29 Қыркүйек, 2011

Жоба қолдау тапты

338 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда жеті мәселе қаралды. Күн тәртібін талқылау үдерісі бұған дейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің рек­торлығы қызметіне тағайындалған депутат Д.Нөке­таева­ның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатумен басталды. Адвокатура мәселелері бой­ын­ша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын де­пу­таттарға Әділет министрінің орын­басары Әмірхан Аманбаев таныстырды. Заң жобасы адво­кат­тық қызметпен айналысуға ар­налған лицензияны алу кезінде ко­миссия қызметінің айқынды­лы­ғы мен жариялылығын қамта­ма­сыз етуді, үміткерлердің тағы­лым­дамадан өтуіне байланысты мәселелерді реттеуді, сондай-ақ адвокат ұсынатын заң көмегінің сапасын бақылау тетігін ұсынуды көздейді. Адвокаттың лицензия алу жергілікті деңгейде, яғни әді­лет департаменттерінде жүзеге асырылары белгілі болып отыр. Аттестаттау комиссиясы құрамы­на жеті адам кіретін болса, оның жұмысы ашық болады деп кү­тілуде. Сондай-ақ, оған бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының өкіл­дері де қатыстырылмақ. Депутат Зейнолла Алшымбаев адвокат­тар­дың өз міндеттерін орын­дауы­на кедергілердің көп екендігін, азаматтар істерімен танысуына мүмкіндік берілмейтіндігін көл­де­нең тартты. Заң жобасы біраз талқыдан өткен соң бірінші оқылымда мақұлданды. Сондай-ақ, күн тәртібінде «Қа­зақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері ара­сын­дағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен Қыр­ғыз Республикасының Үкіметі ара­сындағы өтеусіз әскери-тех­никалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау тура­лы» заң жобалары қаралып, ма­құлданды. Белгілі болғандай, соң­ғы заң жобасы бойынша Қа­зақстан көршілес Қырғызстанға 3 миллион доллар көлемінде қай­тарымсыз әскери-техникалық кө­мек көрсетеді. Ресей Федера­ция­сы болса осындай келісім бой­ын­ша 362 миллион рубль бөлмек екен. Бюджет процесінде мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар кұ­зыретінің аражігін ажырату мә­се­лелері бойынша кейбір  заңна­малық  актілерге  өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заң жобасын депутаттарға Эко­номикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов баяндап берді. Министрге депутат­тар­дың қойған сұрағы аз болған жоқ. Тито Сыздықов ауылдық ем­ханаларды республикалық бюд­жеттен қаржыландырудың қыс­қа­рып қалғандығын айта келіп, оны қалпына келтіру қажеттігін алға тартты. Енді бұл мәселе бюджеттік комиссия отырысында қара­латын болады.  Талқылау нәти­же­сінде Бюджет кодексіне уәкілетті органдардың бюджеттік және мемлекеттік жос­парлау жөніндегі өкілет­тік­тері мен функция­лары­ның аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы заң жо­ба­сы бірінші оқылымда мақұл­данды. «2011-2013 жылдарға ар­нал­ған республикалық бюджет ту­ра­лы» Қазақстан Республикасының За­ңы­на өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң жобасы да мақұлданды. Бюджет жос­па­рына енгізілген жаңа толық­ты­ру­лар ту­ралы Экономикалық даму және сау­да министрі Қайрат Келімбетов,  Қаржы министрі Болат Жәмішев және  Ұлттық банк төр­ағасының орын­басары Бисенғали Тәжияқов баяндама жасады. Қар­жы және бюд­жет комитетінің мү­шесі Бауыр­жан Смайылов қо­сым­ша түсінік берді. Сонымен, 2011 жылға арналған респуб­ли­ка­лық бюджет кірісі 3 035 459 279 мың теңге сомасында   ай­қын­далып отыр. Кіріс бөлігінің 45 672 006 мың теңгеге азаюы бюджеттен ҚҚС қайтару со­ма­сының өсуімен бай­ланысты. Бюд­жет тапшылығын бекітілген бюджетпен салыс­тыр­ғанда 34,6 миллиард теңгеге ұл­ғайту қо­сым­ша қар­жы көзін іздестіруді талап етеді.  Үнемдеу есе­бінен боса­тыл­­ған 93,8 миллиард теңгені өзге іс-шараларға бөлу ұсы­ны­лып отыр. Жалпы, 2011 жылға арналған республикалық бюджеттің шы­ғыс­тары 217,9 миллиард теңгеге ұлғая отырып, 5170,3 миллиард со­масында белгіленіп отыр. Осы орайда әлеуметтік салаға арнал­ған шығыстарды 40,7 миллиард теңгеге ұлғайту ұсынылады. Ауыл шаруашылығы саласын қар­жыландыруға 38,8 миллиард теңге қарастырылған. Ал мемлекеттік үдемелі индустриялық-ин­новациялық даму бағдарламасы шеңберіндегі шығыстар 78,9 миллиард теңгеге ұлғайтылған. Өңір­лерді дамытуға арналған шы­ғыс­тар 130,2 миллиард теңге көле­мін­де бекітілсе, Үкімет резервін толықтыру үшін 23,1 миллиард теңге бағытталады. Заңдық құжат депутаттар тарапынан қолдау тауып, мақұлданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51