Дамир Кәрімов өзінің қоғамдық жұмыстарымен белгілі азамат. Ол қоршаған ортаны қорғауды қолдайтын түрлі акцияларға белсене қатысып, Қарағандыдағы «PosadiDerevo.kz» қоғамдық қозғалысына жетекшілік етеді. Сонымен қатар, ол велосипедпен қысы-жазы жүретін облыс орталығындағы санаулы ғана адамдардың бірі.
– Мен туғанымнан тек 8 пайыз ғана көремін, – дейді ол. – Әлемді басқаша көрудің не екенін білмеймін. Мен кез келген адам секілді өз жұмыстарыммен айналысамын. Кезінде математика пәнінің мұғалімі маған: «Әлем басқаларына қандай талап қойса, саған да сондай талап қояды. Сондықтан сен өз-өзіңе жоғары талап қоюың керек», деген еді. Қазір сол ұстазымның айтқанын іс жүзіне асырып келемін деп ойлаймын.
Сейсенбіде таңғы 7:00-де Д.Кәрімов жалғыз өзі велосипедке отырып, Қарағандыдан Алматыға аттанды. Оның есептеуінше, ол 5-6 күн жол жүруі тиіс. Ол шатырда түнеуді жоспарлауда. Өзімен бірге велосипедті жөндейтін саймандарын, қаптөсек, бал, жаңғақтардан және кептірілген жемістерден құралған тағамдық қоспа алған.
– Тамақ пен суды жолдан ала саламын, онда тұрған еш қиындық жоқ деп ойлаймын, – деп жоспарларымен бөлісті ол. – Аш қалмасым анық. Менің алыс қашықтыққа велосипедпен саяхаттаған достарым жолда жүргізушілер тоқтап, су мен тамақ беретінін айтты. Алайда, көлікпен жеткізіп салуды ұсынса, бас тартамын. Мен барлық жолымды тек велосипедпен өтуді көздеп отырмын.
Дамир Кәрімов үшін бұл – алғашқы алыс саяхат. Осыған дейін ол әрі барса 120 шақырым қашықтыққа шыққан екен. Алматыдан саяхатшы пойызбен оралуды жоспарлап отыр.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы