмет Ясауи қалыптастырған хикметтерін кеңінен насихаттау. Осы арқылы оқушылардың интеллектуалдық пайым-парасаттарын қалыптастырып, рухани жағынан баи түсуіне мүмкіндік туғызу игі қадам болып табылады.

Қазіргі жаһандану заманында ықпал етпей қоймайтын сыртқы жағымсыз салт-дәстүрлердің жетегінде кетіп қалмаудың өзіндік бір тетігі десе де артық айтқандық емес. Осыны басшылыққа алды ма, іс-шараны Ақмола облыстық білім басқармасының «Облыстық оқу – әдістемелік кабинеті» КММ ұйымдастырып отыр. Міне осы мекеме ұйымдастырған облыстық байқауда Көкшетау қаласының №3 ДБАОММИ 10-сынып оқушысы Айжан Рыспекова жеңіп алды.

     – Мен осы байқауда жеңіске жеткеніме қуаныштымын! Өте ұзақ дайындалдым. Мен үшін Қожа Ахмет Ясауи туындылары өте қызықты. Облысымыздың намысын Республикалық кезеңде лайықты деңгейде қорғаймын деген сенімдемін,  – деп ағынан жарылды Айжан.

Бірінші орын Бурабай ауданы Атамекен орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ділнар Дәулетханға бұйырса, Көкшетау қаласы №3 МГ 10-сынып оқушысы Диана Ниғметжанова мен Целиноград ауданы Қоянды мектебінің 9-сынып оқушысы Жанат Оқа екінші орынды иемденді. Ал Жақсы ауданының 9-сынып оқушысы Дана Шаймерденова, Красный Яр елді мекеніндегі №1 орта мектептің 9-сынып оқушысы Кенжебек Дәлелхан және Көкшетау қаласындағы №12 орта мектеп оқушысы Тоқтар Бағрам үшінші орыннан табылды. Енді облыстық кезеңнің жеңімпаздары үстіміздегі  жылдың 21-22 қыркүйегінде Түркістан қаласында өтетін республикалық байқауға қатысатын болады.

Асқар Тұрапбайұлы,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы.