Дүйім дүние назарын салып отырған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі ұлт абыройын тағы бір асқақтатып, мәртебесін көтеретін мәдени маңызды шара болғалы тұр. Ал айтулы көрмеге келіп қатысатын мәртебелі меймандарды, қадірменді қонақтарды қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан бай тарихы, көне шежіресі қызықтыратыны даусыз. Шын мәнінде халқымыздың айбыны мен рухы осы күні салтанат құрып, шарықтай түспек. Бұл тек Астана үшін ғана емес, өңірлер үшін де мерекемен қатар, үлкен жауапкершілік. Қазақ даласының ешқашан қайталанбайтын, бір-біріне ұқсамайтын қасиеті де осы күні көрме төрінен орын алады.
ЭКСПО-2017 көрмесіне мамыр айында Әулиеата өңірінен «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» атты керуен жолға шыққан болатын. Ай бойы алыс жолды бағындырып, Астана төріне жаяу жетуді мақсат еткен керуен қазіргі уақытта Меркі ауданына келіп жетті. Байзақ жерін басып, Құлан қырқасынан асып өтіп, жердің көркі атанған Меркіге келген керуенді меркіліктер қуана қарсы алды. Ауданда қазақтың салт-дәстүрлеріне орай қымызмұрындық, асық ату сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылып, керуен көпшілік көзайымына айналды.
Айтулы көрмеге айрықша құрмет көрсету міндет. Бұл тұрғыда ЭКСПО- 2017 көрмесіне Жамбыл облысының да әзірлеп отырған өзіндік сыйы бар. Облыс бұл тұрғыда әсіресе мәдени іс-шараларға басымдық беріп, әлемге қазақ мәдениеті мен өнерін танытуды көздеп отыр. «Ағымдағы жылдың 26 және 30 шілдесі аралығында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Астана қаласында Жамбыл облысының мәдениет күндері өтетін болады. Әулиеаталықтар әуелі ЭКСПО аумағындағы «Амфитеатрда» мәдени-көпшілік іс-шараларын өткізсе, қалған күндері қалалық «Қазанат» ипподромының аумағынан салынатын «Этноауылда» іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұнда күні бойы шеберлер ауылы, шеберлердің туындыларын сатуға арналған «Шығыс базары» орын алып, театрландырылған қойылымдар, концерттер мен ұлттық спорт ойындары өтеді. Мақсатымыз – халқымыздың бай мәдениеті мен тағылымды тарихын көрме кезеңін әлем азаматтарына насихаттау», дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев.
Жамбыл облысы ғасырлар бойы сақталған тарихымен танымал өңір. Тараз қаласының өзінде көне замандардан бүгінгі күнге жеткен жүздеген тарихи ескерткіштер бар. Талай тылсымды ішіне бүгіп тұрған Қарахан, Тектұрмас, Дәуітбай кесенелері, Қали Жүніс моншасы, ортағасырлық жерасты мешіті сияқты қадау-қадау қасиетті орындарымыз да отандық туризмді дамытуға айрықша серпін береді. Әрбір кірпішінен тарих төгіліп, тұңғиығынан қобыз сарыны естіліп тұратындай әсер ететін көне жәдігерлердің бәрі де келгендердің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Шаһар басшысы Рүстем Дәулет ЭКСПО- 2017 көрмесін тамашалау үшін қазақ жеріне ат басын бұрған шетелдік азаматтардың Әулиеата өңіріне де жолы түскен жағдайда, оған қаланың толықтай дайын екенін айтты. «Тәуелсіз қазақ елінің тарихындағы айтулы кезеңнің бәріміз үшін орны бөлек. Қаламыздан жыл сайын сәулетті ғимараттар бой көтеріп, баршамызға ортақ қызмет көрсетіп келеді. Достық үйінің бой көтеруі, «Ежелгі Тараз» музейінің салынуы мен бақылау мұнарасының ашылуы да шаһар тарихындағы айрықша оқиға. Енді келген қонақтардың көне Тараз қаласындағы Қарахан, Тектұрмас кесенелері мен облыс аумағындағы Ақыртас, Айша бибі кешендерін көріп, тамашалауына толық мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, шаһардың сервистік қызметі де барлық талаптарға сай жасақталған. Қауіпсіздік мәселесі де басты назарда», деді әкім.
Шынында да ЭКСПО көрмесі тарихымызды танытуға, мүмкіндігімізді көрсетуге арналған алаң. Сонымен қатар, Тараз қаласы шаһар тарихына арналған бейнефильмдер көрсетіп, өңірдегі тарихи жәдігерлер жайында фото-бейне өнімдерін тарту етпек. Ал осыдан алты жыл бұрын «Ежелгі Тараз» қалашығынан XVIII және ХХ ғасырлар аралығына жататын көне шырағдандар табылған болатын. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының қызметкері Алмас Мұхтаровтың айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени іс-шараларға арналған залында «Болашақ энергиясының арғы тегі – шырағдандар шеруі» атты көлемді экспозиция құрылып, бір ай бойы келушілерге қызмет көрсетеді.
Жамбылдықтар ЭКСПО көрмесіне атсалысуға және тамашалауға дайын. Сондай-ақ, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, көрмеге соғыс ардагерлері, алты жасқа дейінгі балалар, жетім балалар, барлық топтағы мүгедектер де тегін кіргізілетін болады. Студенттер, мектеп оқушылары, зейнеткерлер, көп балалы аналар 50 пайыз жеңілдікті билеттермен қамтамасыз етілген. Бұдан өзге де мәселелер жөнінде басқарма басшысы Қарлығаш Аралбекова айтып берді. «Тасымалмен қамтамасыз ету мақсатында «Тараз-Астана» бағыты бойынша аптасына 10 ұшақ Астана қаласына қатынайтын болады. Темір жол тасымалы бойынша 7 плацкарт, 6 купе вагондары бар Тараз – Астана – Тараз бағыты бойынша жолаушылар пойызы іске қосылады. Автомобиль тасымалымен «Dim Dimich & Company» ЖШС қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, «Профсоюз турист» ЖШС-і 50 орындық 3 автобуспен 2, 3 күндік турлар ұйымдастырады. ЭКСПО көрмесі өткізілуі кезеңінде Астанадағы ЭКСПО апартаменттері, қонақ үйлер, хостелдермен облыс тұрғындарын қабылдау бойынша «Baiterek Travel Center» ЖШС және «Кочевник» ЖШС келісімшарттарға қол қойылды», деді Қарлығаш Әмірқызы.
Тағы бір айта кетерлігі, ЭКСПО көрмесі іс-шараларының жоғары дәрежеде өтуіне атсалысу мақсатында облыстан 100 еріктілер дайындалған. Сондай-ақ, 40 азамат ағылшын курстарына қатысуда. Ал темір жол көлігі арқылы Астана қаласына жетуі мен кері қайтуына қажетті 3 миллион 600 мың теңге бөлінген.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне Жамбыл облысынан 100 мың адам қатысуы керек деп жоспарланса, бүгінгі күнге 64 516 билет сатылған. Бұл жұмыстар алдағы уақыттарда жалғасын табатын болады дейді тиісті мамандар.
Айтулы көрме ұлтымыздың тарихын өзгелерге танытып қана қоймай, еліміз туралы ерекше пікір қалыптастыратын да мүмкіндікке ие болады. Астана төрінде асқақтаған абырой мен биіктеген бедел бірінші кезекте халықтың, ұлттың, мемлекеттің мәртебесі болып табылмақ.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы