Бұл елдер әлемдік ІЖӨ-нің 40%-дан астамын өндіреді. ТТӘ бірыңғай Тынық мұхиты нарығын құрып, сауда тарифтерін төмендету және ортақ ережелерді белгілеу арқылы 12 елдің сауда және инвестициялары үшін неғұрлым ыңғайлы ортаны қалыптастыруды көздейді. Бұл әріптестік АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың Азиядағы саясатының негізгі тірегі болды. ТТӘ-нің құрылуы арқылы Қытайдың жаһандық экономика ережелерін қалыптастыру қабілеті шектеліп, жұмысшылар мен қоршаған орта құқықтарын қорғау стандарттары орнатылады және АҚШ-тың жаңа нарықтарға кіруіне мүмкіндік беріледі деп күтілген болатын.
2016 жылғы 4 ақпанда тараптар бүкіл мүше мемлекеттер ратификациялағаннан кейін күшіне енетін ТТӘ-ні құру туралы келісімге қол қойды. Алайда, 2017 жылғы 23 қаңтарда сайлау науқаны кезіндегі уәделерден кейін АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-ты ТТӘ-ден шығару туралы өкімге қол қойған еді. АҚШ Конгресінің келісімді әлі ратификацияламағанына және АҚШ-тың ТТӘ-ден шығуының нышандық маңызы болғанына қарамастан, Вашингтонның Тынық мұхиты сауда келісімінен бас тартуы Қытайдың ТТӘ-ге қосылуына қатысты кейбір түсінбестіктер мен пікірталастар туғызды.
Қытайдың негізінен Аймақтық кешенді экономикалық әріптестік (АКЭӘ) шеңберінде экономикалық байланыстарды күшейтуге және сауданы арттыруға көңіл бөліп, ТТӘ-ге қатысу мәселесінде бейтарап қалғанын атап өткен жөн. АКЭӘ Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының (АСЕАН) 10 мүшесін және АСЕАН-мен еркін сауда туралы келісім жасаған басқа алты серіктестікті (Қытай, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия және Жаңа Зеландия) қамтиды. Бұл мағынада АКЭӘ құрамында Қытай мен Үндістан қамтылмаған ТТӘ-ге балама ретінде қарастырылады. Осылайша, Австралия премьер-министрі Малкольм Тернбулл тиісінше Жапония, Жаңа Зеландия және Сингапур премьер-министрлері Синдзо Абэ, Билл Инглиш және Ли Сянь Лунгмен консультациялар жүргізгеннен кейін ТТӘ мүшелерінің Қытай мен басқа да Азия елдерін сауда келісіміне қосылуға ынталандыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын атап өтті.
30 жылдық жедел экономикалық өсу үдерісінен кейін Бейжің инновациялық дамуды қамтамасыз ету, жасыл экономиканы дамыту және ел экономикасын жаңғырту қажеттілігін сезінуде. Ұзақ мерзімді даму жоспары негізінен әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және ғаламдық геосаясаттағы саяси белсенділігін арттыруға бағытталған Қытайдың «Сыртқа ашылу стратегиясымен» тығыз байланысты. Оңтүстік-Шығыс Азия инвестициялық тартымдылығы жоғары әрі нарықтары дамып келе жатқан ресурстарға бай аймақ болғандықтан, Қытай «Бір белдеу − бір жол» бастамасы (БББЖ) үшін стратегиялық маңызы бар аймаққа ерекше көңіл бөлуде. 2010 жылы АКЭӘ құрылғаннан бері АСЕАН Қытайдың ең ірі сауда әріптесіне айналды. Шын мәнінде, тараптар арасындағы сауда 1991 жылғы 7,9 млрд доллардан 2016 жылы 472 млрд долларға дейін өсті және жылдық көрсеткіш бойынша 18,5%-ға артты. 2015 жылы тараптар 2020 жылға дейін жалпы екіжақты сауданы 1 трлн долларға дейін арттыруды көздеп, еркін сауда туралы келісім аясында сауданы кеңейту мақсатында келісімге қол қойды.
2017 жылы қаңтарда өткен Давос Дүниежүзілік экономикалық форумында Қытай төрағасы Си Цзиньпин сыртқа ашылу арқылы сауда және инвестицияларды ырықтандыру мен жеңілдетуді ынталандыруға, сондай-ақ, протекционизм саясатынан бас тартуға шақырды. Бұл әрекет Қытайдың Транс-Тынық мұхиты әріптестігінен шыққан АҚШ-тың орнын алуға дайындық белгісі ретінде түсіндірілді. Алайда, Қытайдың ТТӘ-ге қосылу мүмкіндігі тікелей АҚШ-Қытай қатынастарына байланысты.
АҚШ Сауда өкілі кеңсесінің мәліметі бойынша, Қытай қазіргі уақытта АҚШ-тың ең ірі сауда әріптестері арасында бірінші орында тұр. 2016 жылы сауда-саттық көлемі 578,6 млрд долларды құрады. АҚШ-Қытай саудасы әлемдік экономиканың 40%-ын құрағандықтан, әлемдік саудадағы жетекші екі ел барған сайын бір-бірімен өзара байланысты болуда. Екі тарап та ағымдағы саяси келіспеушіліктерге қарамастан, экономикалық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін мойындайды. Бұл көзқарас Си Цзиньпиннің 2017 жылы 7 сәуірдегі АҚШ-қа ресми сапары барысында расталды. Сондықтан, Вашингтонмен экономикалық әріптестікке зиян келтірмеу Бейжің үшін де аса тиімді. Бірақ Қытайдың ТТӘ-ге қосылуы АҚШ пен Қытай арасында сауда қақтығыстары мен протекционизм саясатына әкелуі ықтимал екенін ескерсек, Қытайдың ТТӘ-ге қосылуға шешім қабылдауы одан сайын күрделене түсетіні түсінікті.
Сонымен қатар, мүше елдер Қытайдың ТТӘ-ге қосылуына әлі де ашық түрде қолдау көрсете қойған жоқ. Кейбір мүше мемлекеттер Қытай бастаған аймақтық сауда ТТӘ елдері үшін АҚШ-тың жетекшілігі кезіндегідей ыңғайлы болмауынан қауіптенетіндей. Уақыты келгенде ТТӘ мүшелері Қытайдың Азия-Тынық мұхиты келісіміне қатысу мәселесі бойынша шешім қабылдайды. Алайда, тараптардың осы мәселе бойынша ортақ пікірге келетініне қатысты ешқандай кепілдік жоқ.
Қорыта келе айтарымыз, ТТӘ қызметі әділ ережелер қолдана отырып ашық сауда-саттық жүйесін кеңейтуге бағытталғандықтан, Қытайдың елдің саудасы мен инвестицияларын сыртқа ашуын талап ететін келісім стандарттарын орындауы қиынға соғады. Алайда, Қытай ТТӘ-ге қосылатын болса, Үндістан, Оңтүстік Корея және АСЕАН мүшелері үшін жаңа сауда тетігін құруға мүмкіндіктер жасайтын келісімнің мүшесі болу және Азияда көптеген елдер арасында байланысты нығайту неғұрлым тартымды бола түсетіні анық.
Ажар СЕРІКҚАЛИЕВА,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері