Әлем • 09 Маусым, 2017

Жапон императоры — мемлекет пен ұлт бірлігінің символы

1626 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Жапон тарихындағы 125-шi ел билеушісі болып есептелетiн Акихито — 1933 жылы император Хирохито мен Нагано ханшайымның әулетiнде дүниеге келген тұңғыш ұл.

Жапон императоры — мемлекет пен ұлт бірлігінің символы

Акихито 1940-1952 жылдар аралығында Гакушюин колледжінде оқыған. Бастауыш мектепте оқып жүргенде соғыс басталып, басқа да оқушылармен бірге Токио қаласынан Никко жаққа көшіріледі. Акихито Никкода 1945 жылға дейін тұрады. 1952 жылы  Гакушюин университетінің  саясат және экономика факультетінің  саясаттану бөліміне оқуға қабылданады. Ол Гакушюинде білім алумен қатар жапон тарихы, Ата Заң, жапон әдебиеті, т.б. пәндер бойынша қосымша сабақ алады. Осы жылдың қараша айында Акихито ресми түрде  мұрагер ханзада атанады.  1953 жылы студент кезінде Солтүстік Америка мен Батыс Еуропаның 14 мемлекетіне алты айлық саяхат жасаған.  Осы сапарында ол Шйова императорының өкілі ретінде Елизавета ІІ-нің Лондонда өткен таққа отыру салтанатына қатысады.

 Акихито университетті 1956 жылы бітіріп, 1959  жылдың сәуірінде Шйода Мичикоға үйленеді. Премьер-министр басқаратын Сарай Кеңесі Акихитоның Мичикоға үйленуіне жасырын түрде келісім береді. Мұрагер ханзаданың үйлену салатанатын тамашалауға 500 000 адам жиналған деседі. Бұл оқиға соғыстан кейінгі Жапония үшін  алғашқы зор қуаныштың бірі еді.

1989 жылдың 7 қаңтарында Акихитоның  таққа отыруы мемлекеттік маңызы бар рәсім әрі діни ғұрып «дайджйоусай» ретінде аталып өтеді. Акихитоның таққа отыру салтанатына 158 мемлекеттің басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады. «Мен өмір бойы халқыммен бірге боламын және Ата заңды сақтаймын» деді ол, сөйлеген сөзінде. Келесі күні жапон тарихындағы жаңа кезең, Акихитоның билік дәуірі «Хэйсэй» басталады.

Бүгінге дейін мәртебелі император Акихито мен оның жұбайы 37 мемлекетте ресми сапармен болған. Акихито биологиямен, ихтиологиямен айналысады. Жапония ихтиологтар қоғамының мүшесі ретінде теңіз балықтары жайында 30 ғылыми еңбегі жарық көрген. Император Акихито Жапониядағы балық атаулыны суреттерімен таныстыратын «Жапон архипелагының балықтары» (1984)  деген кітаптың шығуына ұйытқы болған ғалым. 1985 жылы Үнді және Тынық мұхиттардың балықтарына арналған екінші дүниежүзілік конференцияны басқарған.

1986 жылы Лондонның Линнеан қоғамының, 1992 жылдан Лондон зоологиялық қоғамының және 1997 жылдан Аргентинаның жаратылыстану ғылымдары институтының құрметті мүшесі атанады. Сондай-ақ халықаралық биологтар қоғамының мүшесі болып қабылданады. Император Акихито 100 ғалымның басын қосып, император сарайына қарасты ормандардағы жасыл табиғат пен аңдарды қорғауға арналған ғылыми жобаны дайындаған.

Осы жобаға кіретін сарайдың Фукиагэ бағы көпшілік назарынан жасырын өсірілуде. Жасыл желекке оранған бұл бақтың бір шеті ғана 2007 жылдың мамыр айында бір топ адамға таныстырылды. Император Акихито сондай-ақ Австралия мұражайының ғылыми қызметкері. Ол 1998 жылы ғылымға сіңірген өлшеусіз еңбегі үшін Лондон монархиялық қоғамы тағайындайтын Король Чарлз ІІ медалының тұңғыш иегері атанған. Акихито тарихты қадірлейтін, мәдени құндылықтарды сыйлайтын император ретінде танымал. Ол 1992 жылы «Science» журналында «Early Cultivators of  Science in Japan» мақаласында алғашқы жапон ғалымдарын еуропалық оқырмандарға таныстырған.

Мәртебелі император сондай-ақ отбасымен сарай қарамағындағы орманды күту, егістік жерлерді баптау сияқты жұмыстарға да араласады. Император әулетіне тән ежелден келе жатқан дәстүр бойынша сарай аумағындағы күріш алқаптарындағы жұмыстарға да қатысады. Акихитоның әкесі Шйова императорының 1927 жылы енгізген ережесіне сай, сарай өзіне қажетті күрішті өз егістігінде өсіруі керек. Император Акихито егін жинау маусымында күріш орумен де айналысады. Қарапайымдылық құндылықтарды бағалайтын ел басшысы зайыбы екеуі ел өміріндегі шараларға қатысып, қоғамның бір бөлігі екендігін таныта біледі. Осы уақытқа дейін мәртебелі император мен ханшайым балалар мен мүгедектерге арналған 400-ден астам іс-шараға қатысқан. Жапониядағы табиғи апаттар орын алған өңірлерге де уақытында барып, тұрғындармен кездесіп, жылы сөздерін жеткізуді өздеріне міндет деп біледі.  Мәселен, 1995 жылғы орасан зілзаладан зардап шеккен Хйого префектурасына тікұшақпен барып, аймақты шағын автобуспен таңертеңнен кешке дейін аралап, жағдаймен тікелей танысқандығын ақпарат құралдары жазды. 

Император әулеті ұлттық өнер мен әдебиетті қастерлейді. Тарихы ежелгі «Манйошю» антологиясынан басталатын вака жырын бүгінгі император әулетінің мүшелері де жаза біледі. Мұрагер ханзада кезінің өзінде Акихито мен жұбайы өздерінің жыр жинағын шығарған. Император Акихито халықтың сұрауымен 1997 жылы жаңа жырларын бастырды. Қаңтар айында император сарайында дәстүрлі жаңа жылдық мүшайра өтіп тұрады.  Осындай әдеби кеште император әулетінің мүшелері жазған вака жырлары мен қарапайым тұрғындар шығарған өлеңдер оқылып, іріктелген жырлар жинақ етіп баспадан шығарылады. 1999 жылы мәртебелі императордың таққа отыруының он жылдығына орай оның «Мичи» (Жол) деп аталатын жинағы шықты. Бұл кітапқа мәртебелі императордың баяндамалары мен вака поэмалары енген.

Мәртебелі ханшайым Мичиконың балалар жазушысы екендігін көпшілік біле бермейді. 1991 жылы «Хаджмэтэно яманобори» (Алғаш тауға шығуым) деген балаларға арналған әңгімелер жинағы суретті кітап болып жарық көрді. 1992 жылы балалар жазушысы Мичио Мадоның «Доубутсутачи» (Аңдар), «Фушигина покетто» (Таңғажайып дорба) деген екі кітабын мәртебелі ханшайым ағылшын тіліне өзі аударып, суретті кітап түрінде АҚШ-та бастырып шығарды.

Мәртебелі ханшайымның аударуының арқасында Мичио Мадо Азияда алғашқы боп  Ганс Христиан Андерсен атындағы сыйлыққа ие болды. 1998 жылы балаларға арналған Ганс Христиан Андерсен атындағы сыйлықты тағайындайтын комиссияның өтініші бойынша мәртебелі ханшайым  «Reminiscences of Childhood Readings» деген тақырыпта баяндама жасап, оның мәтіні екі тілде шыққан  «Building Bridges» деген кітапқа енді.  Кейін бұл кітаптар басқа да шет тілдеріне аударылды. Мичико ханшайым 2002 жылы Андерсен атындағы сыйлықты тағайындайтын ұйымның шақыруымен Швейцариядағы Базель қаласында балалар әдебиетіне арналған конгреске қатысып, сөз сөйледі.  Ол еңбегі «From Basel – to those  who bring books and children together» деген тақырыпта кітап болып жарық көрді. 2005 жылы мәртебелі ханшайымның вака жыр жинағы ағылшын және жапон тілдерінде жарық көрді.

Мәртебелі императордың жары Шйода Мичико 1934 жылдың 20 қазанында Токиода туған. Ұн тартатын ірі компанияның  басшысы Шйода Хидэсабуроның  үлкен қызы.  Ата-анасы зиялы адамдар болған.  Бұл әулеттің екі мүшесі көрнекті ғалымдарға тағайындалатын императордың «Мәдениетке сіңірген еңбегі үшін»  жоғары академиялық наградасымен марапатталған.  Шйода Мичико Футаба бастауыш мектебінде білім алып, Токионың Әулие Жүрек университетiн тәмамдаған. Студенттер ұйымын басқарған ол сол кездің өзінде мейірімді, достыққа адал жан ретінде төңірегіне танылған. Бүгiнде Жапонияның «Қызыл жарты Ай» қоғамының Құрметтi Президентi болып отырған мәртебелі ханшайым әдебиет пен өнерге жақын, пианино мен арфада ойнайды, кесте тігіп, тоқыма тоқиды. Бақшадағы гүлдерді күткенді жақсы көреді. Мичико ханшайым император әулетінің ансамблінде пианист, ақсүйек музыканттардан құралған Гагаку сарай ансамблінде де өнер көрсетеді. Өнер фестивальдерінің өтуіне де ұйытқы боп жүр.

2009 жылдың сәуір айында мәртебелі император мен ханшайымның үйленгеніне 50 жыл толуына байланысты салтанатты шара өткізілді. Император сарайында өткен алтын тойға Жапониядағы үйленгеніне елу жыл толған барлық жұптар қонақ ретінде шақырылды.

Өзінің еңбексүйгіштігімен көпшіліктің қошеметіне бөленген мәртебелі ханшайым балаларын тәрбиелеуде ешкімге салмақ салмаған деседі. Монархиялық әулеттерге тән бала күтуші, аспаз, жеке қызметші дегендердің бірін де ұстамаған. Үш баласын да күтушінің көмегінсіз өзі бағып, тәрбиелеген. Ханшайым таңертең балаларын мектепке жіберерде олардың түскі тамағын өзі әзірлеп, сөмкелеріне салып береді екен. Мәртебелі император пресс-конференциялардың бірінде айтқанындай, Мичико ханшайым  көзі тірісінде ата-енесін де ерекше құрметтеген. Акихитоның анасы 2000 жылы дүние салғанға дейін Мичико ханшайым  апта сайын барып, хал-жағдайын сұрап тұрған.

Мичико ханшайымның тағы бір даралығы, ол император сарайындағы орталықта жібек құртын өсірумен айналысады. Бұл дәстүрді Акихитоның әжесі, Мэйдзи императордың зайыбы Шйоукен 1871 жылы бастаған деседі. Мичико ханшайым тұт ағашының алқаптарын аралап, жібек өндірудің бүкіл процестеріне өзі араласады. Жібек құртын тұт ағашының жапырақтарымен қоректендіру ісімен де өзі шұғылданады. Сарайға қарасты орталықта ханшайымның өз қолынан шыққан жібек жіптерден кездеме тоқылады. Бұл кездемелер Нарадағы Шйоусоуин деп аталатын сарайда сақталған мыңдаған жылдық тарихы бар көне жәдігерлерді реставрациялауға пайдаланылады.

Император Акихито мен Мичико ханшайымның Нарухито, Акишино есімді екі ұлы мен Саяко деген қызы бар. Мұрагер ханзаданы император сарайындағы Кеңес сайлайды. Бұл Кеңесті премьер-министр басқарады, құрамына император әулетінің мүшелері, парламенттің кеңесшілер палатасы мен  уәкілдер палатасының спикерлері, Жоғары соттың бас судьясы кіреді.

Мұрагер ханзаданы жапондар «коутайши» дейді. Ал тақ мұрагері, яғни императордың немересі коутайсон (императордың ұлы немересі) деп аталады. «Мұрагер ханзада» титулы туралы жазба деректер ҮІІ ғасырдан жеткен.  Бұған дейін тақ мұрагері атауын бейнелеуде екі иероглифтен тұратын   «ооэ» (ұлы аға) титулы қолданылған. 1949 жылғы «Император әулеті туралы заңның» 8-ші тарауында императордың мұрагер ұлы «мұрагер ханзада» деп жазылған.

Мұрагер ханзада  Нарухито 1960 жылы 23 ақпанда дүниеге келген. 1982 жылы  Гакушюин университетінің әдебиет факультетінің тарих бөлімін бітірген.  Жапон көлігінің орта ғасырлық тарихын зерттеген. Одан соң Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінің аспирантурасында оқыған.  Нарухито ХҮІІІ ғасырдағы Темза өзеніндегі көлік қатынасы туралы зерттеу жүргізген.

Мұрагер ханзада 1988 жылдың наурыз айында  докторантураның 1-ші дәрежесін бітіреді.  Гакушюин университетінде  арнаулы лекциялар оқиды. Қазір мәртебелі ханзада университеттің Тарихи зерттеулер орталығының мүшесі.  1991 жылы құрметті ғылым докторы атағын алған.  1991 жылдың ақпан айында мұрагер ханзада титулын алғаннан бері Нарухито Акихито әулетінің өкілі ретінде шет елдерге ресми іс-сапарлармен барып тұрады. Сонымен қатар ол қоғамдық жұмыстармен айналысады. Кезінде ата-анасы атқарған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған олимпиада ойындарының ашылуына қатысу тәрізді функцияларды да мұрагер ханзада атқаруда. 

Мұрагер ханзада Нарухито жас кезінен қабілетімен ерекшеленіпті. Төрт жасынан бастап скрипкада ойнаған. Гакушюин университетінің оркестріне қабылданған соң альтқа ауысқан. Студент кезінде достарымен бірге шекті аспаптар ансамблін құрады. Мұрагер ханзада сондай-ақ «Жапон альпинистер қоғамының» мүшесі ретінде альпинизммен шұғылданады, тенниспен әуестенеді. 

1986 жылы 26 жасар Нарухито болашақ жары Овада Масакомен салтанатты қабылдауда танысқан. Императордың үлкен келіні Овада Масако 1963 жылы Токиода туған.  Сыртқы істер министрінің орынбасары, Овада Хисаши мен жары Юмиконың  үлкен қызы. Әкесі БҰҰ-ның халықаралық сотының төрағасы болған. Масакодан басқа егіз қыздары бар. Масако дипломат әкесімен бірге балалық шағын шет елде өткізеді. Әкесі Мәскеу мен Нью-Йоркте ұзақ жылдар жұмыс істеген. Мәскеуде тұрған кезінде екі жасар Масаконы ата-анасы жергілікті бала-бақшаға берген.

1971 жылы Масако Токиоға оралып, қыздарға арналған атақты Дэнэнчоуфу футаба деген жекеменшік мектепке қабылданады.  Одан соң қайтадан шет елге сапар шегеді. Әкесі АҚШ-тағы Бостан қаласындағы консулдыққа ауысып, Жапония елшісінің көмекшісі қызметін атқарады. Мектепті бітірген Масако Гарвард университетіне оқуға түсіп,  1985 жылға дейін экономика факультетінде білім алады. Сондай-ақ Оксфордтағы колледжде халықаралық қатынастар саласы бойынша оқиды. Бірақ оқуын аяқтамастан 1986 жылы Жапонияға оралған Масако Токио университетінде оқиды. Ана тілінен бөлек ағылшын, француз тілдерінде еркін сөйлейді, неміс, орыс, испан тілдерін біледі.

Әкесінің ықпалымен Масако дипломат мамандығын таңдайды. 1986 жылы Гарвардтағы оқуын бітіріп, Жапонияға оралған Масако Токио университетіне қызметке кіреді. Бір жыл өткенде күрделі квалификациялық емтихандарды тапсырып, Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа орналасады.  Овада Масако 1988 жылы Сыртқы істер министрлігінің бағыттауымен Оксфорд университетінде оқу үшін Англияға барады. 1990 жылы елге оралған ол Сыртқы істер минстрлігінің Солтүстік Америка бөлімінде жұмыс істейді.

Овада Масако мұрагер ханзадамен алғаш рет Токио университетінде оқып жүргенде кездескен. Салтанатты шараға шақырылған отыз қыздың ішінен мұрагер ханзада Масаконы таңдайды. Бұл салтанатты шараға Масако ең соңынан шақырылған деген дерек бар. Арулардың тізіміне Масаконың аты бірден жазылмауының да себебі бар. Өйткені оның нағашы атасы елге экологиялық зиян әкелген өндіріс ошағын басқарған. Яғни, 1953-1956 жылдары Масаконың атасы ашқан өндіріс орнынан шыққан улы зат өзенге ағып, балықтар арқылы қырықтан астам адам уланған деседі. Экологиялық апатқа себепкер болған адамның жиені император әулетіне келін болуы тосын оқиға саналып, қоғамда әртүрлі пікірлердің тууына себепкер болды.

1993 жылдың 9 маусымында синтоистік дәстүр бойынша мұрагер ханзада Нарухито мен Овада Масаконың үйлену тойы болады. Масако  2001 жылдың 1 желтоқсанында Айко есімді қызды (ресми титулы Тошиномия)  дүниеге әкеледі. Заң бойынша егер Айко  қарапайым адамға тұрмысқа шықса бұл титулынан айырылады.

Дәстүр бойынша немерелердің аттарын император қою керек, алайда мұрагер ханзада мен Масако ханшайым қызына есімді өздері таңдапты. Императордың немересінің есімі «махаббат», «бала» деген мағынадағы екі иероглифтің бірігуінен тұрады. Мұрагер ханзада мен ханшайым ежелгі заман философы Мэн-цзының «басқаларды жақсы көретін адам ғана сүйікті болады, өзгелерді сыйлай білетін жанды да басқалар құрметтейді» деген сөзін негізге алған деседі. Айко ханшайым 2005 жылдан Токиодағы ұлттық балалар сарайында оқи бастайды. 2006-2008 жылдар арасында Гакушюин балалар бақшасында тәрбиеленеді. Ол қыш ыдыс жасауды, гимнастикамен айналысуды және гүл бақшаны күтуді жақсы көреді. 2008 жылы Гакушюин  бастауыш мектебіне оқуға барған Айко ханшайым 2014 жылдың сәуірінен бері Гакушюин орта мектебінде білім алуда. Сумоу тамашалағанды ұнатады, өлең жазып, пьесаларға сценарий дайындайды. Сондай-ақ фортопиано мен скрипкада ойнап, ән салады екен. 2001 жылы  Нарухито ханзаданың алғашқы баласы Айко ханшайымның дүниеге келуіне байланысты Австралия теңге сарайы 300 данамен 1 килограмдық күміс тиындарды шығарды.

Ежелгі жапон аңыздарында елді сегіз ханшайымның билегені туралы жазылған. Алайда 1947 жылғы заң бойынша мұрагерлік тақ ұл балаға берілуі керек. Сондықтан жапон қоғамында «қыз да болса тұңғыш немере мұрагер бола ма?» деген мәселе төңірегінде әңгімелер өрбуде. Өйткені, қазіргі императордың екінші баласы Акишиноның бір ұлы бар. 1965 жылы дүниеге келген Акишино Гакушюин мектебінде білім алады. 1996 жылы Жапонияда доктор дәрежесін иеленеді. Каллиграфияның шебері әрі теннис ойнағанды ұнататын Акишино студент кезінде теннистен Кантоу аймағындағы  алғашқы ондыққа кірген деседі.

Оның зайыбы Акишино ханшайым (бұрынғы аты Кико Кавашима) 1966 жылы туған. Ол 1990 жылдың маусым айында Акишино ханзадаға тұрмысқа шыққан соң император әулетінің мүшесі болып қабылданады.  Императордың екінші келіні Гакушюин университетінде психология магистрі дәрежесін алған. Қазір Жапонияның туберкулезбен күрес  ассоциациясының төрайымы, «Жапон Қызыл крест қоғамы» президентінің орынбасары ретінде жұбайымен бірге ресми, қоғамдық  шараларға қатысып тұрады. Акишино ханзаданың қарамағына 9 ұйым бар.  Акишиноның зайыбы  1991 және 1994 жылдары Мако, Како есімді қыздарды дүниеге әкелген. Ал  2006 жылдың 6 қыркүйегінде Хисахито есімді ұл бала туды. Бұл соңғы 41 жылда император әулетінде туылған алғашқы ер бала.

Императордың жалғыз қызы Саяко 1992 жылы Гакушюин университетін бітірген. Құстар табиғатын зерттеумен айналысады. 2005 жылдың қараша айында Токио муниципалитетінде қызмет атқаратын Йошики Курода есімді дизайнерге тұрмысқа шыққан соң «мәртебелі ханшайым» деген титулынан айырылады. Император сарайының басқармасының шешімімен Саяко 152,5 миллион иен (1,3 миллион доллар) сыйақымен ұзатылады. Қарапайым азаматқа тұрмысқа шыққан Саяко бір реттік сыйақыны алған соң император әулетінің мүшесі болып есептелмейді.  Йошики Курода  негізінен ата-тегі ақсүйек (кадзоку)  болғанмен, 1947 жылы титулынан айырылғандықтан қарапайым әулет боп есептеледі. Курода тегін иеленген Саяко күйеуінің кеңесімен  орнитологиялық институттағы қызметін де тастайды.

Қазақстан тарихында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Күншығыс еліне төрт рет ресми іс-сапармен барды. 1994 және 1999 жылдары Елбасының Токиоға барған сапарында екі жақты маңызды құжаттарға қол қойылды. 2008 жылдың шілде айында Жапонияға сапары кезінде Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі император Акихитоны екі ел арасындағы достықтың нығаюына қосқан үлесі үшін «Алтын қыран» орденімен марапаттап, Қазақстанға шақырған болатын.

2016 жылы 7 қарашада Елбасы Жапонияға ресми іс-сапары барысында император Акихитомен кездесті. Жапон басылымдары («Асахи», «Нихонкэйдзай шинбун») бұл кездесудің екі мемлекет үшін маңызы туралы жазып жатты. Бұл кездесуде жапон сарбаздары (Сібір әскери тұтқындары) мен жекелеген тұрғындардың концлагерге, бір бөлігі Қазақстанға айдалғаны туралы айтылды. Император сарайы басқарамасының мәліметіне сүйенсек, туған жерінен жырақта өмір сүрген жапондар туралы әңгіме қозғалып, император Қазақстанға барған жапон азаматтарын халықтың жылы қабылдағаны үшін алғыс айтты. «Асахидің» жазуынша, Қазақстан Президентінің сөзін жапон императоры зор ықыласпен, мұқият тыңдаған.

 2013 жылдың 23 желтоқсанында император Акихитоның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен салтанатты қабылдауда қазақ пен жапон халықтарының достығының нышаны ретінде Күншығыс елі жайында жазылған «Күншығыс аңыздары» және «Қызыл қақпаның құпиясы» деп аталатын еңбектерімізді қолтаңба жазып, Жапонияның Төтенше және Өкілетті елшісі Камохара Масайошиге тарту еткен болатынбыз.

2017 жылдың маусым айында Жапония Парламенті император Акихитоға көзі тірісінде тағын өз мұрагеріне тапсыруға рұқсат ететін арнайы Заң қабылдады. Бұл Заңға сәйкес мұрагер ханзада Нарухито таққа 2019 жылдың 1 қаңтарында  отырады деп күтілуде.

Шарафат Жылқыбаева

жапонтанушы