ЭКСПО-2017 • 09 Маусым, 2017

Ел тілегі – ЭКСПО-ны жоғары деңгейде өткізу

123 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысты жағымды жаңалықтар легі күн санап жаңаруда. Көпшілікті құлағдар ету мақсатында барынша салмақты, ілкімді дүниелерді іріктеп алудамыз. Әлем көз тіккен ғаламат шараның қазақтың астанасында ұйымдастырылуы, әлбетте әрбірімізге жауапкершілік жүктейді. Көрменің көп күткендей жоғары деңгейде өтуіне тілекшіміз. Осындай мүддеге жұмылған отандастарымыздың әрекеті тіпті көңіл қуантады.

Ел тілегі – ЭКСПО-ны жоғары деңгейде өткізу

Алматы күндері ән-күймен өрілмек

ЭКСПО аясындағы көпшілік басқосулардың бірі – Алматының мәдени күндері. 11-19 маусым аралығында өтетін жиында 400-ден астам эстрада жұлдызы, қол­өнерші, шығармашылық өкіл­дері шетелдік қонақтарға өнер­лерін паш етеді. «Қазақ­стан» орталық концерт залында ұйымдастырылатын «Махаб­батпен, Алматыдан!» атты ал­ғаш­қы концерттік бағдарламаға эс­трада жұлдыздары Роза Рым­баева, Қайрат Нұртас, Маржан Арапбаева, Мәдина Сәдуақасова, «Дос-Мұқасан», «Жігіттер» топтары, «Сарын» дуэті, «Салтанат» ансамблі және басқалар өнер көрсетпек. 12-16 маусым ара­лығында Алматы мемлекеттік қуыршақ театры Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма теа­трында күніне екі рет «Құ­лын­шақ пен Бөлтірік», «Веселые мед­вежата» атты үздік спек­такль­дерін қазақ және орыс тіл­дерінде ұсынады. 16-17 маусым аралығында «Алатау» дәс­түрлі өнер театры ұжымының «Жас­тар» театрында «Асқақтай бер, қа­зақтың сазды әуені» ат­ты му­зыкалық кеші өтеді.

Көпшілік апта бойы «Этноауыл Алматы» көрмесін тамашалайды. Мұнда үздік суретшілер мен қолөнершілер өз туындыларын қойып, шеберлік сабақтарына шақырады. 17 маусымда көрме қо­нақтары «Сазген сазы» фо­ль­к­лорлық-этнографиялық ан­сам­блінің концертін көрсе, келесі күні көрменің амфитеатрында мәдени күндердің «Асқар таулы Алматы!» атты қорытынды кон­церті өтеді. Оған ұлттық ән-күй өнерінің тарландары Асылбек Еңсепов, Ерболат Шалдыбеков, Ра­мазан Стамғазиев, Еділ Құ­сайынов, Шолпан Даржанова, Сәу­ле Жұмабай, «Ұлытау», «Арт Дала», «Алашұлы» топтары, «Же­тіген», «Сазген сазы», «Салтанат» ан­самбльдері және басқалар қаты­сады деп күтілуде.

Желаяқ Екібастұзға жетті

Мамыр айының соңында шы­ғыс­қа­зақстандық Ғалымжан Тоқ­тар ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрме­сіне қатысу үшін Аста­наға дейін жүгі­руге бел байлаған болатын. Ол өзінің бұл әрекеті арқылы елімізге және көрмеге қолдау көрсететінін жет­кізген. Өскемендегі Қабанбай батыр ескерткішінен бастап жүгір­ген марафоншы күні кеше Екі­бастұзға аялдап, тұрғындарды қаланың 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Марафоншымен Екібастұз қала­сының шетіндегі стеллада кездесіп, сұх­баттастық. Онда түскі сағат 12 кезін­де келген ол шамамен 10-15 минуттай аялдап, Павлодар – Астана автожолымен әрі қарай кетті. Жүгірісін 10 мау­сым күні Астанада аяқтайды. Сонда барлығы 1000 шақырым жолды жаяу бағындырмақ», дейді Екібастұз қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Талғат Сәкен.

Ғалымжан Тоқтар Өскемен қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор болып жұмыс істейді. ЭКСПО-2017 көрмесінің құр­метіне Астанаға дейін жаяу жүгі­ріп бару үшін 26 мамыр күні жолға шыққан ол күніне 10 сағат жүгіріп, шамамен 60-70 шақырым жолды артқа тастайды. Ауа райы қолайлы болса, 80 шақырымға дейін жеткізетінін айтқан. Ал спортшының жары Еркегүл Мұқият көлікпен іле­сіп, барлық жол барысын бейне­тас­паға түсіруде.

Ерікті қария ЭКСПО-ға қызмет етеді

Көрмеге қатысты тағы бір қызықты жаңалық: Астана қала­сы әкімдігі жастар саясаты мәсе­лелері басқармасының басшысы Асхат Оралов еріктілер арасында қарттар да бар екенін айтты. «Еріктілердің жүзге жуығы ересектер мен зейнеткерлер. Арнайы форма алған олар жұмысқа сақадай-сай. Ең үлкен еріктінің жасы жетпістен асқан, зейнеткер. Ең жасы он бесте, ол Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. 18 жасқа дейінгі барлық еріктілерді тек ата-аналарының рұқсатымен ғана қабылдадық», дейді әкімдік өкілі.

А.Оралов еріктілер құра­мының ұлттары да әртүрлі екенін жеткізді. Олардың қатарында тек астаналықтар ғана емес, шетелдік студенттер де бар екен. Мәселен, Қытайда білім алып жатқан, қытай және ағылшын тілдерін еркін меңгерген 24 студент шілде айында келеді және тамыз айында оларға тағы 59 адам қосылады. Сонымен бірге, Миландағы ЭКСПО-да ерікті болған 12 италиялық азамат өтінім берген. Олар маусым айының соңында келмек.

Ең белсенділері оқу гранттарын иеленеді

Жалпы, көрме жұмысына ерікті болуға үш мыңнан астам астаналық студент өтініш біл­дірген. Олардың арасынан ке­мінде үш тіл білетін 1500 ерікті ірік­телген. Айта кетерлігі, ЭКСПО-2017 көрмесінде 6 мың­нан астам ерікті жұмыс істе­се, 4500-і көрме аумағында, 1500-і әуежай, темір жол вокзалы, жедел мамандандырылған қыз­меттер, мәдени нысандар, қонақүйлер сынды қаланың маңызды нысандарында қызмет етеді. Ал қала әкімдігі ЭКСПО көрмесінде белсенділік танытқан 20 студентке бір жылдық оқу грантын бөлмек. Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Асхат Ораловтың мәлі­метінше, жеңімпаздарды су­первайзерлер (еріктілердің үй­лестірушілері) анықтайды. «Одан бөлек, олар алғыс хаттар, сый­лықтар мен жүлделер алады. Сондай-ақ, еріктілердің арнайы формасы әзірленді, онда үш жей­де, бейсболка, күрте, рюкзак және термос бар», дейді ол.

Тағы айта кетерлігі, ерік­ті­лердің барлығы «Ника» оқы­ту орталығында арнайы дайын­дық­тан өтіп, тәлім алған. Онда қала тарихы, Астананың көрікті орын­дары, ЭКСПО тарихын оқып, шетелдік қонақтармен келіс­сөздер жүргізудің қыр-сырын мең­герді. Оқыту аяқталған соң барша еріктіге сертификаттар тапсырылыпты.

Еріктілердің жемісті жұмыс істеуі үшін қала әкімдігі барлық қолайлы жағдайды жасады: бір ауысымда 500 ерікті қала­ға шығады, олар Л.Н.Гумилев атын­­дағы Еуразия ұлттық универ­­ситетінің студенттер үйіне тегін орналастырылады және бар­лығы ыстық тамақпен, тегін автобус билеттерімен қамта­масыз етіледі. Сонымен қатар, бос уақыттарында қалада өтетін негізгі концерттер мен іс-ша­­раларға тегін кіре алады және ерік­тілер үшін отандық жұлдыз­дармен бейресми кездесу, музыкалық кештер ұйымдастырылады.

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»