Сапар аса маңызды, сонымен қатар, нәтижелі болады деген болжам бар. Өйткені, ол − халықаралық әріптестік жолындағы «Белдеу және Жол» форумынан кейін өткелі отырған алғашқы жиын. Ол форумда Си Цзиньпин мен Нұрсұлтан Назарбаев ынтымақтастықтың болашағын талқылау үшін оңаша кездескен болатын.
Қытай мен Қазақстан – бір-бірі үшін аса маңызды көршілер. 1991 жылы тәуелсіздік алған уақыттан бері екі ел үкіметтерінің белсенді іс-қимылдары арқасында Қазақстанның Қытаймен қарым-қатынасы дамып келе жатыр. Екі елдің қарым-қатынасы дипломатиялық байланыс орнатудан жан-жақты стратегиялық әріптестікке дейінгі ұдайы даму жолынан өтті. Тараптар саясат, экономика, қауіпсіздік, мәдени және адами байланыстардың тереңдігімен мақтана алады. Өзара сенім, екі жаққа да пайдалы, теңдікке негізделген ынтымақ қытай-қазақ қарым-қатынастары дамуының іргетасы болды. Осы принциптер арқасында тараптар көптеген маңызды нәтижелерге қол жеткізді.
Мәселен, Орталық Азия −Қытай газ құбырын дамыту үш кезеңнен де кедергісіз өтті. Бұл келісімде Қытай мен Қазақстанның мұнай-газ саласындағы әріптестігі шешуші маңызға ие. Бүгінде Бейжің мен Астана энергетика, ауыл шаруашылығы, тасымал, байланыс, құрылыс, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларында 26 млрд АҚШ долларынан аса инвестиция құйылатын 51 іскерлік келісімді іске асыру үстінде.
Нұрсұлтан Назарбаев – қытай халқының бұрыннан келе жатқан досы. Ол бүгінге дейін Қытайға 20-дан аса сапар жасады. Си Цзиньпинмен түрлі жиындарда кездесіп, жеке достық қарым-қатынас орнатты. Осылайша екі ел арасындағы ынтымақтастың мықты іргетасы қаланды.
Қазақстан − «Белдеу және Жол» жобасына қатысушы ғана емес, оны белсенді қолдайтын ел. «Белдеу және Жол» аясындағы алғашқы форум мамыр айында өтті. Бұл жиын аталған бастаманың халықаралық деңгейде кең қолдауға ие болғанын көрсетті. Және ол соңғы жылдардағы ең ірі жетістіктердің бірі болды. Мәселен, «Белдеу және Жол» жобасы мен Қазақстанның «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты арасында әріптестіктің тереңдеуі екі жаққа да тиімді болашақтан хабар береді.
Қытай мен Қазақстан негізін салушы елдер ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымын дамытуға маңызды үлес қосты. Олар ұйым аясындағы көптеген мәселелерге қатысты үйлесімді позиция ұстанып келеді.
Сапар кезінде Си Цзиньпин ШЫҰ елдері басшыларының 17-ші саммитіне қатысады. Бұл ұйым құрылғалы бергі аса маңызды жиындардың бірі болғалы тұр. Бірлестікке жаңадан екі ел – Үндістан мен Пәкістан кірмек. Бұл ұйымның құрылғалы бергі алғашқы кеңеюі болмақ. Геосаясат және халықаралық деңгейдегі ықпалы бойынша ШЫҰ келешекте үлкен өзгерістер әкеледі деген болжам бар. Тиісінше оған халықаралық қоғамдастықтың назары да көбірек ауатын болады.
Әлемдік қаржы дағдарысы әлі аяқталмаған, батыс елдері ішкі және сыртқы мәселелерде тығырыққа тіреліп, тереңнен қайта құру кезеңінде тұрған қазіргі жаһандық жағдайда Қытай өсім үрдісін көрсетіп, әлемге ықпалы күшейгенін көрсетуде.
Си Цзиньпиннің сапары Қытай мен Қазақстанның стратегиялық жан-жақты ынтымақтастығын бұрынғыдан да нығайтады және ШЫҰ жұмысына жаңа серпін береді деп күтілуде.
Ян ЖИН,
ШЫҰ Зерттеу орталығы жетекшісінің орынбасары