09 Маусым, 2017

Алғашқы тоқсанның айтары не?..

233 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел Үкіметі 2017 жылғы ІЖӨ көлемі 2,5 пайызға өседі деп жоспарлаған болатын. Мұндай есептеулер осы жылы мұнай бағасы барреліне $50-ден келеді және еліміздегі мұнай шығару көлемі 81 млн тоннаға өседі деген болжаммен жасалған.

Алғашқы тоқсанның айтары не?..

Бағымызға қарай өткен 3 ай ішінде әлемдік нарықтағы мұнай бағасы $54-дың маңайында орын алып тұрды. Соның арқасында статистиканың ағымдағы мәліметтерінде І тоқсандағы экономи­ка­мызда өндірілген ішкі жалпы өнім, 2016 жылы осы мезгілде 0,2 пайызға ке­­місе, биылғы жылғы осы кезеңде 3,4 пайызға өскен, бұл жоспарланған меже­ден әжептәуір жоғары. Ағымдағы ба­ға­­мен есептегенде 9%-дан асып, 10,2 трлн теңгені құраған. Ал доллармен өл­­шегенде, бұл көрсеткіш өткен жыл­дың осы мерзімімен салыстырғанда 20 пай­ызға молайып, 31,6 млрд долларға те­ңел­ген.

Осындай ахуал барысында, өнеркәсіп са­ласындағы табиғи өнім көлемі былтыр осы кезеңде 0,8 пайызға құлдыраса, би­ыл 5,8 пайызға өсіп отыр. Ауыл ша­руа­шылығы өндірген өнім көлемі 2,9 пай­ызға, құрылыс көлемі 7,1 пайызға өсті. 2016 жылмен салыстырғанда ІЖӨ-нің құрылымы да оң өзгеріске ұшы­раған. Өндірілген тауар көлемі 34,4-тен 35,5 пайызға көтеріліп, қызмет көрсету үле­сі 59,2-ден 57,1 пайызға төмен­де­ген. Мұндай құрылымдық өзгеріс тау­ар­ларға деген әлемдік бағалардың қым­баттауымен және өсу қарқынының үде­ті­луімен түсіндіріледі.

Сыртқы саудада оң өзгерістер орын алған. Аталған мерзімдегі Қазақстанның сыртқы сауда айналымы өткен жылғы мерзіммен салыстырғанда 24,2 пайыздан асып, 16,8 млрд долларға тең болыпты. Мұның ішінде экспорт 30 пайызға молайып, 10,8 млрд доллар болса, импорт 15,1 пайызға өсіп, 6 млрд долларға жеткен. Сонымен қатар, сыртқы сау­даның оң теңгерімі өткен жылғы осы кезеңде 3,8 млрд долларды құраса, биыл бұл көрсеткіш 4,8 млрд-ты құраған.

Статистика комитетінің мәліметіне на­зар салсақ, елімізде осы жылдың
І тоқсандағы орташа жалақысы 140265 тең­геге жетіп, былтырғы осы ке­зең­мен са­лыстырғанда 5,6 пайызға кө­те­ріл­ген. Доллармен есептегендегі тең­генің кү­шеюінің нәтижесінде ел тұрғын­да­­рының жалақылары мен табыстары нақты есеппен едәуір ұлғайып, 77355 теңгені құрап, атаулы есеппен 10,4 пай­ыз­ға, ал шынайы есеппен 2,4 пайызға өс­кен.

Алайда, осыдан 4 жыл бұрынғы көрсеткіштерге: жан басына шаққандағы 15 мың доллар ІЖӨ және орташа жалақы 700 доллардан асып түскен жетістіктерді қайтару үшін алған қарқынды еселей түсіп, теңге бағамын нығайта беруіміз қажет екені әркімге де түсінікті деп ойлаймыз. Бұған қоса, экономиканың қар­қын­ды дамуы бұрынғыша шикізатқа, әсі­ресе, мұнайға тәуелді болып отырғаны қын­­жылтады. Өйткені, экономикамыздың же­тіс­тіктері сыртқы фактор – әлемдік мұ­най нарқына тәуелді. Ол болса, өзгермелі, бүгін былай, ертең олай дегендей...

Ауыл шаруашылығының ахуалы қалай деген сұрақ исі қазақты мазалары сөзсіз. Сөз басында ауыл шаруа­шы­лығының жалпы өнімі 2,9 пайызға өс­ті деген едік, алайда, жақынырақ үңіл­сек, бәрі ойдағыдай дей алмаймыз. Ranking.kz агенттігінің жариялаған мәліметіне сүйенсек 2016 жылмен са­лыс­тырғанда І тоқсандағы шет елге экс­портталған ет өнімдерінің көлемі 45 пай­ызға құлдырап, небәрі 1,6 мың тоннаны құраған. Негізінен, Қазақстанда өндірілетін етті импорттаушы Ресей Федерациясы болып табылады. Оның Қазақстанның жалпы ет өнімдерінің экспортындағы үлесі 94,5 пайызды немесе 1,5 мың тоннаны құрайды. Алайда, был­тырғы осы кезеңмен салыстырғанда Ресейге экспортталатын ет өнімдерінің кө­лемі 15 пайызға кеміген. Басқа мемлекет­терге экспортталатын ет өнімдері де күрт қысқарған. Мәселен, Тәжікстанға экспорт 6 есеге кемісе, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытайға бірде-бір тонна ет жөнелтілмеген.

Сөз орайында еске сала кетейік, 2011 жы­лы ірі қара мал саласын дамыту ар­қы­лы Қазақстанның ет өнімдерін экспорттауын еселеп ұлғайту жайлы Үкімет қаулысы қабылданған еді. Соған сәйкес, 2011-2015 жылдарда ет өнімдерінің экспортын ұлғайту нәтижесінде, 2016 жылы 60 мың тонна, келесі 5 жыл сайын 180 мың тонна ет экспорттау межеленген болса, 2016 жылы бар болғаны 12 мың тонна ет өнімдері экспортталыпты.

Сайып келгенде, мәселенің түпкі се­бе­­бі неде десек, мәселе еліміздегі мал шаруашылығының ұсақталып, уақ ша­руашылыққа айналуында және егін ша­руа­шылығымен бұрынғыдай бір­лес­кен кәсіпорын бола алмауында деп ай­туға болады. Соның салдарынан ет өнім­де­рі­нің шынайы өзіндік құны өте қымбат бол­ғандықтан, оның экспорттық бағасын да ауылдағы өндірушілер мен делдалдар кө­теруге мәжбүр болып отыр. Жеделдете жүр­гізілетін ұсақ шаруашылықтарды коопе­рациялаудан үмітіміз зор.

Жангелді ШЫМШЫҚОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты