Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми жоғары сот органының судьялар корпусы мен аппаратына Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің жаңа басшысын таныстырды. Бұл қызметке бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған Шәріпов Нұрсерік Кәрімұлы тағайындалды. Оның кандидатурасы Жоғары Сот Кеңесінің отырысында мақұлданды, сондай-ақ, Президент Әкімшілігімен келісілді. Департаменттің бұрынғы басшысы А.Тоқсаба басқа жұмысқа ауысты.
Департаменттің жаңа басшысын таныстыра келе, Қ.Мәми: «Нұрсерік Кәрімұлы Ұлт Жоспары шеңберінде жүргізілген сот жүйесінің барлық соңғы реформаларының өңірдегі тікелей орындаушысы болды. Оның көп жылғы судьялық өтілі және соттар жұмысын ұйымдастыру бойынша тәжірибесі бар. Осыны ескере отырып, оны тұтас сот әкімшілігі жүйесінің басшысы лауазымына тағайындау туралы шешім қабылданды», - деді.
Қ.Мәми Абай Тоқсабаның атқарған жұмысына алғысын білдіріп, оның республика судьяларының VII съезін ұйымдастыру мен өткізуге қосқан үлесін атап өтті және алдағы жаңа қызметіне табыс тіледі. Жоғарғы Сот Төрағасы А.Тоқсабаға ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» ведомстволық медалін табыстады.
Сонымен қатар, Қ.Мәми Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының жаңа ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Қаудыров Төлеш Ерденұлын таныстырды.
«Төлеш Ерденұлының ғылыми-академиялық салада ұзақ жылғы тәжірибесі бар, бірқатар жоғары оқу орындарында басшылық лауазымдарда жұмыс істеген, Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық Кеңестің мүшесі болып табылады. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Қазақ гуманитарлық-заң университеті институтының директоры болып қызмет атқарды», - деді Жоғарғы Сот Төрағасы.
Теория мен сот практикасын өзара байланыстыру мақсатында Сот төрелігі академиясының вице-ректоры лауазымына судья, заң ғылымдарының докторы Раззақ Нәзиля Раззақбайқызы тағайындалды. Осы уақытқа дейін Н. Раззақ Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі соттың төрағасы болып қызмет атқарды.
Қ.Мәми Сот төрелігі академиясы Ұлт Жоспарының 18-қадамын іске асыру мақсатында құрылғанын, оның негізгі міндеті жаңа формациядағы судьяларды даярлау және сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу болып табылатындығын атап өтті. Дәл осы себептен Академия басшылығы ауыстырылды. Таяу уақытта жоғарыда аталған барлық міндеттер бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс.
Сот төрелігі академиясының бұрынғы басшылығы атқарып отырған лауазымдарынан өз еріктерімен босатылды.
Жоғарғы Сот Төрағасы жаңадан тағайындалғандардың барлығын құттықтай келе, оларға алдағы қызметтерінің табысты әрі жемісті болуын тілеп, жақын арада олардың атқаруы тиіс басым міндеттерін айқындап берді.
Шәріпов Нұрсерік Кәрімұлы 1965 жылы дүниеге келген.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «заңтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ҚазМУ-дің әкімшілік құқық кафедрасының ассистенті, Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының азаматтық және рақымшылық жасау бөлімінің референті болып жұмыс істеді.
1995-2007 жылдары Алматы қаласының Фрунзе ауданы халық сотының судьясы болды.
2007-2010 жылдары Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы және Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы қызметтерін атқарды.
2010-2012 жылдары Маңғыстау облыстық сотының сот алқасының төрағасы лауазымында жұмыс істеді.
2012 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болды.
Қаудыров Төлеш Ерденұлы 1955 жылы дүниеге келген.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «заңтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Заң ғылымдарының докторы, профессор.
1977-1990 жылдары – ҚазМУ-дің ассистенті, аға оқытушысы, доценті, заң факультеті деканының орынбасары.
1990-1992 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің қызметкері.
1992-2002 жылдары – Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Ұлттық патенттік ведомствоның төрағасы қызметін атқарды.
2003-2007 жылдары «Әділет» жоғары құқық мектебінің азаматтық құқық және азаматтық процестің жеке-құқықтық пәндер кафедрасын басқарды, сондай-ақ, «Әділет» жоғары құқық мектебі заң академиясының ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры қызметін атқарды.
2007-2008 жылдары – Каспий қоғамдық университетінің «Әділет» заң академиясының директоры.
2002-2017 жылдары – Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Азаматтық-құқықтық зерттеулер институтының директоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық ынтымақтастық қызметінің басшысы.
2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Халықаралық Кеңестің мүшесі.
Раззақ Нәзиля 1976 жылы дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтын бітірген. Заңгер, экономист, «мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша бакалвр. Заң ғылымдарының докторы.
1993-1996 жылдары – Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық оркестрінің заң кеңесшісі.
1996-1999 жылдары – Жамбыл облыстық сотының алқа хатшысы.
1999-2000 жылдары – «Алан» ЖШС-нің заң кеңесшісі.
2000-2003 жылдары – «Ақпараттық жүйелер орталығы» КМК заңгері.
2003-2011 жылдары – Атырау қаласы №2 сотының судьясы және Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы.
2011-2014 жылдары – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің бас консультанты, Бөлім меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі.
2014 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі сотының төрағасы қызметін атқарды.