Алматы күндері ән-күймен өрілмек
ЭКСПО аясындағы көпшілік басқосулардың бірі – Алматының мәдени күндері. 11-19 маусым аралығында өтетін жиында 400-ден астам эстрада жұлдызы, қолөнерші, шығармашылық өкілдері шетелдік қонақтарға өнерлерін паш етеді. «Қазақстан» орталық концерт залында ұйымдастырылатын «Махаббатпен, Алматыдан!» атты алғашқы концерттік бағдарламаға эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас, Маржан Арапбаева, Мәдина Сәдуақасова, «Дос-Мұқасан», «Жігіттер» топтары, «Сарын» дуэті, «Салтанат» ансамблі және басқалар өнер көрсетпек. 12-16 маусым аралығында Алматы мемлекеттік қуыршақ театры Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрында күніне екі рет «Құлыншақ пен Бөлтірік», «Веселые медвежата» атты үздік спектакльдерін қазақ және орыс тілдерінде ұсынады. 16-17 маусым аралығында «Алатау» дәстүрлі өнер театры ұжымының «Жастар» театрында «Асқақтай бер, қазақтың сазды әуені» атты музыкалық кеші өтеді.
Көпшілік апта бойы «Этноауыл Алматы» көрмесін тамашалайды. Мұнда үздік суретшілер мен қолөнершілер өз туындыларын қойып, шеберлік сабақтарына шақырады. 17 маусымда көрме қонақтары «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концертін көрсе, келесі күні көрменің амфитеатрында мәдени күндердің «Асқар таулы Алматы!» атты қорытынды концерті өтеді. Оған ұлттық ән-күй өнерінің тарландары Асылбек Еңсепов, Ерболат Шалдыбеков, Рамазан Стамғазиев, Еділ Құсайынов, Шолпан Даржанова, Сәуле Жұмабай, «Ұлытау», «Арт Дала», «Алашұлы» топтары, «Жетіген», «Сазген сазы», «Салтанат» ансамбльдері және басқалар қатысады деп күтілуде.
Желаяқ Екібастұзға жетті
Мамыр айының соңында шығысқазақстандық Ғалымжан Тоқтар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысу үшін Астанаға дейін жүгіруге бел байлаған болатын. Ол өзінің бұл әрекеті арқылы елімізге және көрмеге қолдау көрсететінін жеткізген. Өскемендегі Қабанбай батыр ескерткішінен бастап жүгірген марафоншы күні кеше Екібастұзға аялдап, тұрғындарды қаланың 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Марафоншымен Екібастұз қаласының шетіндегі стеллада кездесіп, сұхбаттастық. Онда түскі сағат 12 кезінде келген ол шамамен 10-15 минуттай аялдап, Павлодар – Астана автожолымен әрі қарай кетті. Жүгірісін 10 маусым күні Астанада аяқтайды. Сонда барлығы 1000 шақырым жолды жаяу бағындырмақ», дейді Екібастұз қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Талғат Сәкен.
Ғалымжан Тоқтар Өскемен қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор болып жұмыс істейді. ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне Астанаға дейін жаяу жүгіріп бару үшін 26 мамыр күні жолға шыққан ол күніне 10 сағат жүгіріп, шамамен 60-70 шақырым жолды артқа тастайды. Ауа райы қолайлы болса, 80 шақырымға дейін жеткізетінін айтқан. Ал спортшының жары Еркегүл Мұқият көлікпен ілесіп, барлық жол барысын бейнетаспаға түсіруде.
Ерікті қария ЭКСПО-ға қызмет етеді
Көрмеге қатысты тағы бір қызықты жаңалық: Астана қаласы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Асхат Оралов еріктілер арасында қарттар да бар екенін айтты. «Еріктілердің жүзге жуығы ересектер мен зейнеткерлер. Арнайы форма алған олар жұмысқа сақадай-сай. Ең үлкен еріктінің жасы жетпістен асқан, зейнеткер. Ең жасы он бесте, ол Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. 18 жасқа дейінгі барлық еріктілерді тек ата-аналарының рұқсатымен ғана қабылдадық», дейді әкімдік өкілі.
А.Оралов еріктілер құрамының ұлттары да әртүрлі екенін жеткізді. Олардың қатарында тек астаналықтар ғана емес, шетелдік студенттер де бар екен. Мәселен, Қытайда білім алып жатқан, қытай және ағылшын тілдерін еркін меңгерген 24 студент шілде айында келеді және тамыз айында оларға тағы 59 адам қосылады. Сонымен бірге, Миландағы ЭКСПО-да ерікті болған 12 италиялық азамат өтінім берген. Олар маусым айының соңында келмек.
Ең белсенділері оқу гранттарын иеленеді
Жалпы, көрме жұмысына ерікті болуға үш мыңнан астам астаналық студент өтініш білдірген. Олардың арасынан кемінде үш тіл білетін 1500 ерікті іріктелген. Айта кетерлігі, ЭКСПО-2017 көрмесінде 6 мыңнан астам ерікті жұмыс істесе, 4500-і көрме аумағында, 1500-і әуежай, темір жол вокзалы, жедел мамандандырылған қызметтер, мәдени нысандар, қонақүйлер сынды қаланың маңызды нысандарында қызмет етеді. Ал қала әкімдігі ЭКСПО көрмесінде белсенділік танытқан 20 студентке бір жылдық оқу грантын бөлмек. Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Асхат Ораловтың мәліметінше, жеңімпаздарды супервайзерлер (еріктілердің үйлестірушілері) анықтайды. «Одан бөлек, олар алғыс хаттар, сыйлықтар мен жүлделер алады. Сондай-ақ, еріктілердің арнайы формасы әзірленді, онда үш жейде, бейсболка, күрте, рюкзак және термос бар», дейді ол.
Тағы айта кетерлігі, еріктілердің барлығы «Ника» оқыту орталығында арнайы дайындықтан өтіп, тәлім алған. Онда қала тарихы, Астананың көрікті орындары, ЭКСПО тарихын оқып, шетелдік қонақтармен келіссөздер жүргізудің қыр-сырын меңгерді. Оқыту аяқталған соң барша еріктіге сертификаттар тапсырылыпты.
Еріктілердің жемісті жұмыс істеуі үшін қала әкімдігі барлық қолайлы жағдайды жасады: бір ауысымда 500 ерікті қалаға шығады, олар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттер үйіне тегін орналастырылады және барлығы ыстық тамақпен, тегін автобус билеттерімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, бос уақыттарында қалада өтетін негізгі концерттер мен іс-шараларға тегін кіре алады және еріктілер үшін отандық жұлдыздармен бейресми кездесу, музыкалық кештер ұйымдастырылады.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»