– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін Қазақстанға енгізу қандай қажеттіліктен туды?
– Бірінші мақсат – халықтың денсаулығын жақсарту үшін жасалып жатқан жұмыстардың қызмет сапасын одан әрі жетілдіру. Екінші – денсаулық сақтау саласындағы тұрақты қаржылық жүйені қалыптастыру. Өйткені, медицина саласына өте көп қаржы керек. Басқа мемлекеттерді алып қарайтын болсақ, Германия, Франция, АҚШ-та бұл жүйе бұрыннан қалыптасқан. Мысалы, Германияда МӘМС жүйесі екі ғасырдан бері қызмет етіп келеді. Олардың жүйесі халықты толықтай қамтамасыз етіп үлгерді. Ал еліміз тәуелсіздік алып, тәй-тәй басқанымыз кеше ғана. Сондықтан, бұл сақтандырудың тиімді тұстарын халыққа түсіндіру үшін әлі де болса атқарылатын шаруа көп. Біздің негізгі міндетіміз – аурудың алдын алу болғандықтан, ең алдымен, емханалардың жұмысын күшейту керек. Күнделікті өмірде саламатты өмір салтын сақтайық деген сөзді жиі айтқанымызбен, іске келгенде кері кетіп жатамыз. Өзіміздің өміріміз өз қолымызда болғандықтан, оған асқан жауапкершілікпен мән берген абзал. Балаларымызға да соны үйреткен жөн. Менің дәрігер болып жүргеніме 37 жыл болды. Осы уақыт аралығында түрлі адамдармен кездестім. Бірі ем алуға келсе, енді бірі кеңес сұрап келеді. Оларға денсаулықтың қадір-қасиетін қарапайым түрде түсіндіруге тырысамын. Мысалы, сіз қырық жасқа дейін өзіңіздің денсаулығыңызбен келісімшартқа отырып, несие аласыз, ал қырық жастан кейін сол алған несиеңізді үлкен пайызбен қайтарасыз. Тоқетерін айтқанда, әрқайсымыз өз денсаулығымыздың дәрігері болуды үйренуіміз керек.
– Жұмыссыз қалғандар немесе халықтың әлеуметтік жағдайы төмен бөлігі үшін бұл жүйе қиынға соқпай ма?
– Сұрағыңыз өте орынды. Дегенмен, аталған жүйенің сәтті жүзеге асуы үшін Үкімет жан-жақты даярлық жасады. Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен бөлігінің қаражат аударуға қауқары жетпеуі мүмкін. Сондықтан, мемлекет оларды 14 топқа бөліп, солар үшін қорға жарна төлейтін болады. Олардың ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, интернат мекемелерінде оқып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар, сондай-ақ, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру мекемелерінің күндізгі бөлімдерінде, жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер бар. Бұдан өзге жарна төлеуден бала тууға, бала асырап алуға және 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік қызмет және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде, сот шешімімен қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде айыбын өтеушілер, уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар босатылады.
– Бұрынғы жүйенің тиімсіздігі неде деп ойлайсыз?
– Тоқсаныншы жылдары егемендігімізді енді алып, есімізді жинай бастаған тұс еді. Экономикамыз да едәуір төмен болғандықтан, оның әсері аталған жүйеге де тимей өтпеді. Оның нәтижесіз аяқталуының бірден-бір себебі осы деуге болады. Ал қазіргі ұйымдастырылып жатқан қор бұрынғы қателікті қайталамайды. Әрине, қаржысынан қағылып қалған халықтың үрейі барын Үкімет сезіп отыр. Сол себепті осы жолғы сақтандыру жүйесіне арнап арнайы заң шығарылып, ол толықтай басшылықтың бақылауымен жүзеге асады. Қазақстанның қазіргі денсаулық сақтау саласында жүріп жатқан қарышты қадамдарды, қарқынды дамуды көзіміз көріп, көңіліміз марқаяды. Қиындықтарға мойымай, атар таңнан үлкен үміт күткен еліміз дегеніне қол жеткізді. Бүгінгі таңда трансплантология, ортопедия жасау өзімізде жүзеге асырылады. Мұның өзі осы саладағы бірден-бір жетістігіміз деп ойлаймын.
– Қаржыландыру жүйесі қалай жүзеге асады?
– Жұмыс берушілердің қызметкерлері үшін төлейтін міндетті медициналық сақтандыру жарнасының мөлшері жаңа заң жобасы бойынша, 2017 жылдың 1 шілдесінен – 1 пайыз, 2022 жылы 3 пайызға дейін көтерілмек. Сондай-ақ, жаңа заң жобасы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар, яғни жеке кәсіпкерлер және азаматтық құқық шарттары бойынша кіріс алушылар, басқа да жеке тұлғалар үшін 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап бірден кірісінің 5 пайызын қорға аудару көзделген. Ал қарапайым қызметкерлер жарнаны тек 2019 жылдан бастап төлейді.
Әңгімелескен
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»