ЭКСПО-2017 • 08 Маусым, 2017

ЭКСПО-ға Атыраудан 65 мың адам барады

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Атырау облысынан 65 мың адам баруы жоспарланған.

ЭКСПО-ға Атыраудан 65 мың адам барады

«Бүгінге дейін 24 000 мың билет сатылды. Тағы да 28 000 билетті алу жөнінде келісім-шарттарға қол қойылды», дейді  облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Бекбаева.

Ел өміріндегі маңызды оқиғаны тамашалауға мектеп оқушылары мен студенттері де асық. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова «Бұл сапардың маңызы ерекше» деген пікірде. Оның айтуынша, Астанаға бірінші болып ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасылардың балалары, оқу үздіктері мен түрлі байқаулардың жеңімпаздары жіберіледі. Мектеп оқушылары мен кәсіби-техникалық колледж студенттерінің Астанаға баруы үшін жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлінген. Балалардың алғашқы легі 9 маусымда жолға шығады.

Атырау мұнай және газ университетінің 52 студенті мен оқытушылары 11 маусымда, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 210 студенті мен 60 қызметкері 15 маусымда Елорданы бетке алады. Көрме билеттерін алуға өңірдегі ірі кәсіпорындар мен компаниялар да қызығушылық танытуда. Мысалы, «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері үшін чартерлік сапар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы мәдени бағдарламаға мұнайлы аймақтың өнерпаздары 16-20 маусым аралығында қатысады. Оған 800-ге жуық мәдениет қызметкері барады. Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде көрме қонақтары Атырау балығынан дәм татады. 1 қазанға дейін «Амангелді» ЖШС-нің 580 тонна балық өнімдері жеткізіледі.

Халықаралық шарада жұмыс істеуге ниет білдірушілерден 400 өтініш түскен. Бірақ белгіленген квотаға сәйкес мұнайлы аймақтан 50 ерікті ғана барады.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»