Театр • 09 Маусым, 2017

Қаллеки театры − Қазанда

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Қазан қаласында өткен Түркі халықтарының ХIII «НАУРЫЗ» Халықаралық театр фестиваліне А.Чеховтің «Шие» комедиясымен қатысты. Фестиваль бағдарламасында Қазақстан, Ресей, Эстония, Башқұртстан, Алтай, Якутия, Хакасия елдерінің ең үздік 18 театр қойылымы ұсынылды.

Қаллеки театры − Қазанда

Еліміздің атынан барған Қаллеки театры «Шие» комедиясын К.Тинчурин атындағы Татар мемлекеттік драма және комедия театрында маусымның 6-сы күні сахналады. «Шиеге» мамандар қандай баға берді дегенге келсек, ресейлік сыншы Андрей Пронин: «Шие» спектаклінің режиссері − Сергей Потапов. Оның аты-жөні бүгінде брендке айналған. Спектакльде бізді астаналық театр труппасының кәсібилігі қуантты. Режиссердің шешімдері сауатты, жарқын, талантты түрде орындалды. Раневская секілді басты кейіпкердің жастығы, әдемілігі, тартымдылығы ғаламат. Әсіресе, бас кейіпкердің финалдағы ойыны жақсы әсер қалдырды. Актриса кәрі әйелдің образында шығып, өзіндік контраст жасай алды, – дегенді айтса, С.Амутбаев атындағы Татар драма театрының режиссері Дамир Самерханов комедия арқылы түркі мәдениеті мен орыс мәдениетінің байланысын көргенін айтады. «Бұл мәдениеттердің ерекшелігі – достасып та, кейде қақтығысып та параллель өмір сүре береді», дейді ол.

Спектакльдің режиссері – Якутиядан арнайы шақыртылған танымал театр және кино режиссері, Якутияның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ресейдің ұлттық театрларының арасында өтетін «Алтын маска» сыйлығының иегері Сергей Потапов. Спектакльдің бас суретшісі – Берік Бурбаев. Киім үлгісінің суретшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дизайнер, этнолог – Ханум Айдаш.

Режиссердің шешімі бойынша Л.Раневская бейнесін Шие есімімен театрдың жас актрисасы, «Золотой Витязь 2015» Халықаралық театр фестивалінің алтын диплом иегері Ақмарал Танабаева сомдайды. Сондай-ақ, спектакльде бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген театр әртістері К.Нұрланов, Қ.Қыстықбаев, Н.Өтеуілов, С.Қаш­қабаев, А.Аймағамбет, Д.Әлімов, Ш.Ордабаев, А.Ыбраева, А.Серкебаева, Ж.Ысқақова өнер көрсетеді.

Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»